Пластикалық отадан кейін бет-әлпеті бұзылған әйел хирургтен өтемақы өндіріп алды

Фото: depositphotos.com

Ақтауда сот хирургты пластикалық отадан кейін тыртық қалған пациентке үш миллион теңге төлеуге міндеттеді. Алматыда қайта жасалған ота бет жүйкесінің зақымдануына әкеп соққан, деп хабарлайды Tengri Health тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Пластикалық отадан кейін не болды?

Соттың анықтауынша, 2022 жылдың маусымында әйел бет пішінін түзету үшін Ақтаудағы хирургке жүгінген. Отадан кейін оның құлақ айналасында келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндерінің жағдайы нашарлап, сырт келбеті өзгерген.

Жарнама
Жарнама
Анықтама: Келоидты тыртықтар - бұл зақымдалған терінің жазылу процесінде түзілетін тыртық тінінің шамадан тыс өсуі. Олар отадан, күйіктен, жарақаттан немесе құлақты тескеннен кейін пайда болуы мүмкін.

"Алғашқы ем қабылданғанына қарамастан, пациенттің жағдайы жақсармаған. Туындаған мәселелерге байланысты ол басқа мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған", - делінген хабарламада.

2025 жылы әйел кемшіліктерді түзету үшін Алматыда қайта ота жасатуға бел буады. Алайда, іс материалдарына сәйкес, отадан кейін пациенттің бет жүйкесінің тармағы зақымданып, жұмсақ тіндері деформацияға ұшыраған.

"Нәтижесінде пациент ұзақ уақыт бойы физикалық жайсыздық сезініп, моральдық зардап шеккен", - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Пациент асқынулар сапасыз медициналық көмектің салдарынан болды деп есептеп, Ақтау қалалық № 2 сотына алғашқы отаны жасаған хирург-дәрігердің үстінен талап арыз түсірген.

Ол дәрігерден емделу шығындарын өтеу үшін 20 миллион теңге және моральдық зиян өтемі ретінде тағы 10 миллион теңге өндіруді талап етті.

Сот шешімі

Сот іс материалдары мен сот сараптамаларының қорытындыларын зерделеді. Олар әйелдің денсаулығына зиян келгенін және медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуіне байланысты моральдық зардап шеккенін растады.

Бірақ пациентке 20 миллион теңгені өндіріп алудың сәті түспеді: ол барлық шығынды растайтын құжаттарды ұсына алмаған.

Анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот талап арызды ішінара қанағаттандырып, хирургті әйелге моральдық зиян өтемі ретінде үш миллион теңге төлеуге міндеттеді.

Шешім заңды күшіне енді.

Бұған дейін Жамбыл облысында сот ер адамды өзі жарақат салған әйелінің емі үшін мемлекетке ақша төлеуге міндеттегенін хабарлаған болатынбыз.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу