ПОДЕЛИТЬСЯ
Астанада Балаларға арналған шұғыл медициналық көмек орталығын салу жоспарлануда. Алдын ала есептеулер бойынша, ол жылына бүкіл елден тоғыз мыңға жуық пациентті қабылдай алады. Құрылыс қашан басталатыны және онда қандай мамандар көмек көрсететіні туралы Tengri Health материалында.
Жаңа балалар ауруханасы Астанадағы Нұра ауданы, Тұран даңғылы бойында, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының (ҰШМҮО) аумағында бой көтереді.
200 төсек-орынға есептелген ғимарат орталықтың өзге бөлімшелерімен байланыстырылады. Бұл туралы бізге Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбеков айтып берді.
"Аурухананың ашылуы балаларға арналған шұғыл және мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады", - деп толықтырды ол.
Құрылыс 2027 жылдың басында басталып, 2028 жылдың желтоқсанында аяқталады деп жоспарланған.
Клиникада мынадай бөлімшелер ашылады:
"Сондай-ақ біз аллергология, токсикология, неврология, эндокринология, гастроэнтерология, кардиология, нефрология және пульмонология бейіндері бойынша мамандандырылған көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз", - деді Ержан Әділбеков.
Орталықта жаңа туған нәрестелерге де көмек көрсетіледі: қажетті оталар жасалып, шала туған нәрестелер күтімі жүргізіледі және өмірінің алғашқы күндерінде анықталған аурулар емделеді.
Орталық жылына 8 900-ге жуық пациентті қабылдай алады, бірақ әзірге бұл - алдын ала есептеулер.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының аумағында орналасуының арқасында жаңа балалар ауруханасы жедел жәрдем қызметімен және елорданың басқа да клиникаларымен тығыз іс-қимыл жасай алады.
Балалар бұл жерге жедел жәрдем көліктерімен және санитарлық авиация арқылы Астананың өзге ауруханаларынан, сондай-ақ Қазақстанның аймақтарынан жеткізіледі.
Бұған дейін біз Алматыда перзентхананың жаңа корпусы салынып жатқанын, ол ашылғаннан кейін қазіргімен салыстырғанда екі есе көп босанушыны қабылдай алатынын хабарлаған болатынбыз.