Алматы тұрғыны қалалық емханалардың бірі флюорографиядан өткені туралы анықтамасыз тұрғылықты жері бойынша тіркеуден бас тартқанын айтты. Медициналық мекемеге тіркелу үшін мұндай құжатты талап ету қаншалықты заңды екенін Tengri Health тілшісі анықтап көрді.
Не болды?
Әйел бұл жағдай туралы әлеуметтік желіде бөлісті. Оның айтуынша, тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелмек болғанда мынадай қиындықтар туындаған:
"Флюорографиясыз тіркеуден бас тартып жатыр. Бұл әрекеттер қаншалықты дұрыс? Меніңше, егер мен үшін МӘМС төленіп жатса, алдымен тіркелуге, содан кейін ғана қажеттілік туса, тексеруден өтуге құқығым бар. Бірақ тіркеуден бас тартуға құқықтары жоқ", - деп есептейді жазба авторы.
Алматылық әйел медициналық ұйымға eGov порталы арқылы онлайн тіркелуге тырысқан.
Мұндай талап заңды ма: Денсаулық сақтау министрлігінің жауабы
Біз пікір алу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне хабарластық.
"Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелудің қолданыстағы ережелеріне сәйкес, флюорография нәтижесін ұсыну емханаға тіркелу үшін міндетті шарт болып табылмайды. Яғни, пациент тіркелер алдында өз есебінен тексеруден өтуге немесе нәтижелерін алдын ала әкелуге міндетті емес", - деп түсіндірді министрліктегілер.
Бұл дегеніміз, адамда флюорография болмағаны үшін емхана тіркеуден бас тарта алмайды.
"Егер азамат мұндай мәселеге тап болса, ол медициналық ұйымнан осындай талап қоюға негіз болған заңнаманың нақты нормасын көрсете отырып, дәлелді бас тартуды талап етуге құқылы", - дейді ведомство өкілдері.
Мамандардың айтуынша, пациент емханаға тіркелгеннен кейін ғана оған түрлі профилактикалық тексерулер, соның ішінде флюорография тағайындалуы мүмкін.
Іс жүзінде қандай құжаттар қажет?
Денсаулық сақтау министрі бұйрығына сәйкес, тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) ұйымына тікелей емханада немесе электрондық үкімет порталы арқылы тіркелуге болады.
Азаматтардың жекелеген санаттары қосымша мына құжаттарды өткізуі керек:
- зейнеткерлерге - зейнеткер куәлігі;
- мүгедектігі бар жандарға - зейнеткер куәлігі немесе медициналық-әлеуметтік сараптама куәландыру актісінен үзінді;
- мүгедектігі бар балалардың қорғаншылары мен заңды өкілдеріне - сот шешімі немесе қорғаншылықты растайтын құжат;
- бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан сотталғандарға - халықты АМСК-ға тіркеу және есептен шығару мәселелерін қарау жөніндегі комиссия хаттамасы;
- мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге - әскери бөлім командирінің немесе мекеме бастығының жеке құрам тізіміне қабылдау туралы бұйрығынан үзінді;
- 18 жасқа дейінгі медресе (мұсылман мектебі) оқушыларына - заңды өкілдерінің ресми өтініші;
- 18 жасқа дейінгі басқа қаладан келген студенттерге - ректордың АМСК медициналық ұйымына ресми өтініші және оқу орны мен емхана арасындағы комиссия хаттамасы;
- шетелде туған балаларға - шет мемлекетте туылғанын растайтын құжат;
- сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне, жетім балаларға және қарттарға - денсаулық сақтау саласындағы жергілікті атқарушы органның шешімі;
- сенімхат немесе сақтандыру бойынша ресімдеген кезде - сенімхат пен шартта көзделген құжаттар.
Қандай жағдайда тіркеуден бас тартылуы мүмкін?
Денсаулық сақтау министрлігі емхана өтінімді тек келесі себептер бойынша ғана заңды түрде қабылдауы мүмкін екенін атап өтті:
- өтініш беруші жалған мәліметтер немесе құжаттар ұсынса;
- адам немесе оның құжаттары тіркеу ережелеріне сәйкес келмесе;
- мемлекеттік орган тексеру немесе сараптама қорытындысы бойынша теріс жауап берсе;
- сот шешімі азаматқа бұл қызметті алуға тыйым салса;
- сот адамды мемлекеттік қызметке байланысты арнайы құқығынан айырса;
- азамат өзінің дербес деректеріне қол жеткізуге келісім беруден бас тартса.
Еске салайық, 12 қыркүйектен бастап Қазақстанда емханаларға тіркелу ережелері өзгерді. Басқа медициналық ұйымды кез келген уақытта таңдауға болады, бірақ жылына бір реттен жиі емес. Балалар, жүкті әйелдер, жас аналар мен студенттер үшін бөлек ережелер қарастырылған.