Құрылтайда “СҚ-Фармация“ сатып алуларын тексеру талап етілді

Дәрі-дәрмектер. Фото:depositphotos.com

"СҚ-Фармация" жұмысындағы түйткілдер мен оның сатып алуларын қайта тексеру қажет екені туралы Құрылтай депутаттары тағы да мәселе көтерді. Депутат Асылхан Қожахметов компанияға қатысты кәсіпкерлерден шағымдар әлі де түсіп жатқанын, ал кейбір мәселелер шешімін таппай отырғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.

Мәселе неде?

"СҚ-Фармация" бұған дейін де бірнеше рет депутаттық сауалдардың нысанына айналған болатын. Асылхан Қожахметовтің айтуынша, сөз дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауы, ұзақ мерзімді шарттар жасасудағы мәселелер, отандық өндірушілердің мемлекеттік сатып алуларға қолжетімдігі, дәрі-дәрмек жеткізілімдеріндегі іркілістер, сондай-ақ мемлекеттік аудит барысында анықталған көптеген заңбұзушылықтар сияқты мәселелер туралы болып отыр.

Жарнама
Жарнама

Енді, Қожахметовтің мәлімдеуі бойынша, "СҚ-Фармацияның" сатып алу ережелерін қолдану тәжірибесіне қатысты жаңа сұрақтар туындаған.

Депутаттың сөзінше, кейбір кәсіпкерлер "СҚ-Фармация" отандық өндіруші мәртебесін әртүрлі тәсілмен тексеретінін айтып шағымданады. Соның салдарынан кейбір қатысушылардан мұны растау талап етілсе, басқалардан мұндай құжаттар мүлдем сұралмайды немесе сатып алуға қатысып қойғаннан кейін ғана талап етіледі екен. Қожахметов ережелердің барлығына бірдей болуы тиіс екенін алға тартты.

Сондай-ақ, депутат 223 лотты қамтитын 2027 жылға арналған медициналық бұйымдарды сатып алу науқанына қатысты жекелеген күмән келтірді. Қазақстандық өндірушілер өздеріне қойылатын талаптар бірдей емес және әрдайым ашық бола бермейді деп есептейді.

"Нәтижесінде, өндіріске, жұмыс орындарын құруға және өзінің өндірістік базасын дамытуға инвестиция салған отандық өндіруші ел экономикасы алдында осындай міндеттемелер алмайтын қатысушылармен салыстырғанда неғұрлым қолайсыз жағдайға тап болады. Бұл мемлекеттік саясаттың отандық өндірісті қолдау және өндірісті жергіліктендіру жөніндегі негізгі қағидаттарына қайшы келеді", – деді депутат.

"СҚ-Фармацияны" тексеру талап етілді

Депутат "СҚ-Фармация" ережелерді барлық отандық өндірушіге бірдей қолдануы тиіс деп санайды. Сондай-ақ, ол жосықсыз қатысушылар тізіліміндегі компаниялардың сатып алуларға қатысуын және 2027 жылға арналған медициналық бұйымдарды сатып алу науқанын тексеруді ұсынды. Егер заңбұзушылықтар анықталса, оның күші жойылып, кінәлілер жауапқа тартылуы мүмкін.

Ол шағымдардың қаралу тәртібіне де назар аударды.

"Кәсіпкерлердің Денсаулық сақтау министрлігіне немесе Бас прокуратураға жолдаған "СҚ-Фармацияның" іс-әрекетіне қатысты шағымдары қарау және жауап дайындау үшін шағым нысанының өзіне қайта жіберіледі. Мұндай өтініштерді формалды түрде қарау тәжірибесін тоқтату қажет", - деп түйіндеді Қожахметов.

2025 жылдың маусымында Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов елдегі қазіргі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін қатаң сынға алған болатын..

Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек "СҚ-Фармация" ЖШС-не жүргізілген тексеру барысында анықталған түрлі деректер бойынша Бас прокуратураға арыз дайындап жатқанын хабарлады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Жарнама
Жарнама