ПОДЕЛИТЬСЯ
Қыркүйек соңында Петропавлда колледж студенттерінің бірінен халық арасында "теміреткі" деп аталатын терінің зең инфекциясы анықталды. Санитарлық дәрігерлер эпидемиологиялық тергеуді аяқтады. Мамандардың нені анықтағаны және инфекцияның қалай таралғаны туралы Tengri Health материалында.
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінің ақпаратынша, колледжде барлығы дене дерматофитиясының зертханалық түрде расталған 14 жағдайы тіркелді. Бастапқыда сегіз адамның ауырғаны белгілі болған еді.
Эпидемиологиялық тергеу барысында мамандар науқастардың барлығы жатақхананың бір қабатында тұрғанын анықтады. Олардың бөлмелері көршілес орналасқан, ал студенттер өзара тығыз тұрмыстық қарым-қатынаста болған.
"Сондай-ақ мамандар бірінші болып ауырған адаммен байланыста болған инфекцияның ықтимал көзін анықтады", - деп хабарлады департамент.
Ведомство оның нақты не екенін нақтыламады.
Инфекция таралмас үшін мамандар науқастар тұрған және оқыған орындарды дезинфекциялады. Студенттерге медициналық бақылау орнатылды.
"Тергеу нәтижесі бойынша департамент қызметкерлері колледжге айыппұл салды", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жағдайды бақылауда ұстайды.
Санитарлық дәрігерлер дерматомикозды жұқтырудың алдын алу бойынша бірнеше ұсыныс берді:
"Теріде немесе бастың шаш бөлігінде кез келген бөртпе пайда болған жағдайда - дерматолог дәрігерге дер кезінде жүгіну қажет. Ол диагнозды анықтап, қажет болған жағдайда ем тағайындайды", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Петропавлда студенттердің зең инфекциясын жұқтырғаны туралы 25 қыркүйекте белгілі болды. Ол кезде қалалық көпбейінді облыстық ауруханаға "дене дерматофитиясы" деген алдын ала диагнозбен сегіз пациент түскен.