ПОДЕЛИТЬСЯ
Әлем мәңгілік жастық идеясына арбалған: миллиардерлер "кәрілікке қарсы таблеткаларды" жаппай сатып алып жатыр, ал дүкен сөрелері сәнді БАД-тарға толып тұр. Бірақ ұзақ өмір сүру туралы ең шынайы әңгіме биыл жарнамаларда емес, Канн қаласында өткен ғылыми саммиттің кулуарларында айтылды. Өмірді шын мәнінде ұзартады, ал не тек әдемі маркетинг? Толығырақ Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман TengriHealth-тегі авторлық бағанында тарқатып айтады.
Жаз басында Канн бірнеше күнге киноның емес, болашақ медицинасының астанасына айналды. Халықаралық саммит 30-дан астам елден 250-ден астам дәрігердің, ғалым мен новатордың басын қосты. Олардың барлығын бір сұрақ мазалайды: қартаюды бәсеңдетуге, тіпті оны кері қайтаруға бола ма?
Ғылым ондаған жылдар бойы қартаюдың басты себебін - бос радикалдарды, ДНҚ зақымдануын, қабынуды, митохондриялардың немесе иммунитеттің бұзылуын іздеп келді. Бірақ бірде-бір теория толық көріністі түсіндіре алмады. Үйреншікті түсінікті асты-үстіне шығарған негізгі тұжырым саммиттің кулуарларында, ешқандай слайдсыз-ақ айтылды.
Бұл - бірнеше қорғаныс деңгейінің, ең алдымен иммундық, метаболикалық және жасушалық реттелудің жұмысы бір мезгілде бұзылатын жүйелі процесс. Ағза бір жерде "бірдеңе бұзылғандықтан" емес, ішкі тепе-теңдік жүйесінің өзі нашар жұмыс істей бастағандықтан қартаяды.
Сонымен қатар қартаюды барлығына бірдей және бірқалыпты жүретін процесс деп қарастыруға болмайды: ағза өзіне тән "секірістермен" өзгереді, әсіресе айқын бетбұрыс кезеңдері шамамен 44 және 60 жасқа тұспа-тұс келеді.
Көптеген биологиялық маркерлерді талдау нәтижесіне сәйкес, өзгерістер зат алмасуға, иммундық және гормоналды жүйелерге, ағзаның қалпына келу және күйзеліске жауап беру қабілетіне бір мезгілде әсер етеді.
Қартаю қарқынын екі жүйе - иммундық және жүйке жүйесі көбірек айқындайды, өйткені екеуі де бүкіл ағзаны қамтиды.
Бұл екі жүйе іркіліс бере бастағанда, бұл сирек жағдайда ғана жергілікті мәселе болады - көбінесе бұл бүкіл ағзаның тұрақтылығын жоғалтып жатқанының белгісі.
Жас ұлғайған сайын ұсақ зақымданулардың фоны - қартайған жасушалар, жасушалық "қоқыстар", ДНҚ-дағы қателіктер жинақталады, соның салдарынан иммунитет үнемі "дайындық" режимінде болады.
Рапамициннің тарихы бұл тұрғыда өте өнегелі.
Клиникада ол мүшелерді ауыстырып салғанда иммунитетті тежейді, ал зертханада жануарлардың өмірін ұзартты - сондықтан оны "кәрілікке қарсы таблетканың" басты үміткерлерінің бірі ретінде жариялады.
Бірақ рапамицинге әмбебап геропротектор (қартаю процестерін бәсеңдетуі мүмкін заттар немесе препараттар - ред. ескертпесі) ретінде артылған зор үміт әзірге ақталған жоқ: жануарларға жүргізілген сынақ нәтижелері адамға тікелей сәйкес келмейді, ал оның әсері дозасы мен режиміне тым тәуелді. Ол басты фавориттен ғылым енді ғана жауап іздеп жатқан мәселеге айналды.
Пікірталастардың ортасында NAD молекуласы да бар, оның деңгейі жас ұлғайған сайын кейбір тіндерде төмендейді. Осыдан барып оны жай ғана қоспалармен (NR, NMN) немесе тамшылатқыштармен "толтыру" туындайды.
Бірақ жасуша - молекулалардың көмегімен саңылауын бітей салуға болатын резервуар емес, олардың көмектесетіні де неғайбыл. Оның үстіне, мұндай манипуляциялардан кейін туындауы мүмкін қауіп-қатерлер туралы сұрақтарға әлі ешкім жауап берген жоқ.
NAD-пен сиртуиндер де тығыз байланысты - оларды "ұзақ өмір сүрудің ауыстырып-қосқыштары" деп атайды. Бұл реттеуші ақуыздар жасушаның стреске реакциясын, зат алмасуды және ДНҚ-ның қалпына келуін басқарады, ал олардың белсенділігі тікелей NAD деңгейіне байланысты: NAD төмендесе - сиртуиндердің де жұмысы өзгереді.
Жасуша энергетикасы мен оның төзімділігі арасындағы дәнекер болуы сиртуиндерді қартаю туралы ғылымның орталық тақырыптарының біріне айналдырды. Алайда олардың айналасында үлкен коммерциялық шу көтерілді - БАД-тар, "белсендіргіштер", "мәңгілік" жастық туралы асқақ уәделер - соның салдарынан бұл тақырып қазір ғылымнан гөрі маркетингпен көбірек байланыстырылады.
Бұл мысалдардың барлығына ортақ тұжырым әмбебап: "қартаюмен байланысты бір көрсеткішті көтеріп, сау бола қалуға болады" деген қағида ешқашан іске аспайды.
Ең батыл бағыт - жасушаларға жас күйін қайтаратын ішінара эпигенетикалық қайта бағдарламалау арқылы олардың жасқа байланысты өзгерістерін кері қайтаруға тырысу.
Жануарларға жасалған тәжірибелер үміт ұялатады: мысалы, тышқандардың көру жүйкесі зақымданғаннан кейін және глаукома кезінде көру қабілетін қалпына келтіру мүмкін болды. Ал 2026 жылы бұл әдіс алғаш рет адамдарға клиникалық сынақ жүргізу деңгейіне жетті.
Бірақ әзірге бұл зерттеулердің бастапқы кезеңі: ғалымдар әдістің қауіпсіздігін, соның ішінде ықтимал иммундық реакцияларды бағалауы керек.
Смарт-сағаттар, сақиналар мен датчиктер шашыраңқы клиникаға айналып барады, ал осы деректерді оқи алатын дәрігер жаңа дәуірдің көшбасшысы болады.
Бұл - 2-ші типтегі диабет кезінде қант деңгейін төмендетуге, семіздік пен остеопорозды емдеуге арналған жаңа препараттар. Ғалымдар олардың жасқа байланысты процестерге ықтимал әсерін зерттеп жатыр. Нақты пайдасы дәлелденбеген, тек жарнамасы жер жарған БАД-тар олардың қасында қауқарсыз.
Бұл ең лайықты бағаланбаған тест: RDW және NLR көрсеткіштері биологиялық жаспен және өлім-жітім қаупімен тікелей байланысты.
Жүрек-қан тамырлары аурулары өлім-жітімнің басты себебі болып қалып отырған Қазақстан үшін мұндай тегін құрал кез келген емханада - Алматыдан бастап аудан орталығына дейін қолжетімді.
Зертханалар молекулалар туралы дауласып жатқанда, әр адамның қолында тиімді тетіктер бар.
Адамның орта жаста (40–60 жас) өз денесіне қалай қарайтыны оның қарттығының қалай өтетінін айқындайды.
1. Ұйқы уақытының тұрақтылығы
Ұйқының қанбауы семіздікпен, диабетпен, жүрек ауруларымен және деменциямен байланысты. Ең маңыздысы - жүйелілік. Бір уақытта жатып, бір уақытта тұру әдеті ұзақ өмір сүруді ұйқының ұзақтығына қарағанда нақтырақ болжайды.
2. Дұрыс тыныс алу
Біз автоматты түрде және көбіне үстірт тыныс аламыз, ал ішпен баяу тыныс алу - ұзартылған дем шығарумен минутына шамамен алты рет тыныс алу - стресс деңгейін төмендетеді, жүйке жүйесінің қалпына келу режиміне ауысуына көмектеседі және жүрек пен қан тамырларын жайлап жаттықтырады.
Күніне бірнеше минут саналы түрде тыныс алу, әсіресе ұйықтар алдында, еш шығынды талап етпейді, бірақ іштей тыныштандырғыш ретінде жұмыс істейді.
3. Жаттығулардағы интервалдар
30 минут бойы бірқалыпты жүгірудің орнына - 30 секунд спринт және 30 секунд демалыс, осылайша он рет қайталау керек. Уақыт аз жұмсалғанымен, нәтижесі жоғары: кардиореспираторлық төзімділік - ұзақ өмір сүрудің басты көрсеткіштерінің бірі.
4. Күш түсіретін жаттығулар
Мықты бұлшықет ұзақ өмір сүрумен және қарттықтағы дербестікпен тікелей байланысты, ал салмақпен жұмыс істеу бұлшықеттердің қабынуды басатын миокиндерді бөлуіне ықпал етеді. Кез келген деңгейден бастауға болады, бастысы - бұлшықеттерде айтарлықтай шаршау сезілгенге дейін біртіндеп күшейту.
5. Әр тамақтанған сайын ақуыз тұтыну
Бұлшықет массасы 30 жастан кейін кеми бастайды, ал 60-тан асқанда бұл процесс үдей түседі. Көрсеткіш - дене салмағының әр килограмына күніне 0,8–1,2 грамм ақуыз. Ағза жақсы сіңіруі үшін оны күні бойғы барлық ас ішу уақытына бөліп тарату керек.
6. Лифт орнына баспалдақ
Күніне жеті мыңға жуық қадам жасау өлім қаупі мен жасқа байланысты аурулардың алдын алады. Көліктің орнына жаяу жүру, тұрақты алысырақ қою - осы қадамдардың барлығы жинақталып, денсаулыққа нақты әсер етеді.
7. Пробиотикалық өнімдер
Олар келесі санаттағы жандарға ақуыз тұтынуды шектеуге микробиомды қоректендіреді, ал ол иммунитет пен қабынуды бақылауға тікелей байланысты. Қазақстандықтарға алысқа барудың қажеті жоқ: айран, құрт, шұбат пен қымыз - ішекке арналған таптырмас ұлттық дәріхана, олар трендтегі кимчи мен комбучадан еш кем түспейді.
8. Араласу - сауығудың кепілі
Әлеуметтік байланыстар - бағаланбай жүрген, бірақ, бәлкім, ең маңызды "сауықтыру процедурасы". Күнделікті істерді адамдармен бірге атқарыңыз: серуендеу, жаттығу немесе дүкенге бару болсын. Қазақстандық қонақжайлық пен үлкен отбасы мәдениетінде бұл ресурс өмір салтына енген, оны бағалай білу керек.
9. Егу жұмыстары
Мәліметтерге сүйенсек, белдемелі теміреткіге қарсы вакцина деменция қаупін шамамен 20 пайызға төмендетеді; сондай-ақ тұмауға, пневмококкқа, сіреспеге қарсы екпелердің де пайдасы зор. Артықшылығы - бұл бір рет және ұзақ уақытқа жасалады.
10. Жақындардың ауру тарихының тізімі
Генетиканың маңызы зор: жақын туыстарыңыздың немен ауыратынын біліп, дәрігермен осы қауіптерді алдын ала қалай басқару керектігін - қандай белгілерге назар аударуды және олар пайда болған жағдайда не істеу керектігін талқылаңыз.
Көптеген адам үшін ұзақ өмір сүру әлі күнге дейін Канн саммиттері сияқты алаңдарда тек таңдаулыларға ғана қолжетімді элитарлық клуб сияқты көрінеді. Бірақ бұл ешқандай құпия емес, тек күнделікті қарапайым шешімдердің жиынтығы.
Бұған Канн саммиті кезіндегі америкалық онколог, интегративті және lifestyle-медицина маманы, доктор Доун Муссалеммен (Dr. Dawn Mussallem) болған жеке сұхбат жарқын дәлел болды.
Ол - осы қозғалыстың ең ықпалды өкілдерінің бірі. Лимфоманың (қан обыры) IV сатысын және жүрек трансплантациясын бастан өткерген адам ретінде, бүгінде ол марафондарға қатысып, қарапайым шындықты паш етіп жүр: ұзақ өмір сүру "хайп" қуған эксперименттерге емес, өмір салты медицинасына негізделеді.
Адамзат қартаю биологиясы туралы бұрын-соңды дәл қазіргідей көп білмеген - соған қарамастан, бұл сала жеңілдеудің орнына күрделеніп барады.
Бірде-бір молекула біржақты пайдалы немесе зиянды болып шықпайды, ал кез келген араласу пайдамен қатар қауіп те төндіреді. Сондықтан ұйқы, қозғалыс, дұрыс тамақтану және тізімдегі басқа да жайттар ең сенімді құрал болып қала береді.
Қазақстандағы превентивті медицина да осы бағытта дамып келеді, мұнда дербестендірілген тамақтану және ерте алдын алу жобалары ұзақ өмір сүру туралы ғылымды қолжетімді күнделікті тәжірибеге айналдырып жаты.
Редакцияның көзқарасы автордың пікірімен сәйкес келмеуі мүмкін.
Аударған: Нұрила Ермекбай