“Биометриядан өтіңіз“: азаматтарға “дәрігерлерден“ күмәнді қоңырау түсіп жатыр

Сурет нейрожелі көмегімен жасалған

Азаматтар кейінгі уақытта өзін емханалар мен ауруханалардың қызметкері ретінде таныстырып, биометриялық сәйкестендіруден өтуді сұрайтын белгісіз тұлғалардың күмәнді қоңырауына шағымданып жатыр. Tengri Health тілшісі алаяқтардан қалай қорғану керек екенін анықтап көрді.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық деректі қорғау туралы не дейді?

Әлеуметтік желіде азаматтар медициналық мекемелерге барғаннан кейін белгісіз адамдардан қоңырау түскенін айтқан жазбалар жиі пайда болады.

Жарнама
Жарнама

Бұл емхана атынан соғылған қоңыраулар немесе "скринингтен" өтуге шақыру болуы мүмкін. Жақында әлеуметтік желі қолданушысы анасы ауруханадан шыққаннан кейін оған осындай хабарлама келгенін айтты. Азаматтарға биометриялық сәйкестендіруден өту немесе талдау тапсыру ұсынылады.

Мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек екенін білу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жүгіндік.

Ведомство ауруханаға жатқызу, ауруханадан шығару және денсаулық жағдайы туралы мәлімет медициналық құпияға жататынын мәлімдеді.

"Қазақстан заңнамасы бұл ақпаратты қорғайды. Медицина қызметкерлері науқастың дерегін тек жұмыс бабында және медициналық көмек көрсету үшін пайдалана алады", - деді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері.

Оларды заңды негізсіз бөгде тұлғаларға беруге тыйым салынады.

Клиникаларды тексеру және дерек тарап кету қаупі

Министрліктегілер азаматтар жеке немесе медициналық дерегі таралып кеткені туралы ресми хабарлаған жағдайда мамандар тексеретінін айтты.

Науқас біреу оның жеке ақпаратын заңсыз алды немесе пайдаланып жүр деп есептесе, e-Otinish порталы арқылы Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне өтініш жібере алады.

"Ақпарат қайдан тарағанын және заңбұзушылық бар-жоғын анықтау үшін әр жағдай жеке қаралуы керек", - деп жауап берді министрлік өкілдері.

Өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардан қалай қорғауға болады?

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мекеме өкілімен сөйлесіп жатқанына көз жеткізбейінше, бейтаныс адамдардың өтінішін орындамауға кеңес береді.

Биометриялық сәйкестендіруден өту ұсынылса, телефон тұтқасын дереу қою керек.

"Азаматтар оны медициналық қызмет алу кезінде медициналық ұйымның өзінен өте алады", - деп еске салды Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері.

Сізге қоңырау шалып, талдау тапсыруды немесе скринингтен өтуді ұсынса:

  • Әңгімені тоқтатып, аурухананың немесе емхананың ресми сайтындағы немесе басқа сенімді дереккөздегі нөмір бойынша өзіңіз хабарласыңыз.
  • Ақпаратты нақтылаңыз. Емдейтін дәрігерден немесе тіркеу бөлімінің қызметкерінен сізге талдау шынымен тағайындалған-тағайындалмағанын, оның қандай көрсеткіштер бойынша және қай жерде тапсырылуы керек екенін сұраңыз.
  • Құпия мәліметті айтпаңыз. SMS кодтарды, құпия сөздерді және жеке кабинеттер мен цифрлық сервистерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін басқа да ақпаратты айтпаңыз.
  • Дәлелді сақтаңыз. Қоңырау күмән тудырса, телефон нөмірін, сөйлескен күн мен уақытты жазып алыңыз, хат-хабарларды және басқа да мәліметті сақтап, құқық қорғау органдарына жүгініңіз.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу