“Бас сүйегінен шығып кеткен“: Түркістан облысында әйелдің миынан үлкен ісік алынды

Нейрохирург дәрігер Айдос Молдабеков. Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Ұлттық нейрохирургия орталығында 74 жастағы пациенттің басынан көлемі 15 сантиметр болатын үлкен ісік алынды. Дәрігерлердің айтуынша, ісік миды қысып, бас сүйегінен шығып кеткен, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.

Бас сүйек асимметриясы және бас айналу: не болды?

Науқаста аурудың алғашқы белгілері 2019 жылы пайда болған. Ұлттық нейрохирургия орталығының ота жасаған нейрохирург дәрігері Айдос Молдабековтің айтуынша, әйел әр жылдары Алматы мен Мәскеу нейрохирургтеріне қаралып, бақылауда болу туралы кеңес алған.

Жарнама
Жарнама

"Бірақ ауру өрши берді. Пациент бізге кейінгі айда пайда болған бас сүйегінің айқын асимметриясына байланысты көмекке жүгінді", - деп түсіндірді дәрігер.

Оның сөзінше, әйел қатты бас айналуына, жалпы әлсіздікке және бастың қысып ауыруына шағымданған.

Тексеру нәтижесінде оның сол жақ маңдай-төбе-самай аймағында атипті үлкен менингиома түзілгені анықталды.

Анықтама: Атипті менингиома - ми қабығының ісігі, ол қарапайым менингиомамен салыстырғанда жылдам өсуімен және қайта пайда болу қаупінің жоғарылығымен ерекшеленеді.

"Көлемі 12 × 14 × 15,94 сантиметр болатын ісік бас сүйегінің сыртына жайылған, бұл бас миының қатты қысылуына және оның орталық құрылымдарының ығысуына әкеп соқтырған", - деп атап өтті Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі.

Науқастың отаға дейінгі бас сүйегінің рентген суреті. Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Ота қалай өтті?

Тексеруден кейін және консилиумда клиникалық жағдайды егжей-тегжейлі талқылай келе, мамандар ісіктің көлемі мен оның қанмен қамтамасыз етілу ерекшеліктерін ескере отырып, емдеуді екі кезеңде жүргізу туралы шешім қабылдады.

Алдымен тамырлы нейрохирургтер Нұрсұлтан Махамбетов пен Бауыржан Құнақбаев суперселективті церебральды ангиография мен ісік тамырларын рентгенэндоваскулярлық ішінара эмболизациялауды жүргізді. Қарапайым тілмен айтқанда, мамандар ісіктің қанмен қамтамасыз етілуін ішінара бұғаттады. Бұл науқасты емдеудің келесі кезеңіне дайындауға мүмкіндік берді.

Анықтама: Суперселективті церебральды ангиография - бұл бас миы тамырларын аз инвазивті зерттеу әдісі, ол дәрігерлерге ісікті нақты қай тамырлар қоректендіріп тұрғанын дәл анықтауға мүмкіндік береді. Ол үшін күретамырдың шағын пункциясы арқылы ми тамырларына жіңішке катетер өткізіліп, контрастты зат енгізіледі және рентген көмегімен тамыр жүйесінің егжей-тегжейлі бейнесі алынады. Рентгенэндоваскулярлық эмболизация - бұл аз инвазивті процедура, мұнда дәрігерлер қан тамырына енгізілген жіңішке катетер арқылы ісікті қоректендіретін тамырларға жетіп, арнайы материалмен ондағы қан ағымын ішінара жабады.

Содан кейін нейрохирург Айдос Молдабеков профессор Нұржан Рыскелдиевтің жетекшілігімен нейронавигацияны қолдана отырып, ісікті микрохирургиялық жолмен алып тастады.

Анықтама: Нейронавигация - бұл ота кезінде нейрохирургке бас миында бағыт-бағдарды дәл анықтауға көмектесетін компьютерлік жүйе.

"Сондай-ақ қатты ми қабығына пластика жасалды және титан пластинасын қолдану арқылы бір мезгілде краниопластика (бас сүйек ақауын қалпына келтіру бойынша хирургиялық ота) жүргізілді", - деп толықтырды Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі.

Айдос Молдабековтің айтуынша, ісік тамырларын ішінара бұғаттау процедурасы 2,5 сағатқа, ал оны алып тастау тағы бес сағатқа созылған.

Науқастың отадан кейінгі бас сүйегінің рентген суреті. Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығы

Науқастың жағдайы туралы не белгілі?

Қазір 74 жастағы әйел дәрігерлердің бақылауында болып, отадан кейінгі оңалтудан өтіп жатыр.

Бұған дейін бет-жақ хирургтерінің он жылдан астам уақыт бойы осы дерттен зардап шеккен әйелдің жақ асты аймағынан алып ісікті алып тастағаны туралы жазған болатынбыз.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Жарнама
Жарнама