Қазақстанда қай жерлерде дәрігерлер жетіспейді: Денсаулық сақтау министрлігі өңірлерді атады

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесінің кадрларға деген мұқтаждығы кейінгі екі жылда азайғанына қарамастан, дәрігерлер тапшылығы әлі де сезіліп отыр. Мамандар жетіспеушілігі қай өңірлерде басым екенін Tengri Health тілшісі анықтап көрді.

Қазақстанның қай облыстарында дәрігерлер жетіспейді

2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, елдегі дәрігерлерге деген қосымша қажеттілік 3869,5 штаттық орынға жетті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі біздің сауалымызға берген жауабында мәлімдеді.

Жарнама
Жарнама
Анықтама: штаттық орын - бұл штаттық кестеде қарастырылған, белгілі бір жүктемесі бар бір лауазым.

"Екі жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесінің дәрігерлерге деген мұқтаждығы 994,25 штаттық орынға азайды: 2024 жылғы 1 қаңтардағы 4863,75-тен 2026 жылғы 1 қаңтарда 3869,5-ке дейін төмендеді", - делінген хабарламада.

Бұл ретте тапшылық өңірлер арасында біркелкі емес.

Медицина қызметкерлері ең көп жетіспейтін қала - Астана (801,25 штаттық орын). Екінші орында - Алматы (439,75.

Бұл міндетті түрде тура 801 адам жетіспейді дегенді білдірмейді: Денсаулық сақтау министрлігі келтірген көрсеткіш ашық тұрған бос орындардың санын көрсетеді.

Толық жұмыс күніне шаққанда бұл 801 қызметкер, алайда бір ставканы екі немесе бірнеше адам бөліп алуы мүмкін. Алматыда 439,75 орын бос тұр - бұл шамамен толық ставкадағы 440 қызметкер.

Келесі кезекте:

  • Маңғыстау облысы - 270,5;
  • Ақмола облысы - 259;
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 248,25;
  • Түркістан облысы - 233,25;
  • Жетісу облысы - 215,25 штаттық орын.

"Бұл өңірлерде медицина қызметкерлерін тарту және тұрақтандыру бойынша қосымша іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - деп толықтырды министрліктегілер.

Қандай медицина мамандары тапшы?

Бүгінде ең айқын тапшылық алғашқы буын мамандарына, яғни емханаларда жұмыс істейтіндерге және кейбір бейінді дәрігерлерге тиесілі. Сөз мына мамандар туралы болып отыр:

  • терапевттер - 262,25 штаттық орын;
  • жалпы практика дәрігерлері - 258,75 штаттық орын;
  • сәулелік диагностика дәрігерлері - 222,75 штаттық орын;
  • акушерлер - 223,25 штаттық орын;
  • клиникалық зертхана лаборанттары - 207,5 штаттық орын;
  • хирургтар - 175,5 штаттық орын;
  • анестезиолог-реаниматологтар - 173,5 штаттық орын;
  • психиатриялық бейіндегі дәрігерлер - 166,5 штаттық орын;
  • педиатрлар - 151,75 штаттық орын;
  • кардиологтар - 132,5 штаттық орын;
  • онкологтар - 109,25 штаттық орын.

Орта медициналық персоналға келетін болсақ, ең үлкен қажеттілік жалпы практикадағы мейіргерлерге тиесілі - 530,75 штаттық орын.

Денсаулық сақтау министрлігі кадр тапшылығы туралы деректер жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру және медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін бөлу кезінде ескерілетінін атап өтті.

Ауылдық жерлерде тапшылық азайып келеді

Министрлік ауылдық денсаулық сақтау саласындағы кадр мәселесіне жеке тоқталды. Соңғы екі жылда мұнда дәрігерлерге деген қосымша мұқтаждық 312,5 штаттық орынға, ал орта медициналық персоналға - 146,5 орынға қысқарған.

"Әсіресе 2023-2025 жылдардағы динамика айтарлықтай. Ауылдық жерлердегі дәрігерлерге деген қажеттілік 28,4 пайызға - 1121,5-тен 803,5 штаттық орынға дейін төмендеді", - делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі тапшылықтың азаюын өңірлерге мамандар тарту бағдарламалары және олардың ұзақ уақыт жұмыс істеуі үшін жағдай жасаумен байланыстырады.

Кадр тапшылығын жоюдың бір жолы - медициналық білім беру ұйымдары түлектерін жұмысқа бөлу.

2026 жылы 5951 жас маман денсаулық сақтау ұйымдарына бөлініп, бекітілген. Олардың 1736-сы немесе 29,2 пайызы ауылдық елді мекендерге жіберілген.

Медицина мамандарын өңірлерге тарту үшін мемлекет оларға түрлі қолдау шараларын ұсынады.

Мысалы, әкімдіктер өңірлік деңгейде айқындайтын аса тапшы мамандық иелеріне ауылға кемінде бес жылға жұмысқа ауысқан кезде жергілікті бюджеттен біржолғы 100 ТЖА (8 500 000 теңге) төленеді.

Анықтама: 2026 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы - 85 000 теңге.

Сондай-ақ, министрлік мәліметінше, "Дипломмен – ауылға" бағдарламасы бойынша жас мамандарға 100 АЕК (432 500 теңге) көлемінде көтерме жәрдемақы төленеді. Сонымен қатар, олар республикалық бюджет есебінен тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 2500 АЕК-ке (10 812 500 теңге) дейін бюджеттік несие ала алады.

"Бұдан бөлек, әкімдіктер жергілікті бюджеттен бір миллионнан 10 миллион теңгеге дейін қосымша қаражат бөле алады. Медицина қызметкерлеріне қызметтік және басқа да тұрғын үй беріледі, балаларын мектепке дейінгі ұйымдарға орналастыруға көмектеседі және көлік шығындарын өтейді. Өңірлер кадрларға деген жергілікті қажеттілікті ескере отырып, қосымша қолдау шараларын белгілей алады".

Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, 2025 жылы 1714 жас маман 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы алды. Тағы 727 медицина қызметкері баспанамен қамтылса, тапшы мамандықтар бойынша 529 маман 100 төменгі жалақы (ТЖ) көлемінде біржолғы төлем алды.

2026 жылдың бірінші тоқсанында 290 адам әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Жарнама
Жарнама