Коронавирустың жаңа нұсқасы: Қазақстандағы мониторинг нәтижесі не көрсетті?

Сурет: depositphotos.com

ДДСҰ коронавирустың жаңа PJ.2.1 нұсқасын жіті қадағалап отырғанын мәлімдеді. Оның үлесі АҚШ пен Канадада біртіндеп артып келеді, Еуропада да тіркелгенімен, әзірге саны аз. Tengri Health Қазақстанда жағдай қалай бақыланып жатқанын және елде жаңа штамм бар-жоғын анықтап көрді.

Коронавирустың жаңа штамы: Қазақстандағы жағдай

Санитария-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстанда COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайға мониторинг жалғасып жатқанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, елдегі жағдай тұрақты.

Жарнама
Жарнама

"Кейінгі аптада COVID-19 бойынша 21 жағдай тіркелді, бұл өткен аптадағы көрсеткіштен 48 пайызға төмен. 2026 жылдың басынан бері COVID-19 бойынша 327 жағдай тіркелді, бұл былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 2,9 есе аз", - деп жауап берді ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.

Жаңа PJ.2.1 нұсқасына келсек, ол Омикрон тобына жатады және JN.1 желісінің туындысы. Соңғы геномдық мониторинг нәтижелері бойынша Қазақстанда зерттелген сынамалар арасында бұл нұсқа анықталмаған.

Коронавирустың жаңа штамы қалай анықталады?

Сарапшылар COVID-19-ды анықтау үшін стандартты ПТР диагностика әдістері қолданылатынын, ал вирустың нақты генетикалық желісін анықтау толық геномды секвенирлеу (WGS) әдісі арқылы жүзеге асырылатынын айтты. Әрбір жаңа нұсқа үшін бөлек ПТР тест әзірлеудің қажеті жоқ.

Қазақстанда коронавирустың бұл штамы пайда болса, оны анықтауға мүмкіндік бар. Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды бақылап отыр.

Бұған дейін коронавирустың жаңа генетикалық желісі пайда болуы пандемия басталғанын білдірмейтінін жаздық. Бұл туралы айтуға әлі ерте. Мамандар жаңа нұсқалардың қаупін бірнеше көрсеткіш бойынша бағалайды:

  • аурудың ауырлық деңгейі;
  • ауруханаға жатқызу және өлім-жітім көрсеткіші;
  • вирус ағзада қалыптасқан иммунитетке төтеп беру қабілеті;
  • қолданыстағы алдын алу құралдарының тиімділігі

Сарапшылар халықаралық сапарларға байланысты вирустың жаңа нұсқасының одан әрі таралу қаупі сақталып отырғанын айтады.

Дегенмен әзірге PJ.2.1 нұсқасы коронавирустың жуырда анықталған басқа нұсқаларына қарағанда ауруды ауырлататынын растайтын клиникалық дерек жарияланған жоқ.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу