Ақтөбеде науқас емханадан 300 мың теңге өндіріп алды

Фото:depositphotos.com

Ақтөбеде сот медициналық клиниканы пациентке моральдық зиян үшін 300 мың теңге төлеуге міндеттеді. Әйел тексеру және емделу кезінде қиындықтарға тап болғанын мәлімдеген, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі.

Қайта тексеру: не болды?

Сот мәліметтері бойынша, әйел жол-көлік оқиғасына ұшырап, содан кейін қалалық медициналық клиникалардың бірінде тексерістен өтіп, амбулаторлық ем алған. Диагностика нәтижелері әртүрлі түсіндірілген.

Жарнама
Жарнама

Нәтижесінде дәрігерлер диагноз бойынша нақты бір шешімге келе алмаған, ал пациентке қосымша тексерулерден өтуге тура келген. Салдарынан емдеу процесі созылып кеткен.

"Бұл ретте медициналық ұйым бейінді мамандардың қатысуымен қарама-қайшы тексеру нәтижелерін алқалы түрде талқылауды дер кезінде ұйымдастырмаған", - делінген сот хабарламасында.

Сот шешімі

Ақтөбе қаласының № 3 сотының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, әйел медициналық ұйымға қарсы талап арызбен сотқа жүгінген. Ол медициналық көмектің тиісті деңгейде көрсетілмеуі салдарынан келтірілген моральдық зиянды өтеуді талап етті.

Сот дәлелдемелерді зерттеп, медициналық мекеме тарапынан кеткен заңбұзушылықтар мен пациенттің уайымын ескерді. Нәтижесінде талап арыз ішінара қанағаттандырылып, клиника әйелге 300 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Тағы оқыңыздар: Астанадағы клиникада МӘМС қаражаты қалай жымқырылған: сотта алаяқтық схемасы айтылды

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу