ПОДЕЛИТЬСЯ
26 қазаннан бастап қазақстандықтарға Денсаулық сақтау министрлігінен егілген вакциналар туралы хабарламалар келе бастайды. Хабарламалар қалай жұмыс істейтіні және SMS-те қате мәліметтер көрсетілсе не істеу керектігі туралы Tengri Health тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
26 қазаннан бастап бүкіл ел бойынша вакцинация туралы хабарламалар жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Егу туралы ақпаратты медициналық ұйым ақпараттық жүйеге енгізеді. Вакцина алған адамға немесе екпе салынған баланың заңды өкіліне вакцинаның түрі мен күні көрсетілген SMS келеді.
Егер ақпарат қате болса, азамат хабарламаға жауап беріп, қателік туралы хабарлай алады. Ол үшін 1414 нөміріне SMS жіберу қажет.
Осыдан кейін мәліметтер тексеру үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне беріледі.
Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта мамандар пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жүйесін дамытып жатқанын да атап өтті. Бұл жүйе адамның медициналық қызметті шын мәнінде алғанын растауға көмектеседі.
Денсаулық сақтау министрлігінің 2026 жылғы 7 қазандағы мәліметі бойынша, тіркелген 135,9 миллион қабылдаудың 73 пайызы цифрлық сәйкестендіруден өткен.
Қазіргі уақытта бұл жүйенің көмегімен медициналық қызметтің 1 278 түрі тексеріледі. 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Денсаулық сақтау министрлігі жүйеге медициналық көмектің тағы 736 түрін қосуды жоспарлап отыр. Тізімге консультациялар, диагностикалық зерттеулер мен медициналық процедуралар енеді.
Бұған дейін Қазақстанда скринингтік тексерулер өткізу ережелері өзгеретіні хабарланды. Емханалар жұмыс берушілерге тексеруден өтуі қажет қызметкерлер туралы мәліметтерді бере бастайды.