ДСМ ата-аналарға балалардың мектеп сөмкесіне қатысты ескерту жасады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Рюкзак асынған оқушы қыз мектепке бара жатыр Рюкзак асынған оқушы қыз. Фото © Tengrinews.kz

Денсаулыққа қатысты мәселелердің алдын алу үшін мектеп рюкзагы қандай болуы керек және оны оқу жылы алдында қалай дұрыс таңдау қажеттігі туралы Денсаулық сақтау министрлігі айтты, деп хабарлайды Tengri Health.


Дұрыс салмақ формуласы: сыныптар бойынша норма

Ата-аналарға негізгі бағдар - толық жиналған рюкзактың салмағы баланың дене салмағының 10 пайызынан аспауы тиіс, деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Мысалы, оқушының салмағы 30 келі болса, рюкзак ішіндегі барлық затпен қоса 3 келіден аспауы керек.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, мектеп сөмкесінің өз салмағын есептемегенде, күнделікті оқу жиынтығының ұсынылатын салмақ нормалары мынадай:

  • 1–3 сыныптар: 2 келіге дейін;
  • 4–5 сыныптар: 2,5 келіге дейін;
  • 6–7 сыныптар: 3,5 келіге дейін;
  • 8–11 сыныптар: 4,5 келіге дейін.

Не нәрсеге назар аудару керек?

Бос рюкзактың өз салмағы барынша жеңіл - 1 келіден аспауы тиіс, деп атап өтті министрліктегілер.

"Мамандар мектеп рюкзагын баламен бірге таңдауға кеңес береді. Сатып алмас бұрын рюкзакты баланың арқасына салып көріп, оқушының бойына сәйкес келетініне және арқасына ыңғайлы орналасатынына көз жеткізген жөн", - делінген хабарламада.

Дұрыс таңдалған рюкзак:

  • жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік беретін кең әрі жұмсақ иықбаулар;
  • арқаның дұрыс орналасуын қамтамасыз ететін тығыз арқа бөлігі;
  • қараңғы уақытта бала анық көрінуі үшін жарық шағылыстыратын элементтердің болуы;
  • берік әрі су өткізбейтін материалдан жасалған.

"Рюкзактың өз салмағын да ескерген маңызды. Ол неғұрлым жеңіл болса, балаға түсетін қосымша жүктеме де соғұрлым аз болады. Мамандар бос рюзактың салмағы 1 келіден аспауын ұсынады. Рюкзак бала үшін тым үлкен болмауы және белден айтарлықтай төмен түсіп тұрмауы тиіс", - деп түсіндірді ДСМ өкілдері.

Рюкзактағы артық заттардан арылыңыз

Ең ыңғайлы рюзактың өзі бала күн сайын қажетсіз заттарды алып жүрген жағдайда ауыр болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналарға рюзактың ішін мезгіл-мезгіл тексеріп отыру ұсынылады.

Сабақта қажет болмайтын ойыншықтарды, артық дәптерлерді, кітаптарды және басқа да заттарды үйде қалдырған дұрыс.

Сондай-ақ баланы рюзакты екі иығына қатар асып жүруге үйрету маңызды. Бұл жүктеменің біркелкі бөлінуіне мүмкіндік береді, деп атап өтті Денсаулық сақтау министрлігі.

Егер мектепте шкаф немесе сақтауға арналған басқа орын болса, оқулықтар мен оқу құралдарының бір бөлігін сыныпта қалдыру ұсынылады.

Ыңғайлы рюкзак:

  • "баланың бойына сәйкес келеді, артық заттар болмайды және салмағы оқушының дене салмағының 10 пайызынан аспайды. Осындай қарапайым күнделікті әдеттер баланың оқу күндерін жайлы өткізуіне және арқасы мен иығына түсетін артық жүктемені азайтуға көмектеседі", - деп түйіндеді ДСМ.

Бұған дейін Қазақстанда оқушыларды бағалау ережесін өзгерту ұсынылғаны туралы жазған болатынбыз. Оқу-ағарту министрлігі бұйрық жобасын дайындады, оған сәйкес бастауыш сыныптарда үйреншікті БЖБ мен ТЖБ-дан бас тартылуы мүмкін.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу