ПОДЕЛИТЬСЯ
№ 7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері тоғызыншы қабаттан құлап кеткен 34 жастағы әйелді аман алып қалды. Ол ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен - оған көптеген сынық пен ішкі мүшелерінің зақымдануы диагнозы қойылды, - деп хабарлайды Tengri Health.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, пациент шұғыл түрде № 7 ҚКА-ға жеткізілген. Дәрігерлер одан бассүйек-ми жарақатын, кеуде қуысының ауыр жарақатын, қабырғаларының сынуын, пневмоторакс пен гемотораксты анықтады. Сондай-ақ, әйелдің жамбас, ортан жілік және тоқпан жілік сүйектері сынған.
"Ауруханаға түскен кезде жағдайы өте ауыр деп бағаланды: кома және өлім қаупі жоғары травматикалық шок болды", - деді ведомство өкілдері.
Тіпті ауруханаға жатқызылғанға дейін жедел жәрдем бригадасы интубация жасап, шокқа қарсы терапияны бастаған. Әйел стационарға жеткізілгеннен кейін оған барлық қажетті шұғыл көмек көрсетілді.
Жарақаттардың ауырлығына байланысты емдеу шараларына түрлі бейіндегі мамандар тартылды.
№ 7 ҚКА директоры Нұрдос Қадырбековтің айтуынша, әйел алдымен жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде жатқан, онда дәрігерлер ауыр шок пен көптеген жарақат салдарын емдеген. Жағдайы тұрақталғаннан кейін ол политравма бөлімшесіне ауыстырылды.
Мұқият дайындықтан кейін пациенттің аяқ-қолдарына бір мезетте ота жасалды, ал екі күннен кейін жамбас сүйектеріне хирургиялық ем жүргізілді. Барлық кезеңде асқыну қаупі жоғары болғаны айтылды.
"Дегенмен, командалық жұмыс пен дұрыс таңдалған емдеу тактикасының арқасында біз оң нәтижеге қол жеткізе алдық. Жарақаттардың ауырлығына қарамастан, ауруханаға түскеннен кейін жетінші күні-ақ дәрігерлер арнайы жабдықтың көмегімен пациентті жатқан күйінен тік қалыпқа біртіндеп үйрете бастады", - деді № 7 ҚКА политравма бөлімшесінің меңгерушісі Рамазан Әскеров.
Оныншы күні әйел ауруханадан шығарылған. Ол барлық медициналық көмекті МӘМС жүйесі аясында алды.