“Ковидтен зардап шеккен“: неге қазақстандықтар жаңа вирустарға шағымданып жатыр?

Фото © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Жыл сайын күз келгенде қазақстандықтар созылмалы тұмауға, ерекше белгілерге және қандай да бір "түсініксіз" вирустың пайда болғанына шағымдана бастайды.

Tengri Health тілшісі кейбір адамдарда ауру неге бірнеше күнде жазылып, ал басқаларында симптомдар апталап сақталатынын, вирустардың шынымен өзгеріп жатқанын және үйреншікті ЖРВИ не себепті жаңа ауру ретінде қабылданатынын анықтап көрді.

Неге күзде "ерекше" вирус пайда болғандай көрінеді?

Жарнама
Жарнама

Біз ақпарат алу үшін жүгінген отбасылық дәрігер Ирина Шинкаренко өткір респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) - бұл тыныс алу жолдарын: мұрын және ауыз қуысын, жұтқыншақты, көмейді, кеңірдекті, бронхтарды және тыныс алу жүйесінің басқа мүшелерін зақымдайтын аурулар тобы екенін еске салды.

ЖРВИ тудыруы мүмкін вирустардың 200-ден астам түрі бар.

"Олар біздің қалыптасқан иммунитетімізді айналып өту үшін үнемі мутацияға ұшырайды, түрін өзгертеді және бейімделеді", - деп түсіндіреді маман.

Ирина Шинкаренко
отбасылық дәрігер

Сондықтан, дәрігердің айтуынша, кейде биылғы үйреншікті инфекция басқаша өтіп жатқандай сезілуі мүмкін. Шын мәнінде, бұл әдеттегі маусымдық мутациямен байланысты.

"Біз мұны тұмау мысалынан жақсы білеміз. Вирус біздің қорғанысымызды айналып өтеді, мутацияланады, бейімделеді, сондықтан адамдарға да вакциналарды осы өзгерістерге үнемі бейімдеп отыруға тура келеді. Дәл осы себепті, вирустар сол қалпында қалса да, тұмау мен басқа да аурулардың белгілері жыл сайын әртүрлі болуы мүмкін", - дейді дәрігер.

Ол бүгінгі таңда эпидемиологтар ешқандай жаңа нәрсе анықтамағанын баса айтты. Бұл бұрыннан таныс респираторлық-синцитиальді вирус, метапневмовирус, аденовирустар, риновирустар және тағы басқалары.

"Яғни, жаңа симптомдар жаңа ауру дегенді білдірмейді. Олар вирустың түрі өзгергенін және үйреншікті белгілерді сәл басқаша тудыруы мүмкін екенін көрсетеді", - деп нақтылады спикеріміз.

Бірден бірнеше вирус жұқтыру мүмкін бе?

Кейде әлемде "оғаш вирус" пайда болғандай көрінуінің тағы бір себебі - адамның бірден бірнеше инфекция жұқтыруында.

Ирина Шинкаренко мұны растайды, бірақ мұндай жағдайлар сирек кездесетінін айтады. Дәрігердің айтуынша, адам бір инфекциядан айыға бастағанда, бірден екіншісін жұқтырып алатын жағдайлар жиі болады. Мұндайда алғашқы ауру әлі аяқталмағандай немесе асқынып кеткендей көрінуі мүмкін.

Мұндай жағдай әсіресе балаларда жиі кездеседі:

"Ата-аналар жиі келіп: "Баламның жөтелі басылмайды" деп жатады. Бірақ сұрастыра бастағанда, бала жазыла бастағаны (тіпті жөтел мүлдем болмайтын кезеңдер де болады), содан кейін ол қайта оралып, күшейіп, мұрнынан су аға бастағаны белгілі болады - нәтижесінде бала үнемі ауырып жүргендей әсер қалдырады".

Бірақ маманның айтуынша, іс жүзінде басқа вирус жұқтыру процесі жүріп жатыр. Бұл әсіресе күз бен қыста өте көп кездесетін жағдай.

Неге ЖРВИ апталап созылуы және әркімде әртүрлі өтуі мүмкін?

Аурудың ұзақтығына әртүрлі фактор әсер етеді. Ирина Шинкаренко бірінші кезекте вирустың мутациясын, иммунитет ерекшеліктерін және ықтимал асқынуларды атайды.

"Бір отбасы мүшелерінің мысалында біз мынаны көреміз: бірі инфекцияны жеңіл өткізеді, ал екіншісі дене қызуы көтеріліп, ауырсынып ауырады. Бұл - әр адамның ағзасының ерекшелігі мен инфекцияға беретін реакциясы. Мұндай құбылыс әбден заңды - одан қорқудың қажеті жоқ".

Егер адам бірнеше рет ауырып, қалпына келіп үлгермесе, онда асқыну қаупі артуы мүмкін. Мұндай жағдайда қарапайым вирус біз үйренгеннен гөрі ауыр немесе ерекше белгілерге әкелуі мүмкін.

Неге күзде адамдар жиі ауырады?

Инфекцияның барысына ауаның ластануы, аллергиялық ринит және созылмалы аурулар да әсер етеді.

Ирина Шинкаренко күздегі аурушаңдықтың артуын ең алдымен маусымдылықпен байланыстырады. Жазғы демалыстан кейін балалар мектепке, ересектер жұмысқа оралады, адамдар демалыстан келе бастайды.

"Олар демалыстан басқа елдерде жұқтырған инфекцияларды "ала келуі" мүмкін, ол жақта вирустардың өз ерекшеліктері мен мутациялары болуы ықтимал. Нәтижесінде осы инфекциялармен алмасу басталады", - деп түсіндіреді дәрігер.

Күн суытқанда үй-жайларды желдету де азаяды.

Дәрігердің пікірінше, биыл Алматыдағы ауа райы жағдайы да ерекше рөл атқаруы мүмкін. Қыркүйек айы құрғақ болды, қалада құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілді, соның салдарынан шаң-тозаң деңгейі артты.

"Сонымен қатар, биыл Алматыда жусан мен амброзия тозаңының рекорд деңгейі тіркелді. Осы факторлардың барлығы жиылып, мұрын мен ауыз-жұтқыншақтың шырышты қабығының механикалық және аллергиялық тітіркенуіне әкеп соғады. Бұл екі анатомиялық аймақ инфекцияның негізгі кіру қақпасы болғандықтан, олардың қорғаныс механизмдерінің кез келген әлсіреуі ауру қаупін арттырады - адам инфекцияға тез шалдығады", - деп түсіндіреді дәрігер.

Ирина Шинкаренко кейбір қазақстандықтардың үйреншікті күзгі инфекцияларды неге ерекше үреймен қабылдайтынының тағы бір көмес себебін атайды.

Дәрігердің айтуынша, коронавирус пандемиясынан кейін адамдар симптомдардағы кез келген өзгеріске мұқият қарайтын болған. Егер ауру әдеттегіден өзгеше өтсе немесе созылып кетсе, жаңа белгісіз вирус пайда болды деген ой туындайды.

"Барлығымыз ковидтен психологиялық жарақат алдық, енді бізге әр кез жаңа әрі қорқынышты бірдеңе пайда болғандай көрінеді. Аурудың өту барысы сәл өзгеше болса, дереу уайымға салынып, оны тезірек емдеуге, соның ішінде антибиотиктерді қолдануға асығамыз", - дейді спикеріміз.

Ол вирустық инфекциялардың антибиотикпен емделмейтінін айтты.

"Әрбір инфекцияны немесе дене қызуының көтерілуін антибиотикпен емдеудің қажеті жоқ. Вирус кезінде дене қызуы бес-алты, тіпті жеті күнге дейін сақталуы мүмкін - бұл қалыпты жағдай. Егер адам антибиотик ішу керек пе деген мәселеде күмәнданса, препаратты өз бетінше сатып алмай, дәрігерге жүгінгені абзал", - дейді Шинкаренко.

Еске сала кетейік, қыркүйектің басында қазақстандықтар әлеуметтік желілерде өздерінің ойынша COVID-19-ға ұқсайтын ауруды қызу талқылаған болатын. Адамдар қатты әлсіздікке, дененің сырқырауына, мұрынның бітелуіне, тамақ ауруына, жөтелге, сондай-ақ иіс пен дәм сезудің жоғалуына шағымданды. Сол кезде кейбіреулер бұл ауруды "мини-ковид" деп атаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу