Шығыс Қазақстан облысының 18 жастағы тұрғыны Николай жол апатынан ауыр жарақат алған. Екі жылға жуық уақыт бойы жас жігіт шынтағын бүге алмады. Қолын көтермек болған сайын, ол қайта түсіп кететін. Оның оқиғасын Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының өкілдері айтып берді, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.
Жол апаты және қолдың жансыздануы: не болды?
Осыдан екі жыл бұрын жас жігіт мопед айдап бара жатып жол-көлік оқиғасына ұшыраған. Жарақаттан кейін алдымен оң қолы жансызданып, уақыт өте келе Николайға оны қозғалту қиындай түскен.
2025 жылдың мамырында ол Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына жүгінді. Дәрігерлер тексеру барысында жігіттің иық өрімі - қолдың қозғалысы мен сезімталдығына жауап беретін жүйке шоғыры қатты зақымданғанын анықтады.
"Николай оң қолын шынтақ буынынан бүге алмайтын және иық тұсында әлсіздік сезінетін", - деп бөлісті Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі.
Дәрігерлер нені анықтады және ота қалай өтті?
Николайға ота жасаған балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің нейрохирургы Дархан Исабаевтың айтуынша, жарақат салдарынан жас жігіттің жұлын жүйкесінің түбіршігі үзіліп кеткен. Зақымданған жерде киста пайда болып, осыған байланысты Николай қолын шынтағынан бүгу және оны көтеру қабілетінен айырылған.
Фото: Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі
Қолдың қозғалысын қалпына келтіру үшін хирургтар бес сағат бойы микрохирургиялық жүйкеаралық трансплантация жүргізді.
"Ота кезінде жоғалған функцияларды қалпына келтіру үшін ортаңғы және шынтақ жүйкелерінің тармақтарын бұлшықет-тері жүйкесіне (ол қолды шынтақ буынында бүгетін бұлшықеттердің жұмысына қатысады) бағыттадық", - деп түсіндірді Дархан Исабаев.
Нейрохирург-дәрігер Дархан Исабаев. Фото: Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі
Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жағдайларда оңалу процесі біртіндеп жүреді және уақытты қажет етеді. Сол себепті ота туралы қазір, арада бір жарым жыл өткен соң айтуды жөн көрген.
Николайдың жағдайы қалай өзгерді?
Алғашқы оң өзгерістерді дәрігерлер ауруханадан шығарғанға дейін-ақ байқаған: Николайдың иық тұсындағы сезімталдығы қалпына келе бастады.
МӘМС бойынша жасалған отадан кейін жас жігіт мамандар ұсынған жаттығуларды жасады. Қазір ол екі қолын да толыққанды қолдана алады, егер қолын әрі қарай шынықтыра берсе, қозғалысы бұдан да жақсара түспек.
"Бұл жағдай перифериялық жүйкелердің ауыр зақымдануын емдеуде микрохирургияның қаншалықты маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Мұндай жарақаттардан кейін сауығу уақытты талап етеді", - деп атап өтті нейрохирург Дархан Исабаев.
Николай Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері мен бүкіл ұжымына кәсіби шеберлігі, емдеу барысындағы зейіні мен қамқорлығы үшін алғыс айтты.
Бұған дейін Ақмола облысында жол апатынан ауыр зардап шеккен Галина Федоренконың оқиғасы туралы жазған едік. Апат салдарынан оның екі жақыны қаза тауып, әйелдің өзі ауыр жарақат алған.
Тағы оқыңыз: Шексіз үш минут: Ақмола облысындағы мектеп медбикесі нәрестені қалай құтқарып қалды?