ПОДЕЛИТЬСЯ
Астанада сирек кездесетін патология салдарынан тамағына тыныс алу түтігі орнатылып, жылдар бойы сөйлей алмаған балалардың дауысы қайта шықты.
Tengri Health тілшісі кішкентай науқастарға ота жасаған хирургпен сөйлесіп, балалардың басынан не өткергенін және олардың өздігінен тыныс алып, сөйлеуі үшін дәрігерлердің қандай әрекеттер жасағанын білді.
Жақында Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының парақшасында әсерлі видео пайда болды: балалар мен ата-аналар бірге Қазақстан әнұранын шырқап тұр. Кейбір аналар мен әкелер үшін бұл ерекше сәт болған көрінеді.
"Бір кездері оларға тыныс алу қиын еді, қазір олар ән салады", - делінген роликте.
Кішкентай науқастар жақында ғана тыныс алу жолдарының тарылуымен сипатталатын көмей стенозы дертінен емделген болатын.
Дерт асқынған жағдайда мұндай диагнозы бар балалар өздігінен тыныс ала алмайды және арнайы түтікті пайдалануға мәжбүр болады. Олар сөйлей де алмайды - ата-аналар баласының алғашқы сөзін есту үшін жылдар бойы күтеді.
Ана мен бала ұлттық орталығының бас және мойын бөлімінің меңгерушісі, лор-хирург Алмат Бекпанның айтуынша, әнұран айтқан балаларға белгілі ресейлік хирург Павел Пряниковтың шеберлік сағаты кезінде ота жасалған.
"Біз көмей стенозы мен ісігі бар балаларға 100-ден астам ота жасадық. Бұл ауру туралы тіпті дәрігерлер арасында да білетіндер аз. Біздің орталық - елімізде осы патологиялармен айналысатын жалғыз мекеме", - деп түсіндіреді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, көмей стенозы төрт сатыдан тұрады. Ол ересектерде де кездеседі, бірақ көбінесе балаларда байқалады. Себептері әртүрлі болуы мүмкін, мысалы, отадан кейінгі асқынулар немесе апаттар салдарынан болады.
Алмат Бекпан үшінші және төртінші дәрежеде көмей саңылауының тарылатыны соншалықты (бірнеше миллиметрге дейін), баланың өз бетінше тыныс алуы мен сөйлеуі мүмкін болмайтынын айтады. Сондықтан кеңірдекке арнайы Г-тәрізді түтік - трахеостома орнатылады, балалар онымен жылдар бойы өмір сүруі мүмкін.
Көмей стенозы кезіндегі тағы бір қиындық - ұзақ емделу процесі. Ол бірнеше айдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін - дәрігерлер нақты мерзімді алдын ала айта алмайды.
"Біз үш-төрт жыл бойы емдеп келе жатқан балалар бар. Көп нәрсе ілеспе ауруларға байланысты", - дейді хирург.
Ол мамандардың күрделі оталар арқылы көмей саңылауын қалпына келтіретінін түсіндірді. Баланың жағдайына байланысты әртүрлі әдістер, соның ішінде ларингопластика және бужирлеу қолданылады.
Отадан кейін дәрігерлер тыныс алу жолдарының өткізгіштігі қалпына келген-келмегенін және баланың өз бетінше тыныс ала алатынын тексереді. Егер жағдай мүмкіндік берсе, арнайы түтік алынады.
Дәрігерлер үшін әнұран айтқан балалардың оқиғасында дәл осылай болды. Бұл идея қайдан шықты? Алмат Бекпан бөлім мамандары апта сайын жұмыс нәтижелерін талқылап, жетістіктерімен бөлісетін жалпы жиналыс өткізетінін айтады.
"Осындай кездесулердің бірінде біз әріптестерімізге ауыр көмей ауруы бар балалардың отадан кейінгі ілгерілеуін көрсетуді жөн көрдік. Біз өте жақсы нәтижелерге қол жеткіздік және онымен бөлісу біз үшін маңызды болды", - дейді хирург.
Дәрігерлер ата-аналардан балаларына әнұран сөзін үйретіп, оны ақ халаттыларға айтып беруді өтінген. Бұл импровизацияланған қойылымға қазір жасы үш пен тоғыз аралығындағы кішкентай науқастар қатысты.
Отадан кейін олар тек өз бетінше тыныс алып қана қоймай, дауыстары да қалпына келе бастады. Ата-аналар үшін бұл өте толқынысты сәт болды. Кейбіреулері көз жасына ие бола алмады.
"Олар балаларының туғаннан бері дауысын, тіпті жылағанын да естімеген ғой. Оны алғаш рет естудің қандай екенін елестетіп көріңізші? Бұл - үлкен бақыт. Ата-аналар дән риза болды", - дейді Алмат Бекпан.
Дәрігерлер мұндай науқастар үшін қатты алаңдайды.
"Бұл - сауығу үшін ұзақ жолдан өтуі тиіс балалардың ауыр тобы. Көбінесе бәрі тез нәтиже күтеді, бірақ бұл жағдайда олай болмайды", - дейді дәрігер.
Әңгіме соңында хирург пациенттермен жұмыс істеген жылдар ішінде олардың бір-біріне бауыр басып кететінін айтады. Ал олардың сөйлегенін, тіпті ән салғанын көру - күнделікті жұмыстың не үшін жасалатынын тағы бір мәрте сезіну екенін жеткізді.
Бұған дейін біз Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері 18 жастағы жігіттің қолының қимылын қалай қалпына келтіргені туралы баяндаған болатынбыз. Жол-көлік оқиғасынан кейінгі ауыр жарақат салдарынан ол екі жылға жуық уақыт бойы қолын шынтағынан өздігінен бүге алмаған.