Шымкентте алғаш рет сүйек кемігін трансплантациялау операциясы жүргізілді. Ота үшінші сатыдағы қан қатерлі ісігіне шалдыққан 56 жастағы тұрғынға жасалды - деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.
Сүйек кемігін ауыстыру қалай өтеді?
Жыл басында Шымкенттің 56 жастағы тұрғыны ауыр дертке шалдыққанын білген. Бұл туралы бізге Шымкент қалалық онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухананың директоры Талғат Құрманов айтып берді.
"Қаңтарда диагноз қойылған кезде емделушіге бірден сүйек кемігінің аутологиялық трансплантациясы жоспарланды", - деп түсіндірді дәрігер.
Аутологиялық трансплантацияның донорлықтан айырмашылығы - науқасқа өз жасушалары қайта салынады. Бұл жағдайда донор қажет емес: адамның өз бағаналы жасушалары алдын ала алынып, кейін олар қайта құйылады.
Бағаналы жасушаларды алу процесі. Шымкент Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің бейнежазбасынан скриншот
Трансплантацияға дейін ер адам бірнеше емдеу курсынан өткен. Бірнеше айдан соң, 7 тамызда, оған ота жасалды. Ол Шымкентте мұндай процедурадан өткен алғашқы емделуші болды. Процестің өзі шамамен 25 минутқа созылды. Ер адам қазірдің өзінде ауруханадан шығарылды.
Бұл өңір үшін неге маңызды?
Талғат Құрманов сүйек кемігінің аутологиялық трансплантациясы 65 жасқа дейінгі науқастарды емдеудің "алтын стандарты" екенін айтады. Бұл әдіс мұндай жандардың өмірін айтарлықтай ұзартып, белсенді тіршілікке оралтады.
Дерігер трансплантация Онкогематология және жілік майын трансплантациялау орталығының басшысы Вадим Кемайкин мен Шымкенттегі орталықтың онкогематология бөлімшесінің меңгерушісі Гамзат Сағындықовтың қатысуымен өткенін атап өтті.
Бұрын Шымкентте мұндай емді қажет ететін науқастар Қазақстанның басқа аймақтарына немесе шетелге баруға мәжбүр болатын. Енді мұндай көмекке өңірде қол жеткізуге болады.