Салауатты өмір салты баяғыда тауарға айналды: бізге тек дәрумен капсулаларын ғана емес, сонымен бірге "дұрыс" тамақтану идеясының өзін де сатып жатыр.
Көбінесе қаптамасында Protein, Natural және No Sugar деген жарқыраған жазулар болады. Дәріханадағы құтының неге дәрі емес екенін және адамдардың көбіне не себепті толып жатқан қоспалардың мүлдем қажеті жоқтығын Tengri Health Қазақ тағамтану академиясының президенті, Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмас Шарманнан сұрап білді.
Біз денсаулық тауарға айналған дәуірде өмір сүріп жатырмыз
Денсаулығына мұқият қарауды шешкен адамның әдеттегі таңын елестетіп көріңізші. Ол ұйқыдан оянады, лимон қосылған су ішеді, содан кейін шкафты ашып, бірнеше құтыны шығарады: магний, омега-3, дәрумендер, коллаген, "иммунитет үшін" қандай да бір кешен, тағы біреуі - "энергия үшін". Кейде мұндай құтылардың саны он, он бес, жиырмаға жетеді.
Осыдан кейін адам "дұрыс" таңғы ас ішеді: протеин батончигі, жеміс қосылған йогурт, өсімдік сүті қосылған кофе. Күндіз ол көп дәнді нан сатып алады, жаттығудан кейін изотоник ішеді, ал кешке "нәпсіге ерік бермеу үшін" қантсыз және глютенсіз бірдеңені таңдайды. Сөйтіп, "бүгін де бәрін дұрыс істедім" деген жағымды сезіммен ұйқыға кетеді.
Әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, адамзат барлық сұраққа жауап тапқандай әсер қалдырады.
Шаршадыңыз ба? Мына қоспаны ішіңіз.
Ұйқыңыз бұзылды ма? Мынау көмектеседі.
Артық салмақ па? Мына ұнтақ бар.
Иммунитетте мәселе бар ма? Міне, капсулалар.
Қартаю ма? Коллаген ішіңіз.
Қабыну ма? Куркума көмектеседі.
Энергия жетіспей ме? Арнайы кешен бар.
Кеңестер сондай сенімді айтылатыны соншалық, кейде адамға дәрігердің де қажеті болмай қалатын сияқты көрінеді, тек құтыларды дұрыс таңдап алса болғаны. Әсіресе, мұндай кеңесті танымал блогер, спортшы немесе ақ халатты адам бергенде бұл өте сенімді көрінеді.
Дәріханадағы құты әрдайым дәрі бола бермейді
Көптеген тұтынушы былай деп ойлайды: егер препарат дәріханада сатылса, демек оның тиімділігі мен қауіпсіздігін біреу тексерген. Алайда тағамға биологиялық белсенді қоспалар (БАД) мен дәрілік препараттар - бір нәрсе емес.
Барлық реттеу жүйелерінде БАД-тар тамақ өнімдеріне жатады, бұл тиімділікті дәлелдеуге мүлдем басқаша көзқарас дегенді білдіреді: олар алдын алу мақсатында қолданылады, ал дәрілер клиникалық сынақтардан өтуі тиіс және оларды белгілі бір ауруларды емдеу мақсатында қатаң түрде дәрігердің тағайындауымен қолдану қажет.
Бұл нарықтың неге сапалы клиникалық зерттеулерден гөрі, уәдесі көп өнімдерге толы екенін жақсы түсіндіреді.
Капсуланың ішінде басқа, сыртында жазылған басқа зат болса ше?
Тағы бір мәселе бар.
Қазір нарықта тексерілмеген, тіркелмеген БАД-тардың көп екеніне назар аударған жөн. Оларды сатып алғанда ЕАЭО мемлекеттік тіркеу туралы куәлігін талап ету керек - бұл құжат БАД-тың сапа мен қауіпсіздік бақылауынан өткенін растайды.
Қазақстанда мамандандырылған өнімдерді, соның ішінде тағамға биологиялық белсенді қоспаларды тіркеу және олардың сатылуын бақылау жөніндегі уәкілетті орган - Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Оның мамандары мезгіл-мезгіл дәріханалар мен мамандандырылған сауда нүктелерінде бақылау мақсатында сатып алулар жүргізіп, үлгілерді аккредиттелген зертханаларға сараптамаға жіберіп отырады.
Қазақстанда БАД-тарды міндетті таңбалаудың - DataMatrix кодтары мен цифрлық қадағалаудың енгізілуі де ішінара осыған байланысты, бұл нарыққа заңсыз жолмен түскен өнімдерді шектеуге бағытталған.
Тағы бір ерекшелік бар.
Біз өз түйсіктерімізге сеніп үйренгенбіз: егер алма шірісе, оны байқаймыз; егер брокколи сарғайып, езіліп, жағымсыз иіс шығарса, оны жей қоймасымыз анық.
Ал капсуланы қайтпек керек? Ол герметикалық жабылған, біз оны иіскей алмаймыз, дәмін татып, микроскоппен қарай алмаймыз - бізге тек затбелгіге сену ғана қалады. Ал затбелгі, әсіресе тіркелмеген БАД-тарда (биологиялық белсенді қоспалар), әрдайым дәлелге тең бола бермейді.
Күтпеген жайт: адамдардың көбіне тау-тау қоспалардың қажеті жоқ
Енді басқа адамды елестетейік. Ол жиырма құты сатып алмайды - ол жай ғана алуан түрлі тағамдарды жейді: көкөністер, жемістер, жармалар, бұршақ тұқымдастар, балық, ет, жұмыртқа, жаңғақтар, сүт қышқылды өнімдер. Дәл осындай адам, бәлкім, тағамдық қоспалардың алып топтамасы бар адамға қарағанда, саналы салауатты өмір салтына (СӨС) әлдеқайда жақын.
Әрине, қоспалар шынымен қажет болатын жағдайлар бар: дефицит (жетіспеушілік) расталғанда, жүктілік кезінде, кейбір шектеулі диеталарда, асқазан-ішек жолдарының аурулары мен қоректік заттар нашар сіңетін жағдайларда. Бірақ бұл "алдын алу үшін" бәрін жаппай іше беруге болады деген сөз емес.
БАД туралы әңгімені осымен аяқтауға болар еді, бірақ онда біз ең бастысын өткізіп алар едік. Ең қызығы супермаркетте басталады. Өйткені денсаулық индустриясы әлдеқашан дәріханалар мен спорттық тамақтану дүкендерінен шығып, тікелей азық-түлік сөрелеріне қоныстанды.
Қаптамада ірі әріптермен жазылған: Protein, Fitness, Natural, Multigrain, Organic, Gluten Free, No Sugar. Біз бірден тынышталамыз: егер "пайдалы" деп жазылса, демек солай. Бірақ қаптаманы айналдырып қарасақ болды - мүлдем басқа хикая басталады.
Кәмпит болғысы келетін протеинді батончик
Протеинді батончикті алайық. Онда әрдайым дерлік салауатты өмірмен байланысты суреттер болады: спортшы, бұлшықеттер, динамикалық графика және алып "Protein" деген сөз. Бірақ кейде алдымыздағы ақуыз қосылған тәтті өнім екенін түсіну үшін құрамына қараудың өзі жеткілікті. Және бұл міндетті түрде жаман деген сөз емес.
"Көп дәнді" нан
Содан кейін біз нан алуға барамыз, мұнда таңдау өте көп: ақ, қара, көп дәнді, фитнес, дәнді, қантсыз, кебекті. Ең "пайдалы" атауды таңдау жеткілікті сияқты көрінеді. Бірақ "көп дәнді" дегеніміз тек нанды дайындау кезінде жарма ингредиенттерінің бірнеше түрі қолданылғанын ғана білдіреді, және бұл оның негізінен бүтін дәннен жасалғанына кепілдік бермейді.
Сондықтан атауға сенгеннен көрі құрамын оқыған әлдеқайда пайдалы: өнімнің атауын маркетолог ойлап тапты, ал құрамы - әлдеқайда шынайырақ.
Жидегі жоқ йогурт және жемісі жоқ "табиғи" шырын
Енді кезек йогуртта. Қаптамада әдемі жидектер: қарақат, құлпынай, таңқурай - бәрі мінсіз көрінеді. Бірақ кейде ішінде қант мөлшері едәуір көп өнім болып шығады. Міне, осы жерде қазіргі заманғы СӨС-тің кішігірім трагикомедиясы туындайды: біз торттың бір тілімін жеуге қорқамыз, бірақ тәттілігі жағынан десертке өте жақын болуы мүмкін "пайдалы" йогуртты еш алаңсыз сатып аламыз.
Кейін біз сүтке көшеміз. Сөреде - сұлы, бадам, кокос сүттері, "өсімдік текті" деген сөздің өзі сапа белгісі сияқты естіледі. Бірақ өнімнің өсімдік текті болуы ештеңеге кепілдік бермейді: бір сусында ақуыз аз болады, екіншісінде - қант көп, үшіншісінде - қосымша ингредиенттердің ұзын-сонар тізімі. Сондықтан тағы да маркетинг өте ұнатпайтын істі істеуге - ұсақ жазуларды оқуға тура келеді.
Ал сосын біз шырын аламыз. Қаптамада "100 пайыз табиғи" деп жазылған. Керемет.
Сондықтан, егер алдыңызда алма мен бір стақан алма шырыны тұрса, көп жағдайда алманы таңдаған абзал: ол сізге детокс уәде етпейді, ол жай ғана алма.
Глютенсіз - бірақ не үшін?
Келесі кезекте глютенсіз өнімдер сөресі тұр. Осыдан біраз уақыт бұрын "глютен" сөзіне ешкім мән бермейтін, ал бүгінде кейбір тұтынушылар үшін бұл сөз диагноз сияқты естіледі. Бірақ адамда целиакия немесе басқа да медициналық көрсеткіштер болмаса, глютеннің жоқтығы өнімді өздігінен пайдалы ете қоймайды.
Оның үстіне, глютенсіз қамыр жайылып кетпеуі үшін оған крахмал, қант және май қосылады. Сондықтан "алдын алу үшін алынған глютенсіз печенье" - бұл нағыз маркетинг: егер сіз глютеннен бас тартқыңыз келсе, ол үшін үсті сызылған масақ бейнеленген қымбат нан өнімдері емес, қарақұмық, киноа, көкөністер мен сапалы ақуыз бар.
Жай ғана жаттығу залына барған "чемпионға" изотоник
Соңғысы - спорттық сусын: ашық түсті бөтелке, электролиттер, көмірсулар және энергия туралы уәделер. Аптап ыстықта бірнеше сағат бойы жаттығатын адам үшін бұл өзін ақтайтын өнім болуы мүмкін. Бірақ сіздің физикалық белсенділігіңіз бір сағатта аяқталып, содан кейін компьютерге қайта оралсаңыз, сізге мүлдем басқа сусын - су қажет болған шығар. Дүниедегі ең қарапайым, бірақ сонымен бірге ең қажетті өнім.
Денсаулық сатып алынбайды
Бәлкім, заманауи салауатты өмір салты (СӨС) мәдениетінің басты парадоксы осында шығар: біз қалыпты тағамға күмәнмен қарап, қаптамадағы жазуларға сенетін болдық.
Наннан қорқамыз, бірақ "фитнес-нан" сатып аламыз. Қанттан қорқамыз, бірақ "табиғи" деген сөзге сенеміз. Глютеннен қорқамыз, бірақ құрамындағы қант пен майдың мөлшеріне қарамаймыз. Арықтағымыз келеді - май жағатын дәрі аламыз. Дұрыс тамақтанбаймыз - оның орнын дәрумендермен толтырғымыз келеді.
Бірақ ағза әлдеқайда күрделі құрылған. Ол "Fitness" деген сөзді оқымайды, бөтелкедегі "Natural" деген жазуды білмейді, жидектердің суретіне мән бермейді - ол нақты мөлшердегі нақты заттарды қабылдайды және ішкі мүшелерде не болып жатқанын дәл солар анықтайды.
Дұрыс ұйықтау, қозғалу, шылым шекпеу, алкогольді шектен тыс тұтынбау, әртүрлі тағамдарды, соның ішінде көкөністер мен жемістерді көбірек жеу, жеткілікті мөлшерде ақуыз бен жасұнық алу, тұз бен қантты шектен тыс пайдаланбау, дене салмағын қадағалау және нақты негіз болған кезде ғана дәрігерге көріну.
Болашақта бізді затбелгі емес, ішімізде не болып жатқаны қызықтыруы мүмкін
Бәлкім, тамақтану туралы ғылымның дамуының келесі кезеңі дәл осыған байланысты болар: нақты тағамның нақты адамға қалай әсер ететінін түсінуге тырысу.
Өйткені бір табақ ас әртүрлі адамға әртүрлі әсер етуі мүмкін.
Сол кезде болашақтың сұрағы мүлдем басқаша болады - "қазір қандай өнім сәнде?", "мына блогер қандай қоспа ішеді?" немесе "қаптаманың бетінде не жазылған?" емес, "мен нақты не жеп жатырмын және бұл менің ағзама қалай әсер етеді?" деген сұрақ маңызды болады.
Міне, сонда ғана нағыз дербестендірілген тамақтану ғылымы - фудомика басталады. Және, бәлкім, денсаулықты әдемі құтыда сатып алуға мәжбүр болатын дәуір аяқталар.
Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін