Күніне 4 энергетикалық сусын ішкен: алматылыққа шұғыл ота қажет болды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Күніне 4 энергетикалық сусын ішкен: алматылыққа шұғыл ота қажет болды Фото:depositphotos.com

Алматыда хирургтар асқазан ойық жарасының тесілуі және перитонитке шалдыққан жас жігітті аман алып қалды. Дәрігерлердің айтуынша, пациент бірнеше ай бойы күніне үш-төрт құты энергетикалық сусын ішіп келген, деп хабарлайды TengriHealth.


Ер адам Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ішінің кенеттен қатты ауырсынуымен жеткізілді. Тексеру кезінде асқазанның тесілуі - орган қабырғасында тесік пайда болатын қауіпті жағдай анықталды. Бұл асқыну перитонитке, яғни құрсақ қуысының қабынуына әкеп соқтырған.

Хирургтарға пациентке шұғыл түрде ота жасауға тура келген

Аурухана хирургы Ілияс Сағиевтің түсіндіруінше, асқазан тесілгенде оның ішіндегі заттар құрсақ қуысына түсіп, қабыну тудырады. Мұндай жағдай шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.

Дәрігерлер дереу ота жасап, асқазан қабырғасындағы тесікті тікті және құрсақ қуысын тазалады. Емдеуден кейін ер адамның жағдайы жақсарып, хирургтың бақылауында болу шартымен үйіне шығарылды.

Күніне 4 құты энергетик ішкен

Пациенттің айтуынша, ол бірнеше ай бойы күн сайын 3–4 құты энергетикалық сусын тұтынып келген.

Дәрігерлер энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну асқазан-ішек жолдарында жайсыздық тудырып, қыжыл мен жүрек айнуын күшейтуі мүмкін екенін ескертеді. Асқазан аурулары, соның ішінде ойық жарасы бар адамдар тамақтану рационына ерекше мұқият болуы керек.

"Бұл пациентте асқазанның тесілуіне дәл осы энергетикалық сусындар себеп болды деп кесіп айтуға болмайды. Дегенмен, оларды көп мөлшерде тұтынуға, әсіресе асқазан аурулары болған жағдайда кеңес берілмейді", - деп атап өтті Ілияс Сағиев.

Тағы оқыңыз: Танымал сусын денсаулық пен психикаға зиян болып шықты: зерттеу нәтижесі

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу