ПОДЕЛИТЬСЯ
Жамбыл облысында хирургтер 2,5 жасар баланың асқазанынан трихобезоарды - шаштан түзілген тығыз түйінді алып тастау үшін күрделі ота жасады, - деп хабарлайды Tengri Health.
Жамбыл облыстық көпсалалы балалар ауруханасының мамандары асқазандағы түзілісті тексеру кезінде анықтаған.
"Балада невротикалық бұзылыстар бар, соның салдарынан ол өз шашын жейді", - деп түсіндірді Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.
Шаш қорытылмайтындықтан, ол біртіндеп жиналып, асқазанда түйінге айналады. Бұл трихобезоар деп аталады. Кей жағдайларда ол іштің ауруына, жүрек айнуына, құсуға және тәбеттің төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін.
Дәрігерлер тығыз жиналған түйінді толығымен алып тастады. Оның ұзындығы шамамен 10–12 сантиметр, ал ені 7–9 сантиметр болды.
Күрделі хирургиялық отаны дәрігерлер Эльбрус Салпагаров пен Әлімжан Әукенов жасады.
"Уақтылы диагностика мен хирургиялық көмектің арқасында баланың жағдайын тұрақтандыру мүмкін болды, отадан кейін ол қажетті ем қабылдауды жалғастырды".
Бала қазірдің өзінде үйіне шығарылды.
Соңғы кездері жаңалықтарда дәрігерлердің балалар мен жасөспірімдердің асқазанынан салмағы кейде бір келіге дейін жететін шаш түйіндерін алып жатқаны туралы ақпараттар жиілеп кетті.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас балалар психиатры Ольга Александрованың айтуынша, шашты жұлу, шайнау және жұту әдеті күйзеліс, невротикалық жағдайлар немесе психикалық бұзылыстармен байланысты болуы мүмкін.
Бірақ мұндай мінез-құлықтың әрқайсы психикалық аурудың белгісі емес - кейде ол күйзеліске реакция ретінде басталып, біртіндеп әдетке айналады.
Егер бала үнемі шаш жесе, оны жұлса, тырнағын тістесе немесе терісін зақымдаса, әсіресе бұл мінез-құлықтың күрт өзгеруі, ұйқының бұзылуы және жоғары мазасыздық аясында байқалса, мамандар бұған назар аударып, кеңес алуға жүгінуді ұсынады.
Сондай-ақ дәрігерлер мұндай жағдайлардың алдын алу үшін балаларға мұқият болу қаншалықты маңызды екенін ескертті.