Алматыда ЖРВИ-мен сырқаттанушылық артып барады, ал әлеуметтік желілерде қала тұрғындары бірнеше аптадан бері ерекше белгілерді талқылап, жаңа "вирус" пайда болғанын болжап жатыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сарапшылар қазіргі уақытта қандай инфекциялар таралып жатқанын және неге аурудың ауыр өтуі мүмкін екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.
Қазір қандай вирустар таралып жатыр?
Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенованың айтуынша, қазір қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты – ЖРВИ-мен ауырудың бақылау деңгейінен асуы байқалмайды.
Дегенмен, ауырғандар саны артып барады. 7-13 қыркүйек аралығында қалада ЖРВИ-дің 18 877 жағдайы тіркелген.
"Ауру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 779,4 болды. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 8,8 пайызға көп, бірақ былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,3 пайызға төмен", - дейді сарапшы.
Ауырғандардың 60 пайызға жуығы - 14 жасқа дейінгі балалар. Есепті аптада 11 253 бала ЖРВИ-мен ауырған.
Алматыда тұмау жағдайлары әлі тіркелген жоқ. Лабораториялық мониторинг мына вирустардың таралып жатқанын көрсетті:
- риновирус,
- парагрипп,
- РС-вирус,
- маусымдық коронавирус.
Сондай-ақ маман қалада жаңа, бұрын белгісіз болған немесе мутацияланған вирустардың анықталмағанын атап өтті.
"Біз әлеуметтік желілерде тарап жатқан болжамдарға емес, лабораториялық мониторинг мәліметтері мен ресми түсініктемелерге сүйенуге шақырамыз", - дейді Гаухар Каткенова.
Сондай-ақ аллергияның асқынуы да белсенді жүріп жатыр. Журналистер осының салдарынан қала тұрғындары ауруды ауыр өткеруі мүмкін бе деп сұрады.
"Аллергиясы бар адам бір уақытта вирустық инфекцияны жұқтыруы мүмкін. Мұндай жағдайда асқыну қаупі жоғары болады", - деп жауап берді сарапшылар.
Ауырғандар санының артуына қарамастан, спикерлер Алматыда эпидемиологиялық маусым әдеттегіден ерте басталды деп есептемейді. Олардың болжамы бойынша, аурудың шарықтау шегі қарашаның аяғы - желтоқсанның ортасына сай келеді.
Алматыда тұмауға қарсы вакцина қашан пайда болады?
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда профилактикалық екпе ұсынылған азаматтар үшін тұмауға қарсы вакцинация басталатынын хабарлаған болатын.
Бірақ әзірге Алматыға вакцина жеткізілген жоқ. Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиеваның айтуынша, ол қыркүйектің аяғында немесе қазанның басында келеді деп күтіледі.
"Биыл Алматының жергілікті бюджеті есебінен үш валентті "Гриппол Плюс" вакцинасының 250 мың дозасы сатып алынды. Препарат тұмау вирусының үш түрінен: А типінің екі және В типінің бір нұсқасынан қорғауға арналған", - деді Ләйлә Иманғалиева.
Қауіп тобындағылар үшін тегін вакцинацияны 2026 жылдың 30 қарашасына дейін өткізу жоспарланған.
Ауруханада кімдер және қандай диагнозбен жатыр?
Аурудың маусымдық өсуіне байланысты Алматының медициналық ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Ересектер үшін С. Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасында 200 төсек-орын және қосымша 50 резервтік орын дайындалған.
Ләйлә Иманғалиеваның айтуынша, дәрігерлер болашақ аналарға ерекше көңіл бөліп жатыр. Оларға бірінші кезекте үй жағдайында көмек көрсетіліп, күн сайын жағдайлары бақыланады және қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызылады.
Жүктілігі 22 аптадан асқан әйелдерге №4 қалалық перзентханада мамандандырылған көмек көрсетіледі.
Еске салсақ, қыркүйектен бастап мамандар ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша сырқаттанушылықты апта сайын қадағалап отырады. Олар қазіргі деңгейдің салыстырмалы түрде жоғары емес екенін атап өтті: 51 937 адам, бұл 2025 жылдың күз басындағы көрсеткіштерден 1,8 есе аз.
Коронавирус инфекциясы бойынша да сырқаттанушылықтың төмендегені байқалады: 2026 жылдың басынан бері Қазақстанда COVID-19-дың 87 жағдайы тіркелген. Мамандардың мәліметінше, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,3 есе аз.