Ақмола облысында пациент емханадан 1,6 миллион теңге өндіріп алды

Фото:depositphotos.com

Ақмола облысының тұрғыны аудандық емхана дәрігерлері қауіпті асқынуды уақытылы анықтай алмаған соң өтемақы өндіріп алды. Соның салдарынан ер адам ұзақ уақыт жұмыс істей алмаған, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шұғыл ауруханаға жатқызу және 1,5 литр ірің: не болды?

Сот мәліметінше, 2025 жылдың шілдесінде бір компанияда механизатор болып жұмыс істейтін Ақмола облысының Р. есімді тұрғыны бас ауырғанына, жөтелге, мұрынның бітелуіне, дене қызуының көтерілуіне және иығы ауырғанына шағымданып, Целиноград аудандық емханасына жүгінген.

Жарнама
Жарнама

Бастапқыда дәрігерлер оған мынадай диагноздар қойған:

  • ЖРВИ,
  • жедел назофарингит
  • асқыну сатысындағы созылмалы бронхит,
  • полисегментарлық пневмония.

Бірнеше күннен кейін ер адам емханаға қайта барған. Бұл жолы ол қолы мен иық буынындағы ауырсыну мен ісінуге шағымданды.

Басқа дәрігер оған "ревматоидты артрит" диагнозын қойып, травматологқа баруды ұсынған.

Анықтама: Ревматоидты артрит - бұл иммундық жүйе буын тіндеріне зақым келтіретін созылмалы қабыну ауруы.

Травматолог С. иық буыны сіңірлерінің созылуы мен шамадан тыс күш түсуі диагнозын қойған.

Алайда бір аптадан кейін ер адам Астанадағы ауруханалардың біріне шұғыл жатқызылды. Дәрігерлер оған сол жақ жоғарғы аяқ-қолының, жауырын үсті және асты аймақтарының флегмонасы диагнозын қойды.

Анықтама: Флегмона - бұл жұмсақ тіндердің жедел іріңді қабынуы, ол айналасындағы тіндерге тез таралуы мүмкін.

Пациентке шұғыл операция жасалып, шамамен 1,5 литр ірің сорып алынған.

Сарапшылар дәрігерлерден қандай қателік тапты?

Сараптамалық комиссиясының қорытындысына сәйкес, аудандық емхана дәрігерлері пациентті тексеру және емдеу кезінде бірқатар қателікке жол берген.

"Сарапшылар диагноз уақтылы қойылмағанын, талдаулар мен зерттеулердің нәтижелері еленбегенін анықтады. Бұл гематоманың пайда болып, флегманың дамуына әкеліп, нәтижесінде хирургиялық араласуды қажет еткен және иық буынының қызметі бұзылған", - деп атап өтті Ақмола сотының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар комиссия медицина қызметкерлерінің әрекеттері мен пациенттің денсаулығына келтірілген зиян арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтады:

"Пациенттің шағымдарына тиісті көңіл бөлінбеген, анамнезі үстірт жиналған, қойылған диагноз толық болмаған", - деп көрсетті мамандар.

Сот мәліметін бойынша, қате қойылған диагноз бен дұрыс емес емнің салдарынан ер адам ұзақ уақыт еңбекке жарамсыз болған.

Емханадан қанша өтемақы өндірілді?

Бұған дейін бірінші сатыдағы сот пациенттің талап арызын ішінара қанағаттандырған. Целиноград аудандық емханасынан оның пайдасына моральдық зиян өтемі ретінде 700 мың теңге өндірілді.

Бұл ретте бірінші сатыдағы сот жоғалтқан табысын және емделуге жұмсалған шығындарды өтеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартқан.

Ақмола облыстық сотының алқасы бұл шешімді қайта қарап, емханадан тағы 914 мың теңге жоғалтқан табысты өндірді. Сот ер адам ұзақ уақыт еңбекке уақытша жарамсыздық парағында болғанын ескерді. Жалпы сома шамамен 1,6 миллион теңге болды.

Пациентке дәрі-дәрмек шығынын өтеуден бас тартылды, өйткені іс материалдарына сәйкес, бұл шығынды сақтандыру компаниясы өтейді.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Бұған дейін Қызылорда облысының тұрғыны ота кезінде денесінде дәке тампоны қалып қойғаннан кейін сотқа жүгінгені хабарланған болатын. Асқыну салдарынан оған қайта ота жасатуға тура келген.

Тағы оқыңыз: Дәрігерлер отадан кейін қазақстандықтың денесінде бөгде зат ұмытып кеткен

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Жарнама
Жарнама