Ақтауда хирургке шабуыл жасалды: дәрігер мен баланың әкесі жанжалға қатысты өз нұсқаларын айтты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ауруханадағы емделушілер мен дәрігерлер Бейнеден алынған кадр

Бірер күн бұрын Қазнетте Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде пациенттер бірінің әкесі медицина қызметкеріне шабуыл жасаған видео тарады. Оқиға 2026 жылғы 31 қазанда дәрігердің кезекшілігі кезінде болған. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Сондай-ақ зардап шеккен дәрігер мен шабуыл жасаған ер адам өз нұсқаларын айтты, деп хабарлайды Tengri Health.


Шабуыл қалай болды?

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жанжал дәрігер өзінің кәсіби міндеттерін орындап жатқан кезде басталған. Ол көмек сұрап келген ер адамға баласының жағдайын түсіндіріп, белгілі бір препаратты тағайындау қажеттігін айтып жатқан.

Сол сәтте баланың әкесі тарапынан агрессивті әрекеттер жасалып, бұл бейнебақылау камерасына тіркелген.

"Бейнежазбаны зерделеу барысында дәрігер тарапынан медициналық этика және деонтология талаптарын бұзу, ата-ананы арандату немесе жанжалға себеп болатын әрекеттер байқалмаған", - делінген Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Анықтама: Медициналық деонтология - бұл медицина қызметкерлерінің пациенттермен, олардың туыстарымен және әріптестерімен қарым-қатынасы кезіндегі кәсіби мінез-құлық ережелерін зерттейтін медициналық әдеп бөлімі.

Ведомство дәрігер емдеу тактикасын түсіндіріп жатқанын атап өтті.

"Осы уақытта баланың әкесі дәрігердің жұмыс үстелін аяғымен теуіп, оны мойнынан қылқындырған, қабырғаға қарай итеріп, жұлқылап, физикалық күш қолданған", - деп хабарлады басқарма өкілдері.

Оқиға кезінде қабылдау бөлімінде болған басқа пациенттердің ата-аналары да аталған жағдайдың куәгері болды.

"Бұл әрекеттер медицина қызметкерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қанақоймай, қабылдау бөлімінің қалыпты жұмысына кедергі келтірді. Соның салдарынан медициналық көмек күтіп отырған басқа балаларға қызмет көрсету процесіне де кері әсерін тигізді", - деп толықтырды ведомство.

"Назар аудартқым келді": дәрігерге шабуыл жасаған ер адам не дейді?

Баланың әкесі Шаншархан Абдухалим оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді, ол әлеуметтік желіде осы жағдай бойынша үш видео жариялаған.

Оның айтуынша, 19 қазанда қызуы 39 градусқа көтеріліп, іші қатты ауырған ұлын ауруханаға алып келген, оларды хирург Қанат Исмаил қарсы алған. Бала тоқтаусыз жылаған. Әкесі талдау нәтижелерін көрсеткен.

"Дәрігер баланың ішін ұстап қарады. Балам ішін ұстатпайды. Соқырішектің белгілері болды: балам шыңғырып жылап, құсып жатыр, іші де өтіп жатыр. Дәрігер қарағаннан кейін ішіне жел қарысқан деді. Мен талдама алыңыздар деп айттым. Талдау алуын бір сағат күтіп отырдым", - дейді ол видеода.

Әкесінің айтуынша, балада соқырішектің асқыну белгілері байқалған. Бірақ дәрігерлер баланы үйіне қайтаруды ұсынған.

"Маған үйге қайта бер деп қолхат жазып берді. Онда хирургия тарапынан ешқандай белгі жоқ деп жазылған", - дейді ол.

Ер адам аурухана қызметкерлеріне жалынып, баласына көмек көрсетуді сұраған.

"Кейін олар амалдың жоқтығынан баламды ауруханаға жатқызды. Баламның қызуы түні бойы 39 болып, таңға дейін түспеді. Таңертең сағат 8:30 шамасында хирургиядан басқа дәрігер келіп, ішін қараған кезде бірден: "Операция" деді", - деп баяндайды әкесі видеода.

Ол жанжалдың туындауына бастапқыда баланы тексерген хирургтың қарым-қатынасы себеп болғанын айтады. Ер адамның сөзінше, бұған дәрігердің сөздері мен диагнозды бірден қоймағаны әсер еткен.

"Дәрігер маған бірнеше рет дөрекі әрі намысыма тиетін сөздер айтты. Атап айтқанда, "Балаңды қарайын ба, қарамайын ба?" деп мысқылдап сөйлеп, мені келемеждегендей әрекет көрсетті. Мен балам үшін бәріне дайынмын, бәріне сабыр сақтадым. Көп нәрсеге көз жұмып қарауға тура келді", - деді ер адам.

Ақырында бұл жағдай жанжалға ұласып, қазір оған құқық қорғау органдары баға беріп жатыр.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі 2 қарашада хабарлағаны бойынша, әкесі медицина қызметкеріне шабуыл жасаған бала расында 19 қазанда балалар хирургиясы бөлімшесіне жатқызылған. Оған лапароскопиялық диагностикалық аппендэктомия операциясы жасалған.

Анықтама: Лапароскопиялық аппендэктомия - бұл құрсақ қуысындағы шағын тіліктер арқылы арнайы жабдықтың көмегімен аппендикс (соқырішек өскіні) алу операциясы.

Ведомство 22 қазанда баланың анасы стационарлық емді жалғастырудан өз еркімен бас тартқанын атап өтті.

"Кейін 25 қазанда қайта келген кезде де емді жалғастырудан ата-анасы тарапынан бас тарту жағдайы болды. Медициналық құжаттарда анасының медициналық қызметкерлерге шағымы мен талабы жоқ екені көрсетіліп, тиісті жазбаша қолхат рәсімделген", - деп хабарлады ведомство.

"Егер әркім осылай шабуыл жасай берсе, бізден не қалады?": дәрігердің нұсқасы

Оқиғаға қатысты зардап шеккен дәрігер Қанат Исмаил да пікір білдірді. Ол оқиғаның мән-жайын жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев жариялаған видеода бөлісті.

Дәрігердің айтуынша, ата-ана баласымен оған алғаш рет 19 қазанда, жұмыс ауысымының соңында жүгінген. Дәрігер қажетті тексерулерді тағайындап, содан кейін науқасты басқа кезекші мамандарға тапсырған. Исмаилдың айтуынша, содан бері ол баланы қайта жүгінгенге дейін көрмеген.

"Маған "аппендицит" диагнозын қоймады және отаға қатысты деп жала жапты. Бірақ мұндай болған емес. Мен бұл баланы қабылдау кезінде небәрі 15 минут көрдім", - деп еске алады маман.

Отадан кейін қайта жүгінген кезде дәрігерлер қысқа мерзімде тексеру тағайындаған. 30 минуттың ішінде науқасқа талдаулар жасалып, рентгенге түсірілген - барлық қажетті шара атқарылды, дейді дәрігер.

"Мен балаға ота жасалғанын, оның басқа да аурулары болуы мүмкін екенін, оның міндетті түрде хирургиялық сипатта болмауы мүмкін екенін түсіндірмек болғанымда, ер адам маған шабуыл жасады. Мен онымен жанжалдасқан жоқпын, ұрыспадым, заң аясында жұмыс талабына сай әрекет еттім", - дейді ол.

Қанат Исмаил облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде хирург болып жұмыс істегеніне 20 жылдан асқанын атап өтті. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде ол көптеген науқасқа көмектескен, бірақ болған жағдай оның жұмысқа ынтасына қатты әсер еткен.

"Көмектесуге, жұмыс істеуге тырысамыз. Күн демей, түн демей осындамыз, кейде тәулік бойы жүреміз. Осындай жағымсыз қарым-қатынастан кейін қалай жұмыс істеуге болады? Жігерім құм болды. Ал балалар көп, бәрі ауырады. Еңбегің мен біліміңді бір тепкеннен жоқ қылғанын сезіну өте ауыр. Ол не үшін тап берді? Мен оған не істедім? Егер әркім осылай шабуыл жасай беретін болса, бізден не қалады? Бұдан кейін қалай жұмыс істейміз?" - деп дәрігер эмоциясын жасыра алмады.

Ер адамға қандай жаза берілуі мүмкін?

Шабуылдан кейін ауруханаға полиция шақырылды. Зардап шеккен дәрігер Қанат Исмаил құқық қорғау органдарына арыз жазды.

"Бейнематериалдар полицияға тапсырылды. Қазір құқық қорғау органдары тарапынан оқиғаға тиісті құқықтық баға берілуін күтіп отырмыз", - делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Бұған дейін Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты пікір білдірген болатын. Ведомствоның мәліметінше, жанжалдың алдын ала себебі - әкенің көрсетілген қызмет пен емдеу сапасына көңілі толмауы.

Полиция қылмыстық іс қозғады, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, 7 наурызда Қазақстанда Қылмыстық кодекстегі өзгерістер күшіне енді. Олар медицина қызметкерлеріне қатысты физикалық күш көрсету мен қоқан-лоқы үшін жазаны қатайтуды көздейді.

Заң медицина қызметкерлеріне шабуыл жасау оқиғалары жиілеп кеткеннен кейін қабылданды.

Қылмыстық кодекстің "Медицина қызметкеріне қатысты күш қолдану қатерін төндіру немесе күш қолдану" атты 380-3-бабының санкциялары бойынша мынадай жаза қарастырылған:

  • күш қолдану қатерін төндіру – 200-ден 500 АЕК-ке дейін (865 000-нан 2 162 500 теңгеге дейін) айыппұл, 300 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру;
  • егер мұндай әрекет ауырлататын мән-жайлар кезінде жасалса – екі жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе одан айыру;
  • өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану – 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл (2 162 500-ден 4 325 000 теңгеге дейін), 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар немесе екі жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе одан айыру;
  • өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолдану –бес жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге, ал ауырлататын мән-жайлар кезінде жасалса – жеті жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.

Тағы оқыңыз: Екібастұзда бір топ мас адам дәрігерді есінен танғанша сабап тастаған - видео

Алматыдағы ауруханада медицина қызметкері мен пациент арасындағы төбелес видеоға түсіп қалды

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу