Жасы ұлғая келе кейбір адамдар есте сақтауы бұрынғыдай емес екенін байқауы мүмкін. Алайда дәрігерлер бұл әрдайым емделмейтін дерттің белгісі емес екенін ескертеді. Сарапшылар кәдімгі жас ерекшелігіне байланысты өзгерістерді деменцияның қауіпті белгілерінен қалай ажыратуға болатынын және қашан дәрігерге көріну керек екенін айтып берді, - деп хабарлайды Tengri Health.
Қартаю әлде деменция: айырмашылығы неде?
Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жоғары санатты дәрігер, психиатр Нәби Есімов көптеген адам есте сақтау қабілетінің нашарлауын жай ғана кәрілікке балап жататынын түсіндірді. Алайда ұмытшақтықтың өзі адамда деменция меңдеп келе жатқанын білдірмейді.
Оның айтуынша, негізгі айырмашылық - бұзылулардың қаншалықты айқын болуында, олардың динамикасы және адамның дербестігіне қалай әсер ететіндігінде.
"Табиғи қартаю кезінде зейнеткерге біреудің есімін немесе қажетті сөз орамын еске түсіру үшін көбірек уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ ол бұрынғысынша таныс ортада еркін бағдар ұстай алады, өз бетінше тамақ дайындап, сауда жасап, үй шаруасын атқарып, шешім қабылдай алады", - дейді маман.
Ал деменция кезінде жағдай мүлдем өзгеше.
Нәби Есімовтың айтуынша, адам затты қайда қойғанын ұмытып қана қоймай, үйреншікті бұйымды қалай қолдану керек екенін түсінбей қалуы мүмкін.
Жақында болған оқиғалар мен әңгімелерді ұмытып қалуы, бір сұрақты қайталап қоя беруі, шоттарды төлеуде, дәрі-дәрмек қабылдауда немесе күнделікті істерді жоспарлауда қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Үйіне қайтар жолды өзі таба алмайды: алаңдатарлық белгілер
Сарапшы аурудың тағы бір белгісі ретінде уақыт пен кеңістікті бағдарлаудағы қиындықтарды атайды.
Егер егде жастағы адам бүгін аптаның қай күні екенін түсінуден қалса, күндерден шатасса, жақсы танитын ауданында адасып кетсе немесе үйіне барар жолды өз бетінше таба алмаса, бұл жақындары назар аударарлық мәселе.
Тағы бір белгі - сөйлеудің өзгеруі.
"Адамға үйреншікті сөзді табу, әңгімені жалғастыру немесе оның мазмұнын түсіну қиынға соға бастайды. Уақыт өте келе мінез-құлық, қызығушылықтар мен эмоционалдық реакциялар да өзгеруі мүмкін", - деп түсіндіреді Нәби Есімов.
Тағы бір маңызды көрсеткіш - өз бетінше шешім қабылдау қабілетінің төмендеуі.
"Жақындары байқайтын алғашқы өзгерістердің бірі - дәл осы таяудағы оқиғаларға қатысты жадының бұзылуы. Бұл ретте алыс өткен шақтағы естеліктер әлдеқайда жақсы сақталуы мүмкін", - дейді психиатр.
Өз бетімен диагноз қоюдың қаупі неде?
Бұл ретте маман жақындарына ескертеді: кейбір белгілер сәйкес келсе де, ешқандай жағдайда өз бетінше диагноз қоюға болмайды:
Когнитивтік функцияларға ұйқының бұзылуы, депрессиялық жағдайлар, кейбір аурулар, қабылданатын дәрілік препараттар және басқа да факторлар әсер етуі мүмкін.
Егер жадының нашарлауы жиілеп, адамның күнделікті өмір сүруіне кедергі келтіре бастаса, кешіктірмей клиникаға бару қажет.
"Медициналық көмекке ерте жүгіну тек деменцияны растау немесе жоққа шығару үшін ғана маңызды емес. Кейбір жағдайларда жадының бұзылуы емдеуге немесе түзетуге болатын жағдайлармен байланысты болуы мүмкін", - деді Нәби Есімов.
Уақтылы жасалған диагностика отбасына алдағы уақытта адамға қандай көмек қажет болуы мүмкін екенін алдын ала түсінуге көмектеседі.
Бүгінде мегаполис тұрғындарына бейінді көмек арнайы геронтопсихиатриялық бөлімше (қарт адамдарға арналған) жұмыс істейтін Психикалық денсаулық орталығында көрсетіледі.