Жетісу облысының тұрғыны төрт ұл босанып, жеті баланың анасы болды

Төртемдердің ата-анасы дәрігерлермен бірге перзентханадан шығу кезінде. Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы баспасөз қызметінің фотосы

Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны төрт ұлды дүниеге әкелді. Енді оның отбасында жеті бала бар. 10 қарашада әйел Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық ғылыми орталығынан үйіне шығарылды, деп хабарлайды Tengri Health.

Жүктілік қалай өтті?

Бұл - әйелдің төртінші жүктілігі, оның бұған дейін үш баласы бар. Ол жүктіліктің 12-аптасында дәрігерге есепке тұрған. Бұл жолы бір емес, бірден төрт сәби күтіп жүргенін білгенде, алғашында өз де сенбеген.

Жарнама
Жарнама

"Талай сезімді бастан өткердім: таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым да. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына қатты сендім", – деді ол.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жүктілік - акушерлік практикада өте сирек кездесетін әрі күрделі жағдай. Статистика бойынша мұндай оқиға шамамен 600-700 мың жағдайдың біреуінде ғана кездеседі.

Әйел 23-аптадан бастап Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық ғылыми орталығы (АГПҰО) мамандарының бақылауында болды.

Асқыну және мерзімінен бұрын босану қаупі жоғары болғандықтан, дәрігерлер барлық сәби аман-есен дүниеге келуі үшін әйелді бірнеше рет ауруханаға жатқызған.

Төрт ұлдың есімдері кім?

2026 жылғы 24 қыркүйекте жүктіліктің 30-аптасы 6-күнінде әйелге кесарь тілігі жасалды. Осылайша, төрт ұл өмірге келді:

  • Арлан – 1400 грамм, 40 сантиметр;
  • Арсылан – 1700 грамм, 42 сантиметр;
  • Әлихан – 1700 грамм, 44 сантиметр;
  • Әмірхан – 1700 грамм, 43 сантиметр.

Алайда бұл басы ғана еді.

"Біздің ұжым үшін бұл – ерекше жағдай. Төрт ұл дүниеге келуі - дәрігерлер мен медбикелердің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Аман-есен босандырып қана қоймай, шала туған әр сәбиге медициналық көмек көрсету де өте маңызды", – деді сәбилерді үйіне шығару рәсімінде АГПҰҒО басқарма төрағасы Ардақ Аязбеков.

Сәбилерді үйіне шығару рәсімі қалай өтті?

Әйел орталықтың дәрігерлері мен барлық медицина қызметкеріне көрсеткен қамқорлығы, қолдауы үшін алғыс білдірді.

"Бүгін үйіме, отбасыма оралатыныма қатты бақыттымын. Бізді күтіп жүрген үлкендерімді қатты сағындым. Оларды тезірек құшақтап, кішкентай бауырларымен алғаш танысқан сәтін көргім келеді", - деді ол ағынан жарылып.

Төртемнің ата-анасы мен дәрігерлер. Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық орталығы баспасөз қызметінің суреті

Төртемнің әкесі де толқынысын жасыра алмады:

"Бірден төрт ұлдың әкесі болу - шексіз бақыт, үлкен жауапкершілік. Осы уақыт ішінде жұбайым мен сәбилер үшін қатты уайымдадық, жақсылықтан үміт үзген жоқпыз. Мен үшін ең бастысы - жарым мен балаларымның денсаулығы, сондай-ақ, үлкен отбасымыз түгел жиналуы", - деді ол.

Ұлттық орталық мамандары төртемді өз балаларындай шығарып салды. Дәрігерлер мен медбикелер сәбилерді үйіне шығарып салып, естелікке суретке түсу үшін жиналды.

Бұған дейін Шымкентте екі егіз тапқан ана үшем босанғанын жазған болатынбыз.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу