ПОДЕЛИТЬСЯ
25 тамыздан бастап Қазақстанда жүргізуші куәлігінен айырудың жаңа негіздері күшіне енеді. Оның бірі 65 жастан асқан көлік тізгіндеген қазақстандықтардың медициналық тексерістен уақытылы өтпеуіне қатысты. Жүргізушілер үшін медициналық тексеріс қанша тұрады, қандай мамандарға қаралу керек және қандай жағдайда анықтама беруден бас тартуы мүмкін екенін Tengri Health тілшісі анықтап көрді.
65 жастан асқан жүргізушілер үшін екі жылда бір рет медициналық комиссиядан өту талабы жаңалық емес. Ол 2014 жылдан бері қолданыста. ІІМ түсіндіруінше, өзгерістер тек мемлекеттік органдар арасындағы деректер алмасуға ғана қатысты.
25 тамыздан бастап келесі норма күшіне енеді:
"Егер адам міндетті медициналық тексерістен уақытылы өтпесе, жүргізуші куәлігі автоматты түрде уақытша тоқтатылуы мүмкін. Яғни, тек осы тәртіп жаңа", - деп бұған дейін түсіндірген болатын ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Денсаулық сақтау министрлігі жүргізушілер медициналық тексеріс кезінде мына мамандарға қаралатынын айтты:
Олар медициналық ұйымда тексеріс жүргізу үшін құрылатын арнайы дәрігерлік комиссияның құрамына кіреді. Мамандар тиісті тізбеде қарастырылған аурулардың бар-жоғын тексеру үшін зерттеу жүргізеді.
Медициналық тексеріске психоактивті заттардың бар-жоғын анықтауға арналған зерттеу де кіреді.
"Егер адам психикалық денсаулық саласында көмек көрсететін ұйымда есепте тұрса немесе зерттеу нәтижелері күмән тудырса, автомобильді басқару мүмкіндігі туралы шешімді дәрігерлік-консультациялық комиссия қабылдайды", - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.
Жүргізушіні қосымша зерттеулерге, бейінді мамандардың кеңесіне жіберуі немесе қайта медициналық тексеріс тағайындауы мүмкін, бірақ бұл бір жылдан ерте болмайды.
Көлік құралын басқаруға рұқсат беру туралы түпкілікті шешімді комиссия негізгі медициналық тексеріс нәтижелерін және қажет болған жағдайда қосымша зерттеулерді зерделегеннен кейін ғана қабылдайды.
Денсаулық сақтау министрлігі түсіндіруінше, егер жүргізуші комиссия шешімімен келіспесе, ол мемлекеттік қызмет көрсететін медициналық ұйым басшысының атына шағым түсіре алады.
Мұндай өтініш тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралады.
Бас тартқан жағдайда медициналық ұйым себебін көрсете отырып, жазбаша шешім рәсімдеуге міндетті.
ІІМ 65 жасқа толмаған адамдарға асығудың қажеті жоқ екенін түсіндірді. Алғашқы міндетті медициналық тексерістен 67 жасқа қарай өту қажет. Одан кейін анықтама екі жыл бойы жарамды болады. Келесі медициналық тексеріс 69 жаста, содан кейін 71 жаста және осылай жалғаса береді.
Бірақ Алматының 65 жастағы тұрғыны Владимир З. сияқты медициналық тексерістен алдын ала өтуді жөн көргендер де бар. Оның айтуынша, ол жасқа қатысты түсініктемелер шыққанға дейін, кейінірек ниет білдірушілердің саны едәуір артып кетеді деп қауіптеніп, дәрігерлерге қаралып алған.
"Мұндай анықтама болуы керек екенін білген бойда бірден медициналық мекемеге жүгірдім. Биыл мен тура 66-ға толамын. Қазір дүрбелең басталып, халық қаптап кетеді деп ойладым, сондықтан уақыт созбайын дедім", - деп бөлісті ол.
Ер адам үйінің маңынан жүргізушілер комиссиясын өткізуге лицензиясы бар медициналық орталық тауып, сол жерге медициналық тексеріске барған.
"Маған жолдамалар беріп, қай кабинеттерге бару керектігін айтты. Нәтижесінде лор, окулист және терапевтің тексерісінен өттім", - деді ол.
Дәрігерлік комиссияның қорытындысынан бөлек, жүргізушінің психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерде есепте тұрмайтыны туралы анықтама алу қажет. Кейіпкеріміз мұны eGov арқылы жасаған.
"Медициналық тексерістен өтер алдында жеке куәлік пен 3*4 көлеміндегі фотосуретті дайындап алу керек", - деп кеңес берді жүргізуші.
Министрлік №073/у нысанындағы анықтама алу үшін тексерілу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне де, МӘМС пакетіне де кірмейтінін атап өтті. Сондықтан оны тегін өту мүмкін емес.
"Бұл медициналық тексеру мемлекеттік қызмет және ақылы негізде жүзеге асырылады", - деп хабарлады бізге.
Бұл ретте Қазақстанда бірыңғай баға жоқ, ол аймаққа және медициналық орталыққа байланысты өзгеруі мүмкін.
Бұл бағаны "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекске сәйкес әрбір медициналық ұйымның өз бетінше белгілейтіндігімен байланысты.
Владимир Алматыда медициналық тексеруден өту оған 6 мың теңгеге түскенін айтты. Оның сөзінше, комиссиядан өткені туралы мәліметтер ақпараттық жүйелерде пайда болып үлгерген.
Біз ақпарат алу үшін Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығына жүгіндік. Онда 65 жастан кейін адамда көлік жүргізу қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін жасқа байланысты өзгерістер жиі пайда болатынын түсіндірді. Бірақ жастың өзі адамның бұдан былай рульге отыра алмайтынын білдірмейді.
Жасқа байланысты негізгі өзгерістер:
Сондықтан 65 жастан асқан жүргізушілерге денсаулығын жүйелі түрде тексеріп тұруға, дәрігердің нұсқауларын орындауға, қабылдап жүрген дәрілердің көлік жүргізу қабілетіне әсерін мамандармен талқылауға және өзін жайсыз сезінгенде, басы айналғанда немесе қатты шаршағанда рульге отырмауға кеңес беріледі.
Орталық мамандары жастың өзі көлік жүргізуге қарсы көрсетілім емес екенін - егер денсаулығында кінәрат болмаса, көптеген адам 70–80 жаста да көлікті қауіпсіз басқаруды жалғастыра беретінін айтты.
"Созылмалы ауруларды бақылауда ұстаса, көру қабілеті жақсы, когнитивті функциялары мен реакция жылдамдығы сақталса, сондай-ақ айқын асқынулар болмаса, көптеген адамдар 65 жастан кейін де көлікті қауіпсіз басқара алады", - деп атап өтті орталық өкілдері.
Қазақстанда жүргізуші куәлігінен айырудың екі жаңа негізі енгізіледі
Қазақстанда жүргізуші куәлігінен айыруға не себеп болуы мүмкін? Толық нұсқаулық