Қазақстанда психологтарға қандай тыйым салынады? Әдеп кодексі қабылданды

Фото:depositphotos.com

Қазақстанда психологтардың әдеп кодексі қабылданды. Енді мұндай мамандар клиенттің ақпараттандырылған келісімін алуға, ғылыми негізделген әдістерді қолдануға және психикалық бұзылыс белгілері анықталған жағдайда адамды психиатрға жіберуге міндетті болады. Кодекс тағы қандай өзгерістер әкелетінін Tengri Health баяндайды.

Психологтар қандай қағидаттарды сақтауы тиіс?

Құжатта кодекс - бұл психологтардың психологиялық қызметті жүзеге асыру кезіндегі мінез-құлық әдебі ережелерінің жиынтығы екені айтылған. Қазақстанда психологиялық қызметпен айналысатын осы бейіндегі барлық мамандар оны басшылыққа алуы тиіс.

Жарнама
Жарнама

Психологиялық әдептің негізгі қағидаттары:

  • заңдылық;
  • психологиялық көмекке жүгінудің еріктілігі;
  • құпиялылық;
  • кәсіби құзыреттілік;
  • ғылыми негізділік.

Соңғы тармақ маманның ғылыми негіздемесі бар, психология ғылымының қазіргі даму деңгейіне және кәсіби стандарттарға сәйкес келетін әдістер мен тәсілдерді қолдануын, сондай-ақ тиімділігі мен қауіпсіздігі ғылыми деректермен расталмаған әдістер мен тәсілдерден бас тартуын көздейді.

Психологтар клиенттермен жұмыс істеу кезінде не істеуі керек?

Кодексте психологтар сақтауға тиіс әдептің негізгі нормалары көрсетілген:

  • клиенттің ақпараттандырылған келісімін алу;
  • өзге тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, қандай да бір кемсітушілікке, қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын іс-әрекеттерге жол бермеу;
  • психологиялық көмекті адал және жауапкершілікпен көрсету, өзінің біліктілігі, тәжірибесі мен жұмыс әдістері туралы жалған мәлімет бермеу;
  • құпиялылықты қамтамасыз ету және кәсіби құпияны сақтау, соның ішінде психологиялық көмек көрсету кезінде жасалған жазбалардың үшінші тұлғалардың қолына түспеуін қадағалау;
  • физикалық, психологиялық немесе моральдық зиян келтіруге жол бермеу;
    ғылыми негізделген әдістерді қолдану;
  • клиентті немесе оның заңды өкілін, соның ішінде оның психологиялық көмектен бас тарту құқығын құрметтеу;
  • психологиялық көмекті сапалы көрсету және қоғамның психологиялық сауаттылығын арттыруға атсалысу;
  • психологиялық қызметті психологтардың кәсіби стандартына сәйкес және білімімен, біліктілігімен, қосымша дайындығымен, практикалық тәжірибесімен және үздіксіз кәсіби даму нәтижелерімен айқындалған өз кәсіби құзыреті шегінде жүзеге асыру;
  • медициналық араласуды қажет ететін психикалық немесе мінез-құлық бұзылыстарының белгілері анықталған жағдайда, психологиялық көмек алушыға немесе оның заңды өкіліне психиатр дәрігерге көрінуді ұсыну;
  • мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда немесе маманның кәсіби құзыретінен тыс мән-жайлар анықталғанда, психологиялық көмек көрсетуден бас тарту.

Tengri Health осы нормаларды практикада жүрген психологтармен талқылаған болатын, олар кейбір ережелер адамдардың психологиялық көмек алу мүмкіндігін шектейді ме деп қауіптенген еді. Әңгіме диагнозы қойылған ментальды бұзылыстары бар клиенттермен жұмыс істеу туралы болды.

"Егер мұндай клиенттерді терапиядан шеттетсек, біз оларды тек дәрі-дәрмекпен және оқшаулануымен бетпе-бет қалдырамыз. Психолог клиникалық диагноз қоймайды және рецепт жазбайды, бірақ дәл осы психологиялық жұмыс адамға өз күйінің механизмдерін түсінуге, жақындарымен салауатты қарым-қатынас орнатуға және өмір сүру сапасын қалпына келтіруге үйретеді", - деді сарапшылар.

Енді бұл нормалардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін түсіну маңызды.

Психологтар клиенттермен жұмыс істеу кезінде не істей алмайды?

Мыналарға жол берілмейді:

  • медициналық диагностика жүргізуге және дәрі-дәрмекпен емдеуді тағайындауға, санаға әсер ететін психоактивті заттар мен психоактивті әдістерді қолдануға;
  • медициналық араласуды қажет ететін психикалық, мінез-құлық бұзылыстары бар адамдарға психологиялық көмек көрсетуге;
  • психологиялық көмек алушыға, соның ішінде жарнамалық және басқа да мақсаттарда, көмек көрсетудің нақты нәтижесіне қол жеткізуге кепілдік беруге.

Психологтар кәсіби деңгейін қолдау үшін не істеуі керек?

  • супервизияға уақтылы жүгіну;
  • супервизиядан өту талаптарын сақтау;
  • супервизорлардың кәсіби ұсынымдарын ескеру.

Әріптестермен қарым-қатынаста:

  • жалпыға ортақ моральдық-әдеп нормаларын, сыпайылық пен әдептілікті сақтау;
  • әріптестерге құрметпен қарау және әріптестердің адалдық презумпциясын негізге ала отырып әрекет ету;
  • кәсіби қоғамдастықтың дамуына және психологиялық көмек сапасын арттыруға жәрдемдесу.

Бұйрық 17 қарашадан бастап күшіне енеді. Құжатта талаптарды орындамағаны үшін қандай да бір жаза қарастырылатыны немесе қарастырылмайтыны туралы айтылмаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу