Қыста D дәруменінің деңгейін тексеру: қашан талдау жасату керек?

Фото:depositphotos.com

Күн суыта бастағанда қазақстандықтар күн көзінің аздығынан болатын тапшылықтан қорқып, D дәруменін ішу туралы ойлана бастайды. Бірі алдын ала талдау тапсырса, енді бірі қоспаларды өз бетінше сатып алады. Алайда қыста барлығына бірдей қосымша D дәрумені қажет пе және ешқандай белгілер мен медициналық көрсеткіштерсіз оның деңгейін тексерудің мәні бар ма? Бұл сауалдардың жауабын Tengri Health анықтап көрді.

Қыста D дәруменіне талдау жасау: кімге тапсыру керек?

Негізгі сұрақтардың бірі: қыста D дәруменіне талдау тапсыру қажет пе?

Жарнама
Жарнама

Эпидемиолог дәрігер Валентина Тарасова Эндокринологиялық қоғамның 2024 жылғы ұсынымдарына сәйкес, нақты медициналық көрсеткіштері жоқ дені сау ересектерге қандағы D дәруменінің деңгейін жоспарлы түрде тексеру ұсынылмайтынын атап өтті.

"Күн көзі азайды екен деп, өз бетінше талдау тапсырудың қажеті жоқ", - дейді маман.

Әңгіме ағзадағы дәрумен мөлшерін бағалау үшін қолданылатын 25-гидроксидәрумен D - 25(OH)D талдауы туралы болып отыр.

Дәрігер D дәруменін ішу қажеттілігі мен оның деңгейін бақылау жас мөлшеріне, денсаулық жағдайына, тамақтануына, бұрын анықталған тапшылықтың болуына және басқа да медициналық көрсеткіштерге байланысты екенін айтады.

Ересектерге қанша D дәрумені қажет?

Дәрігер сілтеме жасаған ұсынымдарда D дәруменіне деген тәуліктік қажеттілік келесідей көрсетілген:

  • 600 ХБ (15 микрограмм) - 70 жасқа дейінгі ересектерге;
  • 800 ХБ (20 микрограмм) - 70 жастан асқан адамдарға.

"Бұл - тағаммен және препараттармен бірге келетін D дәруменінің жалпы мөлшері, тек қоспаның міндетті дозасы емес", - деп нақтылады маман.

Кестеде толығырақ көрсеткіштер берілген.

Кімге қосымша D дәрумені қажет болуы мүмкін?

Валентина Тарасованың айтуынша, кейбір топтар үшін ұсынымдар өзгеше. Мысалы, келесі санаттар үшін бөлек тәсіл қарастырылған:

  • балалар мен жасөспірімдер,
  • жүкті әйелдер,
  • 75 жастан асқан адамдар,
  • сондай-ақ предиабеті бар және қант диабетінің даму қаупі жоғары жандар.

"75 жастан асқан дені сау ересектерге де тек аурудың алдын алу үшін ғана әдеттегі ұсынылған тәуліктік қажеттіліктен артық D дәруменін ішуге кеңес берілмейді", - деп атап өтті эпидемиолог дәрігер.

Талдау тек белгілер болғанда, созылмалы аурулар немесе қауіп факторлары бар кезде қажет.

Валентина Тарасованың сөзінше, егер дәрігер нақты медициналық көрсеткіштер бойынша D дәруменін тағайындап қойған болса, препаратты өз бетінше тоқтатуға немесе қабылдау сызбасын өзгертуге болмайтынын ескертті.

Чек-лист: жазда да D дәруменіне талдау тапсыру керектігін білдіретін 7 белгі

  • Толыққанды ұйқыдан кейін де сезілетін тұрақты шаршаңқылық.
  • Жаз мезгіліндегі жиі суық тию және ЖРВИ.
  • Физикалық жүктемесіз бұлшықеттердің ауырсынуы немесе "сырқырауы".
  • Шаштың әдеттегіден көп түсуі.
  • Көңіл күйдің болмауы, мазасыздық, ұйқының бұзылуы.
  • Далада серуендемей, тек кеңседе немесе қашықтан жұмыс істеу.
  • Жүктілік, бала емізу немесе 60 жастан асқандар.

Егер сіз екі немесе одан да көп тармақты белгілесеңіз - дәрігерге көрініп, 25(OH)D талдауын тапсырыңыз.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу