ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда балаларды профилактикалық медициналық тексеруден өткізу ережелері өзгерді. Tengri Health балалардың қай жаста және қалай тексерілетіні, кімдерге дене шынықтыру сабағынан босату берілетіні және ата-аналар үшін ненің маңызды екенін баяндайды.
Балаларды профилактикалық тексеруден өткізудің жаңартылған ережелері 30 тамыздан бастап қолданысқа енді. Біз медициналық қызметтерге ақы төлеу саласындағы сарапшы-практик, нормативтік-құқықтық базадағы өзгерістерді зерттеп, талдап жүрген Әсел Егімбаевадан құжаттың бұрынғы және жаңа редакциясын салыстырып беруді сұрадық.
Ол, ең алдымен, кейбір тексерулерді жүргізу жасының өзгергеніне назар аударады.
Бұдан бөлек, профилактикалық тексеру кезінде бір айдан он сегіз жасқа дейінгі балаларға пульсоксиметрия жасалады, бұл - қанның оттегімен қанығу деңгейін өлшеу.
Егімбаева айтқан тағы бір маңызды жаңалық - арнайы бағалау парақтары. Медицина қызметкерлері соларды пайдалана отырып, баланың денсаулық көрсеткіштерін: есту қабілетін, көру өткірлігін, жүйке және эндокриндік жүйелердің күйін, стоматологиялық және басқа да көрсеткіштерді анықтауы тиіс.
"Алты жасқа дейінгі пациенттерді бейінді балалар мамандары тексереді. Алты жастан кейін денсаулықты бағалаудың бірінші кезеңін ішінара педиатр немесе жалпы практика дәрігері, тіс дәрігері және офтальмолог немесе хирург кабинеттерінің медбикелері жүргізеді. Егер медбикелер ауытқуларды анықтаса, бала педиатрға немесе жалпы практика дәрігеріне жіберіледі", - деп түсіндіреді сарапшы.
Өзгерістер медициналық араласуға ерікті түрде ақпараттандырылған келісім беру мәселесіне де қатысты болды. Ол бұрын да бар болатын, бірақ қазір оны ресімдеу талабы профилактикалық тексеру жүргізу ережелеріне тікелей енгізілді.
"16 жасқа дейін келісімді ата-анасы немесе басқа заңды өкілі береді, ал 16 жастан бастап кәмелетке толмаған бала оны өзі ресімдей алады - бұл "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексте қарастырылған", - деп нақтылады Егімбаева.
Тексеру нәтижелері ата-аналарға медициналық цифрлық жүйе немесе мобильді қосымша арқылы қолжетімді болуы керек екені бөлек жазылған.
Ережелерде дене шынықтырумен айналысуға арналған төрт топ егжей-тегжейлі бекітілген: негізгі, дайындық, арнайы және босатылған топтар. Бұрын олардың саны екеу - негізгі және арнайы болатын.
Қазір топтар келесідей бөлінеді:
Сарапшы ең басты өзгеріс ретінде баланың бұдан былайғы маршрутын атайды. Қосымша тексеруге жолдама бұрын да болған, бірақ енді бұл процесс толығырақ жазылған.
"Егер тексеру кезінде ауру белгілері анықталып, бірақ бірден диагноз қою мүмкін болмаса, бала тіркелген жері бойынша педиатр немесе жалпы практика дәрігері арқылы бейінді маманға жіберіледі. Цифрлық жүйеде кеңес алу, қажетті талдаулар тапсыру және әрі қарайғы бақылауды қамтитын бағыт автоматты түрде қалыптасуы тиіс", - деп түсіндірді спикер.
Бұдан бөлек, ережеге оқушылардың денсаулығын сауықтырудың жеке алгоритмі қосылды. Онда баланы қосымша тексеруге кім жіберетіні, ата-аналарды кім хабардар ететіні және емдеу мен ұсынымдардың орындалуын кім бақылайтыны көрсетілген.
Әсел Егімбаева балаларды динамикалық бақылау аясы да кеңейіп жатқанын айтады. Бұған дейін ол тек денсаулығы үшінші, төртінші және бесінші топқа жататын, яғни созылмалы аурулары бар балалар үшін қарастырылған болатын.
"Енді оған екінші топ та енгізілді. Яғни, созылмалы ауруы әлі жоқ, бірақ ағза жұмысында ауытқулар немесе қауіп факторлары анықталған балалар да бақылауға алынады", - дейді ол.
Сарапшының түсіндіруінше, өзгерістердің мәні - ата-аналар профилактикалық тексеру қорытындысын алып қана қоймай, баланың бойынан қандай ақаулар табылғанын, қандай тексерулерге жолдама берілгенін көріп, оның жағдайын әрі қарай бақылау қажеттігін түсінуі тиіс.
"Яғни, профилактикалық тексеру қандай да бір мәселесі анықталған балаға көмек көрсетудің түсінікті жол картасының бастауына айналуы керек", - деп түйіндеді спикер.
Егімбаева профилактикалық тексерулердің бұрын да жүргізілгенін атап өтті: емханаларда балалар тізімі жасалып, мамандардың мектептер мен балабақшаларға шығуы ұйымдастырылатын. Алайда қазір кейбір процедуралар өзгертіліп, нақтыланды - бұл маңызды ақпарат.