Астанадағы клиникада МӘМС қаражаты қалай жымқырылған: сотта алаяқтық схемасы айтылды

Астана клиникасындағы МӘМС қаражатын жымқыру. Кескін ЖИ арқылы жасалған

Астанада жеке клиника иесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінен ақша жымқыру ісі бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Медициналық ұйымда жоқ адамдар қалай пайда болды, олар қалай "емделді" және бұл схемаға тағы кімдер қатысты - Tengri Health материалынан оқыңыз.

Жалған жүйе қалай жұмыс істеді?

Шілдеде Қаржылық мониторинг агенттігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) қаражатын жымқыру ісі бойынша Forte сlinic (Tumar) ЖШС жеке клиникасының басшысына қатысты үкім шыққанын хабарлады. Бұл туралы БАҚ көп жазды. 

Біз сот актісін зерттеп, осы іске қатысушылар қалай әрекет еткені туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді білдік.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының Tengri Health иелігіндегі үкіміне сәйкес, 2023 жылғы сәуір мен тамыз аралығында елордалық Forte сlinic (Tumar) ЖШС-нің нақты басшысы Д. Н. мен Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығы (ҰДСДҒО) Астана филиалының маманы Е. А. медициналық сақтандыру қорынан ақшаны заңсыз шығару үшін алдын ала сөз байласқан. 

Схема екі негізгі кезеңнен тұрды: алдымен клиникаға жоқ пациенттер "тіркелді", содан кейін оларға жалған медициналық қызметтер рәсімделіп, сол үшін ӘМСҚ-дан ақша алынып отырды.

Бұл былай жүзеге асырылған.

Жоқ адамдар және шамадан тыс пациенттерді тіркеу

Қазақстандықтар өздері қызмет алғысы келетін емхананы таңдап, оған тіркеле алатыны белгілі. Бұл eGov арқылы өтініш беру немесе медициналық мекемеге тікелей бару арқылы жүзеге асады. Forte clinic басшысы екінші әдісті пайдаланған.

Іс материалдарына сәйкес, ол азаматтардың атынан жазылған жалған өтініштер негізінде оларды Forte clinic (Tumar) ЖШС-не тіркеуге өтінімдер қалыптастырып,
тіркелген халық регистрінің медициналық ақпараттық деректер базасына
пациенттер туралы көрінеу жалған мәліметтер енгізген.

Бұл өтінімдерді істің екінші фигуранты - Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық орталығының елордалық филиал қызметкері заңсыз мақұлдап отырған. Ол өзінің қызметтік жағдайын және ақпараттық жүйелерге қолжетімділігін пайдаланып, жалған өтінімдерді растаған.

Нәтижесінде клиникаға тіркелген халық саны сегіз есеге жуық өскен - оған 15 786 адам заңсыз тіркелген.

"Тіркелген халықтың жалпы санынан 15 786 азамат электрондық үкімет веб-порталы арқылы емес, ұйымның бірінші басшысының атына жазылған жазбаша өтініш бойынша тіркелген", - делінген үкімде.

Куәгерлер өз түсініктемелерінде клиниканың мұншама пациентке қызмет көрсетуге мүмкіндігі болмағанын айтқан.

DamuMed-тегі жалған қабылдаулар

Бірақ схема мұнымен шектелмеген. Клиникаға жалған пациенттерді "тіркегеннен" кейін оның басшысы олар үшін медициналық қызметтерді ойдан шығара бастаған.

Ол DamuMed ақпараттық жүйесіне кіріп (бұл жүйеде Қазақстандағы медициналық клиникалардың басым бөлігі жұмыс істейді - ред. еск.), дәрігерлер мен жалған тіркелген "пациенттердің" есептік жазбалары арқылы оларға медициналық қызмет көрсетілгені туралы жазбалар енгізген. Бұл адамдар өздерінің "белсенді емделіп жатқандарын" білмеген және клиникаға ешқашан жүгінбеген.

Жалған қызметтердің арқасында клиника Медициналық сақтандыру қорынан заңсыз 79 604 200 теңге алған, бұл аса ірі көлемдегі шығын деп есептеледі.

Ереже бойынша, ӘМСҚ көрсетілген қызметтер үшін ақшаны клиниканың шотына аударады, бұл жағдайда да солай болған. Осыдан кейін Forte clinic басшысы өз жеке шотына 13 550 000 теңге аударған. Ал "көрсеткен қызметі" үшін алғыс ретінде Ұлттық орталықтағы танысына 705 000 теңге жіберген.

Қалған қаражатты клиника басшысы өз қалауы бойынша жұмсаған, делінген сот құжаттарында.

Неге 15 мың адам "тіркелді": айыпталушының нұсқасы

Сот барысында клиника басшысы 2022 жылы Forte clinic-ке шамамен 1,5 мың нақты пациент өз еркімен тіркелгенін және 2022 жылдың 31 желтоқсанында Медициналық сақтандыру қорымен келесі жылға ресми келісімшарт жасалғанын айтты.

Анықтама: Қазақстанда мемлекеттік емханалар да, жеке емханалар да Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) қаражаты есебінен медициналық көмек көрсете алады. Ол үшін олар белгіленген талаптарға сай болып, қормен келісімшарт жасауы тиіс. Қаржыландырудың бір бөлігін емханалар жан басына шаққандағы норматив бойынша, яғни әрбір тіркелген пациент үшін алады. Осылайша, емханада пациент неғұрлым көп болса, ол ӘМСҚ-дан соғұрлым көп қаражат ала алады. Бұдан бөлек емханалар қордан пациенттерге көрсетілетін жекелеген медициналық қызметтер үшін де қаражат алады.

Жұмыстың алғашқы айларында бәрі талапқа сай болған. Бұл туралы сотталушы сотта айтты. Алайда 2023 жылғы сәуірде ол емделушілер санын жасанды түрде көбейтуді ұйғарған. Сөйтіп, істің екінші фигурантымен таныстығын пайдаланып, одан ережелерді айналып өтіп, жаппай өтінімдерді мақұлдауды сұраған.

"Сотталушы Д. Н. (клиника басшысы - ред. еск.) тағылған айып бойынша кінәсін толық мойындап, 2022 жылы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ-мен келісімшарт жасау үшін барлық кезеңнен өту мақсатында халықты тіркеу науқанын жүргізу туралы шешім қабылдағанын көрсетті", - делінген іс материалдарында. 

Ол алдағы уақытта тіркелген халыққа медициналық қызмет көрсетіп, клиниканы дамытуды жоспарлағанын, бірақ оны жүзеге асыра алмағанын айтып сендірді. Сотталушы сыбайласының көмегінсіз жүйеге 15 мың жоқ адамды енгізу техникалық тұрғыдан мүмкін емес екенін растап, сол үшін оған алғыс ретінде ақы бергенін айтты. 

Клиника басшысы заңсыз алынған 79,6 миллион теңгені жеке басына иемденбегенін, оны жұмыс қажеттіліктеріне: қызметкерлердің жалақысына, дәрі-дәрмек, жабдықтар сатып алуға және салық төлеуге жұмсағанын алға тартты.

Сотта ер адам істеген ісіне өкініп, асырауында төрт баласы мен қарт анасы бар екенін еске салып, соттан темір торға тоғытпауды сұрады.

"Басында ұсыныстан бас тартқанмын": заңсыз схеманың екінші қатысушысының ұстанымы

Екінші сотталушы да сотта кінәсін толық мойындады. Ол Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының Астанадағы филиалында маман болып жұмыс істегенін айтты.

Емделушілерді тіркеу оның міндетіне кірмесе де, қызметкерлердің бірін-бірі алмастыру принципінің арқасында қажетті ақпараттық жүйеге қолжетімділігі болған.

Е. А.-ның айтуынша, ол басында Д. Н.-ның көмектесу туралы ұсынысынан бас тартқан, бірақ кейін ескі танысының сөзін жерге тастамай, өз ЭЦҚ-сы арқылы өтінімдерді мақұлдауға келіскен. Ол мұны жұмыс компьютерінен де, үйінен де жасап отырған.

"Ол өз іс-әрекеттерінің құқыққа қайшы екенін түсінгенін мойындады. Н. Д. оған көрсеткен қызметі үшін ақшалай сыйақы, сондай-ақ қажет болған жағдайда медициналық немесе материалдық тұрғыдан көмек көрсетуге уәде берген", - делінген сот үкімінде. 

Ол да жасаған ісіне өкініп, бас бостандығынан айырмауды сұрады. 

"Туысың үшін 1000 теңге бонус": науқан қалай басталды?

Клиниканың бұрынғы қызметкері К. Ж.-ның жауаптары көрсеткіштер соңынан қуу қалай басталғанын және ол не үшін қажет болғанын ашып берді.

Оның айтуынша, 2022 жылдың аяғында қызметкерлердің алдына қандай да бір жолмен тіркелген халық базасын көбейту міндеті қойылған - бұл Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасау мүмкіндігін алудың негізгі шарттарының бірі болған.

Анықтама: Қазақстандағы барлық клиника ӘМСҚ-мен жұмыс істей бермейді. Қор қаражаты есебінен медициналық көмек көрсету үшін олар белгілі бір талаптарға сай келіп, онымен келісімшарт жасауы тиіс. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) көрсететін емханалар үшін шарттардың бірі - тіркелген емделушілер саны. Клиниканың қордан алатын қаржыландыру көлемі де осы көрсеткішке тікелей байланысты.

"Тіркеу негізінен клиника қызметкерлерінің таныстары мен жақындары есебінен жүргізілді, бұл ретте аталған іс-әрекеттерді орындау ерікті-мәжбүрлі сипатта болды және Д. Н.-ның (клиника басшысы - ред. еск.) тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Әрбір тіркелген азамат үшін қызметкерлерге 1000 теңге көлемінде сыйақы төленді, ол бонус пен  сыйақы түрінде ресімделді", - делінген іс материалдарында. 

Бұл туралы екі куәгер айтып берді, тағы бірнешеуі, керісінше, олардан ешкім туыстарын емделуші ретінде тартуды сұрамағанын жеткізді. 

30 000 расталмаған қызмет және ақшаны қайтару 

Ақыры жағдай былай болған: 2023 жылдың 1 сәуірі мен 31 шілдесі аралығында клиника "тіркелген" халыққа (сол баяғы 15 786 адам) 79 604 200 теңге сомасында жалған медициналық қызмет көрсеткені туралы қорға есеп берген.

Жалпы алғанда, төлем жасау үшін 30 000-нан астам расталмаған қызмет ұсынылған. 

Ақшаны қайтару және үш еселенген айыппұл

2023 жылы Медициналық сақтандыру қоры мониторинг жүргізіп, қулықты әшкереледі. Тексеріс қорытындысы құқық қорғау органдарына жолданды. Іс материалдары 2025 жылдың наурызында мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта қаралды. 

Нәтижесінде "Forte clinic" ЖШС-нен "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ пайдасына 218 282 462, 94 теңге өндірілді - бұл заңбұзушылық сомасының 300 пайызы. Мұндай ереже ӘМСҚ-ның клиникалармен жасалатын келісімшартында бекітілген.

Сот қандай тоқтамға келді?

Сот Д. Н. және мен Е. А.-ны алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Үкімде олардың қылмыстық әрекеттері қасақана сипатта болғаны айтылған. Сотталушылар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын заңсыз иемдену үшін пациенттерді жалған тіркеу және медициналық қызмет көрсету туралы жалған мәліметтер енгізу схемасын ұйымдастырған.

Заңсыз тіркеу туралы қылмыстық іс қаралғанға дейін клиника қорға 95 миллион теңгеден аса қаражатты қайтарып үлгерген - бұл экономикалық соттағы бірінші азаматтық істен кейін болған жағдай.

Сот қорғаушы тараптың "мемлекетке келтірілген шығын толық өтелді" деген уәжін екі себепке байланысты негізсіз деп тапты.

  1. Ақшаны кінәлілер емес, клиника төлеген. Іс материалдарында қаражаттың азаматтық дау аясында сот шешімімен өтелгені және төлемді сотталушылардың өздері емес, "Forte сlinic (Tumar)" ЖШС жүргізгені көрсетілген. Азаматтық кодекстің 917-бабына сәйкес, зиянды оны келтірген тұлға өтеуі тиіс.
  2. Мәжбүрлі қадам. Қаражат мониторинг жүргізіліп, заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін және ішінара қылмыстық іс қозғалғаннан кейін аударылған. Бұл кінәні өз еркімен өтеуді емес, заңды тұлғаның қарызды мәжбүрлі түрде жабуын білдіреді.

Сот клиника басшысының жалған өтінімдерді жолдауды ұйымдастырғанын, ал Е. А. өзінің қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, оларды мәліметтер базасында бекітіп отырғанын анықтады. Сот соңғысын қылмыстың сыбайлас орындаушысы деп таныды.

Е. А. іс-әрекетінсіз бұл схеманы іске асыру мүмкін емес еді, сондықтан олар пайдакүнемдік ниетпен жасалған тікелей бірлесіп орындаушылық ретінде сараланды.

Нәтижесінде:

  • Клиника басшысы Д. Н. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша сотталды.
  • Е. А. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағы (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, қызмет бабын пайдаланумен ұласқан ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша сотталды.

Сотталушыларға қандай жаза кесілді?

Сот екі айыпталушыны да кінәлі деп танып, оларды жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде өтеумен нақты бас бостандығынан айыруға үкім кесті.

Д. Н. 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның танысы Е. А. бастапқыда 3 жылға сотталған, бірақ "ҚР Конституциясының 30 жылдығына байланысты амнистия туралы" заң негізінде оның жаза мерзімінің бестен бір бөлігі қысқартылды. Түпкілікті жаза 2 жыл 4 ай 24 күн бас бостандығынан айыру болып белгіленді.

Клиника туралы не белгілі?

Клиника Tumar деп аталады, ол "Forte сlinic" ЖШС атына тіркелген. Оның нарықта жұмыс істеп жатқанына алты жылдан асты.

Қызмет еткен уақытында компания 94 миллион теңге салық төлеген. Графикке сәйкес, табыстың ең жоғары көрсеткіші жоқ адамдармен жасалған махинациялар кезеңіне тұспа-тұс келген.

Салық аударымдарының динамикасы. Kompra.kz деректері

Сондай-ақ оның есебінде жалпы соммасы 7,8 миллион теңге болатын 15 мемлекеттік келісімшарт және бірнеше ондаған мыңнан бірнеше ондаған миллион теңгеге дейінгі сомма болатын 48 сатып алу тіркелген.

Қазір компанияның банк шоттары бұғатталған. Сонымен қатар банкроттық туралы іс қозғалды. Аты-жөні алаяқтық үшін сотталған басшымен сәйкес келетін құрылтайшының банктегі шоттары, мүлкі мен көліктері бұғатталған. 

Тағы оқыңыз: Жоқ пациенттерді “емдеген“: Түркістан облысында жүздеген миллион теңгенің схемасы әшкереленді

“Лафа бітті“. МӘМСҚ-ның жаңа басшысымен көлемді сұхбат

Балаларды қағаз жүзінде ғана емдеген: МӘМС-тен ондаған миллион теңге жымқырылған

Авторы: Елизавета Аксенова

Дайындаған: Айнұр Қапышова

Жарнама
Жарнама
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу