ПОДЕЛИТЬСЯ
Астанада жүрегі көп адамдікіндей сол жақта емес, оң жақта орналасқан әйелге күрделі ота жасалды, деп хабарлайды Tengri Health Астана қаласының № 2 көпбейінді қалалық ауруханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Науқастың есімі - Күлжан Фазылова. Оның жүрегіндегі күрделі ақау жүктілік кезінде басталған.
Қыркүйекте, жүктіліктің 30-аптасында медициналық көрсеткіштерге байланысты әйелге кесар тілігі жасалған. Босанғаннан кейін шамамен 40 күн өткен соң Күлжанның жүрегіне ота қажет болған.
"Науқастың жүрек қақпақшаларының бірі қатты тарылып, қалыпты қан айналымын қиындатқаны анықталды. Дәрігерлер зақымдалған қақпашаны биологиялық протезбен алмастыру туралы шешім қабылдады", - деді аурухана өкілдері.
Үш сағатқа созылған отаны № 2 көпбейінді қалалық аурухананың мамандары жүрек-қантамыр хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі Алексей Смоленскийдің жетекшілігімен жасады.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жүрегі мен басқа да ағзалары кері орналасуы жұмысты айтарлықтай күрделендірген. Кардиохирургтің тәжірибесінде мұндай жағдай алғаш рет кездесіп отыр.
"Әрине, алдын ала дайындалдық. Күлжанның жүрегі көп адамдікіндей сол жақта емес, оң жақта орналасқанын ескеріп, жүректің КТ суреттерін зерттедік. Сондай-ақ, негізгі қан тамырларының орналасуы мен ағзаның анатомиялық құрылымын тексердік", – деді Алексей Смоленский.
Дәрігердің айтуынша, митральды қақпашаны алмастыру отасы сәтті өткен. Отадан кейінгі тексеріс әйелдің жүрегі жақсы жиырылып, орнатылған протез талапқа сай жұмыс істеп тұрғанын көрсеткен.
Емдеу мен оңалту кезеңінен кейін Күлжан Фазылова ауруханадан шығарылады. Енді ол үйіне, баласы мен отбасына орала алады.
Бұған дейін Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында жүктіліктің жетінші айындағы әйелден ми ісігін сәтті алынғанын хабарладық.