ПОДЕЛИТЬСЯ
Түркістан облысының 24 жастағы тұрғыны бауыр циррозына шалдыққан 46 жастағы әпкесіне донор болды. Жігіт күрделі отадан қорыққанына қарамастан, жақын адамының өмірін сақтап қалу үшін бауырының бір бөлігін беруді ұйғарған. Отадан кейін екеуі де сауығып, ауруханадан шығар кезде дәрігерлер екі қатарға тұрып, қол шапалақтап шығарып салды, деп хабарлайды Tengri Health.
Әйелдің денсаулығына қатысты қиындықтар бауыр трансплантациясынан бірнеше жыл бұрын басталған. Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 2020 жылы одан алғаш рет В вирус гепатиті анықталған.
Екі жылдан кейін әйел бойынан әлсіздік байқап, тез шаршай бастаған. Дәрігерге қаралғаннан кейін тексеріс жүргізіліп, нәтижесі оның бауыр циррозына шалдыққанын көрсеткен.
Ем қабылдағанымен, ауру асқына берген. Уақыт өте әйелдің жағдайы нашарлап, түрлі асқыну пайда болған. Соның салдарынан ара-тұра қан кеткен.
Дерттің беті қайтпаған соң дәрігерлер науқасқа бауыр трансплантациясын жасауды ұсынған.
Науқасқа жақын туысының бауырының бір бөлігін ауыстырып салу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай отада донордың денсаулығы медициналық талаптарға сай болуы керек.
Дәрігерлер бауыр ауыстыру қажет екенін айтқаннан кейін туыстары донор іздей бастаған. Бірнеше адам қарастырылғанымен, ең қолайлы донор әйелдің туған ағасының 24 жастағы ұлы болып шыққан.
Жігіт барлық медициналық тексерістен өткен. Дәрігерлер жігіт әпкесіне донор бола алатынын растаған.
"Донор болу туралы шешім қабылдау оған оңай соққан жоқ. Жігіт ұзақ ойланып, алдағы отаның салдары бола ма деп алаңдаған. Соған қарамастан, жақын адамының өмірін сақтап қалу үшін донор болуға бел буды", - деді басқарманың баспасөз қызметі өкілі.
Науқастың туған ағасы ұлының шешімін қолдаған. Ал інісі донор болуға жарамды екені туралы хабар әйелді қатты қуантып, сауығып кетуге деген үмітін арттырған.
Ота шамамен тоғыз сағатқа созылған.
Алдымен хирургтар 24 жастағы донордың бауырының бір бөлігін алып тастаған. Содан кейін әйелдің циррозға шалдыққан бауырын алып, орнына донорлық фрагментті салған. Осыдан кейін мамандар ауыстырылған бауыр бөлігіне қан барып, ол қалыпты жұмыс істеуі үшін қан тамырларының байланысын қалпына келтірген.
"Бұл ең жауапты кезеңдердің бірі болды", - деді ведомство өкілдері.
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының дәрігерлері ота жасады. Оған хирург-трансплантологтар, анестезиолог-реаниматологтар, мейірбикелер және басқа да мамандар қатысқан.
Отадан кейін дәрігерлер екі науқастың да жағдайын жіті бақылауда ұстады. Біртіндеп олардың жағдайы тұрақталды. 2026 жылы 2 қарашада әйел мен оның інісі ауруханадан шықты. Дәрігерлер мен мейірбикелер дәліз жасап, оларды қошеметпен шығарып салды.
Әйелдің баласымен қауышқан сәті көпшіліктің жүрегін елжіретті. Баласы анасын гүл шоғымен күтіп алды.