ПОДЕЛИТЬСЯ
Жамбыл облысында сот ер адамды жарақат салған әйелінің емделу шығындарын мемлекетке өтетуге міндеттеді. Істің мән-жайын Tengri Health тілшісі Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық соты прокурордың жергілікті тұрғын А.-дан жұбайын емдеуге мемлекет жұмсаған қаражатты өндіріп алу туралы талап арызын қарады.
Сот мәліметінше, ер адам әйеліне орташа дәрежедегі дене жарақатын салған. Әйел аудандық ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған қажетті көмек көрсеткен. Оны емдеуге мемлекет 330 мың теңге жұмсаған.
Бұған дейін ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін ерлі-зайыптының татуласуына байланысты іс тоқтатылды.
Алайда ер адам мемлекеттің әйелін емдеуге жұмсаған шығынын өтемеген. Сол себепті прокурор бұл соманы өндіріп алу үшін сотқа жүгінді.
Сот іс материалдарын зерделеп, прокурордың талабымен келісті.
Нәтижесінде ер адам мемлекетке әйелінің еміне жұмсалған 330 мың теңгені, сондай-ақ мемлекеттік бажды төлеуге міндеттелді.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін сот Ақтөбеде медициналық клиниканы пациентке моральдық зиян үшін 300 мың теңге төлеуге міндеттеді.
Тағы оқыңыз: Ақтөбелік танымал дәрігер алаяқтық үшін сотталды: істің мән-жайы
Астанадағы клиникада МӘМС қаражаты қалай жымқырылған: сотта алаяқтық схемасы айтылды