Америкалық гематология қоғамы (ASH) темір тапшылығын анықтау бойынша жаңа клиникалық ұсынымдарды жариялады. Онда түрлі топтағы адамдар үшін ферритиннің неғұрлым жоғары шекті көрсеткіштері ұсынылды.
Не өзгерді және енді қандай көрсеткіштер диагностика үшін негіз болады - бұл туралы Tengri Health тілшісі баяндайды.
Енді ферритиннің қандай көрсеткіштері қолданылады?
Ферритин - бұл ағзадағы темір қорын сақтайтын ақуыз. Оның деңгейі қан талдауы арқылы анықталады. Ферритиннің жеткіліксіздігі темір тапшылығының белгісі болуы мүмкін.
Америкалық гематология қоғамы ферритиннің жаңа шекті мәндері бар ұсынымдар бекітті - яғни осы көрсеткіштен төмен болса, ағзадағы темір қоры жеткіліксіз деп есептеледі:
- тоғыз айдан төрт жасқа дейінгі балалар - бұрынғы 12 нанограммның орнына бір миллилитр қанға 20 нанограмм және одан төмен;
- ересектер, етеккірі келетін әйелдер және жүкті әйелдер - 15 нанограммның орнына 30 нанограмм және одан төмен;
- жоғары қауіп топтары, соның ішінде етеккірі көп келетін әйелдер мен анемиясы бар жүкті әйелдер - 50 нанограмм және одан төмен;
- қабыну аурулары, соның ішінде онкологиялық дерттері, ішектің қабыну аурулары немесе инфекциялары бар ересектер - ферритин 100 нанограммнан төмен немесе трансферриннің қанығуы 20 пайыздан төмен.
Сарапшылардың айтуынша, бұрынғы диагностикалық мәндердің кесірінен темір тапшылығының кейбір жағдайлары ескерусіз қалып келген. Бұл әсіресе көрсеткіші бұрынғы шекті межеге жақын болған адамдарға қатысты.
Темір тапшылығы анемиясыз да болуы мүмкін
Ұсынымдардағы басты өзгерістердің бірі - темір тапшылығын анемияның бар-жоғына қарамастан диагностикалау ұсынылады.
Егер ағзадағы темір қоры біртіндеп азайса, бұл гемоглобин деңгейіне бірден әсер ете қоймауы мүмкін.
Дегенмен адам бойында белгілі бір симптомдар байқала бастайды.
Америкалық гематология қоғамының мамандары темір тапшылығы бар адамдар диагноз қойылғанға дейін айлар бойы, тіпті жылдар бойы шаршаңқылық, әлсіздік, бас айналу және зейін қоюдың қиындауымен өмір сүруі мүмкін екенін айтады.
"Бұл ұсынымдар - дәрігерлердің темір тапшылығын ертерек әрі дәлірек анықтауына, ал пациенттердің қажетті көмекті дер кезінде алуына жасалған маңызды қадам", - деді Америкалық гематология қоғамының президенті, медицина докторы Роберт С. Негрин.
Оның сөзінше, темір тапшылығы мен темір тапшылығы анемиясы әлемдегі ең кең таралған, бірақ соған қарамастан жете бағаланбайтын аурулар қатарына жатады.
Ферритин не үшін маңызды?
Темір ағзаға оттегіні тасымалдайтын молекула - гемоглобинді өндіру үшін қажет. Сондай-ақ ол мидың, иммундық жүйенің және бұлшықеттердің жұмысына қатысады, терінің, шаштың және тырнақтың күйіне әсер етеді.
Темір қоры таусылғанда қуаттың жетіспеуі, ентігу, жүректің жиі соғуы, бас ауруы және терінің бозаруы байқалуы мүмкін.
Егер тапшылықты емдемесе, ол темір тапшылығы анемиясына ұласуы мүмкін. Бұл ретте бүкіл ағзаға оттегі тасымалдауға жауапты гемоглобин деңгейі төмендейді.
Мамандардың мәліметінше, Дүние жүзінде шамамен екі миллиард адамда темір тапшылығы кездеседі. Қауіп тобына жататындар:
- жүкті әйелдер мен етеккірі келетін әйелдер,
- балалар,
- асқазан-ішек жолдарының аурулары бар адамдар,
- тамақтануында шектеулер бар, қан жоғалтқан және басқа да созылмалы аурулары бар пациенттер.
"Сонымен қатар, кейбір бағалаулар бойынша, жоғары қауіп топтарындағы жағдайлардың 70 пайызына дейін анықталмай қалуы мүмкін", - деді ұсыным авторлары.
Мамандар мұны тексерілудің жеткіліксіздігі және диагностикалық шекті мәндердегі айырмашылықтармен байланыстырады.
Пациенттер үшін не өзгерді?
Ұсыным авторларының айтуынша, бұрын темір тапшылығын диагностикалау тәсілдері әртүрлі болған. Ферритиннің шекті мәндері туралы ортақ пікір болмады, ал кейбір жағдайларда тапшылықты анықтау қиынға соқты.
Ендігі ұсынылып отырған жаңа мәндер дәрігерлерге мәселені ертерек анықтауға көмектесуі тиіс.
"Ферритиннің жаңартылған шекті мәндері бұрын бірыңғай тәсіл болмаған салада нақты бағыт-бағдар береді", - деді ұсынымдарды дайындау жөніндегі жұмыс тобының төрайымы, медицина докторы Жаклин М. Пауэрс.
Оның айтуынша, бұл ұсынымдар пациенттерге тексерілу қажеттілігін тереңірек түсінуге және дәрігермен тиісті сараптамаларды талқылауға көмектесуі тиіс.
Америка гематология қоғамы адамдарға, әсіресе жоғары қауіп топтарына жататындарға, жаңа диагностикалық шектерді ескере отырып, ферритин деңгейін тексеру қажеттілігін мамандармен талқылауды ұсынады.