ПОДЕЛИТЬСЯ
Астана тұрғыны әлеуметтік желіде қалалық емханалардың біріне хабарласып, жаңа туған нәрестесіне үйге дәрігер шақыртқанын айтты. Алайда, оның сөзінше, медицина қызметкері сол күйі келмеген.
Біз үйге дәрігер шақырту жүйесі қалай жұмыс істейтінін, маман қандай жағдайларда келуге тиіс екенін және ол келмеген жағдайда не істеу керектігін анықтадық - толығырақ Tengri Health материалында.
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, "дәрігерді үйге шақырту" мемлекеттік қызметтер санатына жатады.
Дәл осы ереже электрондық үкімет порталы арқылы өтінім берген кезде де қолданылады.
Бұл ретте әрбір шақыртуға міндетті түрде дәрігер келе бермейді. Пациенттің жағдайына байланысты үйге учаскелік медбике немесе фельдшер келуі мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медицина қызметкерлері мынадай жағдайларда шақыртуға келе алады:
Егер пациенттің жағдайы дәл дәрігердің қарауын қажет етсе, маман үйге келеді. Бұл қажеттілікті алғашқы медико-санитарлық көмек ұйымының тіркеу бөлімі, учаскелік медбике немесе шақыртуды орындағаннан кейін фельдшер анықтай алады.
Сондай-ақ медицина қызметкері мынадай пациенттерге үйге келеді:
"Бес жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдер мен босанған әйелдерге денсаулығы нашарлаған кез келген жағдайда үйінде қызмет көрсетіледі", - деп толықтырды министрліктің баспасөз қызметі.
65 жастан асқан пациенттердің қозғалысы шектелген болса, мамандар олардың үйіне барады.
Егер медицина қызметкері себепсіз шақыртуға келмесе, пациент шағым түсіре алады.
АМСК ұйымдарында науқастарды қолдау қызметі жұмыс істейді. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау басқармасына хабарласуға болады.
Біз Денсаулық сақтау министрлігінен дәрігер шақыртуға келмеген жағдайда медициналық ұйымның жауапкершілігі қарастырылған ба деп сұрадық.
"Пациенттерге үйінде қызмет көрсету - дәрігердің функционалдық міндеттерінің бірі. Сондықтан ереже бұзылған жағдайда ол тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін", - деп түсіндірді ведомство өкілдері.