ПОДЕЛИТЬСЯ
Қазақстанда пациенттер онлайн ала алатын қызметтер тізімін көбейту ұсынылып отыр. Алғаш рет нақты тізбе жасалып, оған ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ), КТ, МРТ және басқа да зерттеулердің қорытындысын түсіндіру қызметтері енгізілді. Мән-жайды Tengri Health тілшісі анықтап көрді.
Ресми құжат "Қашықтықтан көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру, ұсыну және оларға ақы төлеу қағидалары" деп аталады. Ол тамызда "Ашық НҚА" порталында жарияланды.
Денсаулық сақтау министрлігі Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің ақпараттандыру саясаты басқармасының басшысы Руслана Егізбаеваның айтуынша, заңнама бұған дейін де мұндай консультациялар өткізуге тыйым салмаған. Тіпті олардың ақысын төлеуге арналған тарифтер де әзірленген болатын.
Бірақ осы уақытқа дейін нақты тізім болмаған - енді ол пайда болды, алайда құжат әлі түпкілікті бекітілген жоқ.
"Біз медициналық ұйымға бармай-ақ алуға болатын қызметтердің тізбесін әзірлеп, оларды нақты көрсеттік. Бұған дейін бірде-бір бұйрықта қашықтықтан көрсетуге болатын қызмет түрлері нақты айқындалмаған еді", – деп нақтылады сарапшы.
Руслана Егізбаева бұл өзгерістердің бірінші кезекте ауыл тұрғындары үшін пайдалы болатынын түсіндірді.
Мәселен, ауылдық амбулаторияда адамға ЭКГ немесе қандай да бір радиологиялық зерттеу жасалды делік, бірақ медициналық ұйымда радиолог немесе кардиолог дәрігер жоқ.
"Мұндай жағдайда амбулатория маманы түсірілімдерді басқа медициналық ұйымдағы әріптестеріне жібере алады, ал олар қашықтықтан қорытынды береді. Пациентке аудан орталығына немесе жақын маңдағы қалаға барудың қажеті болмайды. Ауыл тұрғындары әрдайым аудан орталығына қажетті дәрігерге бара алмайды, әсіресе қыста жол жабылғанда қиын. Сондықтан біз адамдардың қызметтердің бір бөлігін онлайн алуға мүмкіндігі болғанын қалаймыз", - деп түсіндірді спикер бұл шешімнің мәнін.
Мұнда маман назар аударған өте маңызды ескерту бар: пациентті алғашқы қабылдау қашықтықтан жүргізілмейді.
"Бастапқыда адам кез келген жағдайда емханаға жүгінеді. Дәрігер тексеріп, консультация береді, қажетті зерттеулерді тағайындайды, ал қайта қабылдау қашықтықтан болуы мүмкін. Келесі кездесу форматы туралы дәрігер мен пациент өзара келісуі тиіс", – дейді Егізбаева.
Сарапшының айтуынша, қолданыстағы ережелер де қызметтің кейбір түрлерін қашықтықтан алуға тыйым салмайды. Бірақ қазір олар қажетті деңгейде кең қолданылмай отыр, сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі қызметтер тізбесін кеңейтіп, қашықтықтан қабылдау ережелерін нақтылап жатыр.
"Мен бұл мүмкіндікті өзім де пайдаланамын: бірінші рет қабылдауға барып, талдаулар мен зерттеулерге жолдама аламын, ал нәтижелері шыққанда Damumed қосымшасы арқылы дәрігердің қашықтықтан консультациясына өтінім беріп, онымен онлайн байланысамын", – дейді сарапшы.
Аталған ережелердің қосымшасында 166 медициналық қызмет түрі көрсетілген. Олардың қатарына мыналар жатады:
Дәрігердің қайта қабылдауынан бөлек, қашықтықтан мына қызметтерді алуға болады:
Руслана Егізбаеваның айтуынша, дәрігермен өзара іс-қимылдың қай форматы өзіне ыңғайлы екенін пациенттің өзі шешуі тиіс.
"Дәрігер қайта қабылдауды онлайн өткізуге болатынын түсіндіреді. Қосымша арқылы жазылған кезде: бетпе-бет немесе қашықтықтан дегенді таңдауға болады. Қабылдауды тек цифрлық медициналық жүйелер арқылы жүргізу керек - ешбір жағдайда WhatsApp немесе Telegram арқылы емес. Бұл бұрыннан ережелермен реттеледі, өйткені барлық ақпарат қорғалуы тиіс", - дейді спикер.
Оның айтуынша, мамандар тексеру жүргізіп, көптеген консультациялардың әлі де WhatsApp, Skype, Zoom арқылы көрсетілетінін анықтаған – бұл киберқауіпсіздік талаптарын бұзу болып саналады.
"Қазір біз бұған ерекше көңіл бөліп отырмыз және медициналық сақтандыру қорынан тексерулер жүргізуді, сондай-ақ медициналық ұйым тиісті қосымшаларды пайдаланған жағдайда ғана қашықтан көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді талап етеміз", – дейді спикер.
Сұхбат берушінің айтуынша, жыл басынан бері қызметтердің 9,3 пайызы онлайн форматта көрсетілген. Қалғандары - офлайн. Бұл тамыздың аяғындағы мәлімет. Айта кететін жайт, бұл қазақстандықтар алған жалпы медициналық қызметтердің емес, тек қашықтан жүргізуге болатын қызметтердің үлесі.
"Бұл - қашықтан өткізілген 2 594 982 дәрігер қабылдауы. Әдетте бұл терапевт пен басқа да мамандардың кеңестері. УДЗ және өзге де зерттеулерді дешифрлеу қызметтері әзірге аз, сондықтан алдағы уақытта дәл осы көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр".
Ережелер тиісті министрліктерде мақұлданды. Қазіргі уақытта олар Әділет министрлігінде тіркеуде жатыр. Құжатты жақын арада қабылдау жоспарланған.
Авторы: Оксана Акулова
Аударған: Дина Шәріпхан