Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында жүктіліктің жетінші айындағы әйелдің миындағы ісік сәтті алынып тасталды, деп хабарлайды Tengri Health.
Ота неге қажет болды?
Ұлттық орталық баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы облысының тұрғыны Ғалияда аурудың алғашқы белгілері 2024 жылы алдыңғы жүктілігінен кейін байқалған. Оны бас ауруы мен айналуы мазалап, уақыт өте келе белгілер күшейе түскен.
"Бастапқыда пациент өзін жайсыз сезінуін босанғаннан кейінгі қалпына келу кезеңімен байланыстырған. Алайда белгілері біртіндеп күшейіп, ол невропатологқа жүгінген. Магнитті-резонанстық томография нәтижесінде мишық құртында кистозды компоненті бар жаңа түзіліс анықталды", – деп хабарлады орталық өкілдері.
Сол кезде дәрігерлер әйелге ота жасауды ұсынғанымен, Ғалия одан бас тартқан. Кейін кезекті тексеру барысында оның аяғы ауыр екені анықталды. Жүктілік кезінде денсаулығы нашарлап, бас ауруы күшейе түскен.
Жүктіліктің алтыншы айында пациент Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына кеңес алуға жүгінген. Мамандар қажетті тексерулер жүргізіп, ота жасау туралы шешім қабылдаған.
Ота қалай өтті?
Операцияны бөлім меңгерушісі, профессор, нейрохирург дәрігер Нұржан Рысқелдиев пен нейрохирург дәрігер Мұратбек Тілеубергенов жасаған.
Мамандар интраоперациялық нейромониторинг жүйесін қолдана отырып, ісікті микрохирургиялық әдіспен алып тастады.
Ми ісігін алып тастау операциясы. Фото: Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі.
Пациенттің аяғы ауыр екенін ескере отырып, операцияға медицина ғылымдарының докторы, профессор, акушер-гинеколог Талшын Ұқыбасованың жетекшілігімен "Ана мен бала" ұлттық орталығының мамандары да тартылды. Нейрохирургтер ісікті алып тастап жатқан бүкіл операция барысында олар ұрықтың жағдайы мен жүрек соғысын бақылап отырды.
Операция шамамен үш сағатқа созылып, сәтті аяқталды. Әйел операциядан кейін бірден бас ауруы айтарлықтай басылғанын сезген.
Пациент операция туралы не деді?
Ғалия операциядан кейінгі әсерін бөлісті.
"Бұл – менің екінші жүктілігім. Бұл баланы көптен күтіп жүрмін. Кейбіреулер ісікті емдеу үшін жүктілікті тоқтатуға кеңес берді. Алайда мен бұған келіспедім. Интернеттен Ұлттық нейрохирургия орталығы туралы ақпарат тауып, мұнда жүкті әйелдерге, соның ішінде менің жағдайыма ұқсас пациенттерге ота жасалатынын білдім", – деді ол.
Дәрігерлермен кеңескеннен кейін әйелдің көңілі орнына түскен. Мамандар оған баласын аман сақтап, ота жасатуға болатынын түсіндірген. Ғалия қазір өзін жақсы сезінетінін айтады.
"Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургтеріне, "Ана мен бала" орталығының акушерлеріне және көрсеткен кәсібилігі, қамқорлығы мен көмегі үшін барша медицина қызметкеріне шексіз алғысымды білдіргім келеді", – деді ол.
Ұлттық орталық мәліметінше, бұл – аяғы ауыр әйелдерге жасалған 16-шы күрделі нейрохирургиялық ота.
Бұған дейін "Ана мен бала" ұлттық ғылыми орталығында сирек кездесетін патология салдарынан кеңірдегінде тыныс алу түтіктерімен жылдар бойы өмір сүріп, сөйлей алмай келген балалардың дауысы қалпына келтірілгені туралы жазған едік.