ПОДЕЛИТЬСЯ
Атырау облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (КҚГҚ) алғашқы жағдайы тіркелді. Бұған дейін бұл өңірде аталған ауру ешқашан анықталмаған. Инфекция еліміздің батысына қалай келді және облыс тұрғындары үшін қаншалықты қауіпті екенін Tengri Health тілшісі анықтап көрді.
Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Атырау облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы алғаш рет тіркелді. Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы тұрақты, ол қажетті медициналық көмекті алып жатыр.
Ұлттық орталық ауру жұқтырған адам осыдан екі аптадан аса уақыт бұрын анықталғанын атап өтті. Осы уақыт ішінде онымен байланыста болғандардың ешқайсысына вирус жұқпаған. Вирустың жаңа жағдайлары тіркелген жоқ.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының директоры Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, бұл - жақсы эпидемиологиялық көрсеткіш. Дегенмен, дәрігерлердің тілімен айтқанда "байланыста болғандар", соның ішінде медицина қызметкерлері әлі де бақылауда.
"Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен Атырау облысына мамандар жіберілді. Олар өңірдегі әріптестерімен бірлесіп, эпидемиологиялық зерттеу және қажетті профилактикалық әрі індетке қарсы іс-шараларды жүргізді", - деп хабарлады ведомство.
Орталықтың мәліметінше, бүгінде инфекция ошағы оқшауланды.
Мамандар бұл жағдайдың Атырау облысы үшін ерекше эпидемиологиялық маңызы бар екенін айтады. Бұған дейін өңір Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эндемиялық аумаққа жатпайтын. Қарапайым тілмен айтқанда, мұнда бұл инфекция бұрын-соңды анықталмаған.
"Тарихи мәліметтерге сәйкес, облыс тұрғындары арасында аурудың зертханалық тұрғыдан расталған жағдайлары бұрын тіркелмеген. Бірақ жағдайды бағалау кезінде мамандар өңірдің географиялық орналасуын, атап айтқанда КҚГҚ-ның табиғи ошақтары бар Ресейдің Астрахан облысымен шектесетінін де ескерді", - деп атап өтті Ұлттық орталықтың баспасөз қызметі.
Сарапшылар жағдайды бағалау кезінде трансшекаралық фактор ескерілетінін, бірақ оның өзі ғана инфекцияның тарау көзі екенін білдірмейтінін айтады.
Мамандардың айтуынша, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы табиғи-ошақтық инфекцияларға жатады. Бұл дегеніміз, вирус адамдар арасында ауру жағдайлары болмаса да, жануарлар мен тасымалдаушылар арасында айналымда болуы мүмкін.
Мұндай ошақтардың белсенділігі табиғи-климаттық жағдайларға, тасымалдаушы кенелердің таралуына, ауыл шаруашылығы мен жабайы жануарлардың қоныс аударуына және басқа да экологиялық факторларға байланысты.
"Сондықтан, халық арасында бұрын КҚГҚ жағдайлары тіркелмегеніне қарамастан, мамандар барлық өңірдегі жағдайды жүйелі түрде бақылап отыру қажет деп санайды", - деді Ұлттық орталық өкілдері.
Мамандар әзірге зардап шеккен адамды кене шаққан-шақпағанын анықтай алмағанын хабарлады - ол мұны байқамай қалуы мүмкін немесе инфекция басқа жолмен жұққан.
Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, вирус инфекцияланған жануарлардың немесе адамның қанымен және басқа да биологиялық сұйықтықтарымен жанасқанда да беріледі.
Инфекцияның ықтимал тарау көзін анықтау үшін сарапшылар зерттеу жүргізді.
Ұлттық орталық бір адамның ауыру фактісі инфекцияның тарала бастағанын білдірмейтінін атап өтті:
"Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жай араласқанда, қол алысқанда немесе науқастың қасында болғанда жұқпайды. Қауіп науқастың қанымен немесе басқа да биологиялық сұйықтықтарымен тікелей жанасқанда, әсіресе олар шырышты қабықтарға немесе зақымдалған теріге түскенде туындайды".
Адамдар үшін негізгі қауіп науқас адамнан емес, кене шағуынан және инфекцияланған жануарлармен жанасудан туындайды. Мына адамдар ерекше сақтық танытуы қажет:
Табиғат аясында да сақтық шараларын ескеру қажет.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, КҚГҚ әдетте жедел басталады:
Ауру асқынған жағдайда теріде ұсақ қанды дақтар пайда болып, қан кету басталуы және геморрагиялық синдромның басқа да белгілері байқалуы мүмкін.
"Егер кене шаққаннан кейін немесе жануарлармен байланыста болған соң осындай белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге болған жағдай туралы міндетті түрде хабарлау қажет. Бұл ауруды дер кезінде анықтау және оның таралуына жол бермеу үшін маңызды", - деп атап өтті Айнагүл Қуатбаева.
Өңір әкімдіктері мен тиісті қызметтерге ауыл шаруашылығы жануарлары мен олар ұсталатын орындарды кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын күшейту ұсынылды.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы қазіргі уақытта облыс тұрғындары үшін қандай да бір арнайы шектеу енгізудің қажеті жоқ екенін атап өтті.
Жалпы, 26 тамыздағы мәлімет бойынша, Қазақстанда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 36 жағдайы тіркелді:
Сондай-ақ Ұлттық орталық қазақстандықтарға сақтық шараларын еске салды:
Еске сала кетейік, биыл кене шағуынан болатын алғашқы өлім жағдайы Жамбыл облысында тіркеліп, онда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан бір ер адам қайтыс болған.
Тағы оқыңыз: Кенелер күзде де белсенді: Қазақстанның қай өңірлері қауіп аймағында?
Қазақстандықтар кене шаққаннан кейін энцефалитті қаншалықты жиі жұқтырады? Статистика