МӘМС-сіз тегін тексерілу: 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап не өзгереді?

Сурет:depositphotos.com

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар емханаларда бірқатар негізгі медициналық тексерістен тегін өте алады. Тексеріс кезінде әлеуметтік мәні бар ауру анықталса, оны диагностикалау мен емдеу шығынын мемлекет өтейді. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды TengriHealth.

"Алғашқы медициналық-санитариялық көмек аясындағы кейбір тексерістер азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлығына қолжетімді болады", - деді министр.

Қандай тексерістер қолжетімді болады?

Жарнама
Жарнама

Өзгерістер жобасына сәйкес МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар емханаға алғаш жүгінген кезде қан мен зәрдің жалпы талдауын тапсыра алады. Сондай-ақ, қан қысымын өлшету, электрокардиограмма (ЭКГ), флюорография, пульсоксиметрия, кейбір функционалдық зерттеулерден өту, іш қуысы мен бүйректі ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) қызметтері қолжетімді болады.

Алайда бұл тек негізгі медициналық қызметтер тізіміне қатысты. Яғни сақтандырусыз барлық тексерістен тегін өтуге болады деген сөз емес.

Емдеу ақысын кім төлейді?

Брифинг барысында журналист тексеріс кезінде ауыр дерт анықталса, не болатынын сұрады. Ақмарал Әлназарова әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау мен емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретінін айтты.

"Онкологиялық көмекке кететін шығындарды мемлекет толық өтейді. Бұған диагностика, хирургиялық ем, сәулелік терапия, химиотерапия, оңалту және паллиативтік көмек кіреді", - деді министр.

МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар шұғыл медициналық көмекті де тегін ала алады. Дегенмен министр барлық ауруды тексеру мен емдеу тегін болады деген жоқ.

Азаматтардың табысы ескеріле ме?

Әлназарованың айтуынша, жаңа медициналық тексерістерді азаматтардың әл-ауқатын бағалау калькуляторымен байланыстыру жоспарланбаған. Ол 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әкімдіктер D және E санатындағы адамдар үшін МӘМС жарналарын төлейтінін еске салды. Нәтижесінде 750 мыңнан аса адам сақтандырылған азамат мәртебесіне ие болды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу