ПОДЕЛИТЬСЯ
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтаудағы пациенттің әкесі хирургқа жасаған шабуылға қатысты пікір білдірді. Ол дәрігер жанжалға өзі себепкер болғанын растайтын негіздер бар-жоғын айтты, деп хабарлайды Tengri Health.
Ақмарал Әлназарова Ақтауда хирургқа шабуыл жасаған ер адамды - пациенттің әкесін дәрігер арандатқанына әзірге ешқандай дәлел жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкіметте өткен брифингте айтты.
Журналист дәрігерлерге шабуыл жасағаны үшін жазаның қатаңдатылуына байланысты ата-аналар дәрігерлерге жүгінуге және өз құқықтарын қорғауға қорқып қалмай ма, сондай-ақ жанжалға дәрігердің өзі себепкер болғаны анықталса, ол жауапкершілікке тартылуы тиіс пе деген сұрақ қойды.
"Дәрігер баланың әкесін осындай жағдайға жеткізді деген мәлімдемелер әзірге ешқандай дәлелмен расталған жоқ. Егер қылмыстық іс аясында мұндай жайт анықталса, тиісті шаралар қабылданады. Қылмыстық іс қозғалды, оқиғаның мән-жайына құзырлы органдар құқықтық баға береді", - деп жауап берді Әлназарова.
Сонымен қатар министр Қазақстан бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық көрсету фактілері бойынша 50-ге жуық қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қылмыстық кодекстің жаңа бабы 2026 жылғы 7 наурыздан бастап күшіне енген.
Медицина қызметкерінің өміріне қауіп төндіретін зорлық-зомбылық үшін ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Оқиға 31 қазанда болған. Пациент әкесі Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде медицина қызметкеріне шабуыл жасаған.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жанжал дәрігер өзінің кәсіби міндеттерін орындап жатқан кезде басталған. Ол көмек сұрап келген ер адамға баласының жағдайын түсіндіріп, белгілі бір препаратты тағайындау қажеттігін айтып жатқан.
Сол сәтте баланың әкесі тарапынан агрессивті әрекеттер жасалып, бұл бейнебақылау камерасына тіркелген.
Дәрігерге шабуыл жасаған ер адам да, хирург та өз нұсқаларын айтты. Пациенттің әкесі дәрігер ұлындағы соқырішекті анықтай алмағанын және дер кезінде көмек көрсетілмегенін алға тартты. Оның айтуынша, осы жағдайлар жанжалға түрткі болған.
Ал хирург балаға барлық қажетті көмек көрсетілгенін және ешқандай қақтығыс болмағанын түсіндірді.
Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады.