“Ерекше емес, жолы болғыш жанмын“. ЭКО арқылы дүниеге келген алғашқы қазақстандық өзі туралы айтып берді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Юлианна Пермякова Юлианна Пермякова. Қазақстандағы ЭКО арқылы дүниеге келген алғашқы бала. Фото © Tengrinews.kz/Анжела Ким

Алматыда журналистер осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанда экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) әдісімен дүниеге келген алғашқы сәбимен танысу мүмкіндігіне ие болды. Осы уақытқа дейін оның есімі мен өміріне қатысты мәліметтер құпия сақталып келді: ата-анасы қызы туралы ақпаратты жария еткісі келмеген.


Бұл отбасының ата-ана атану жолы қандай болды, қызы өзінің қалай дүниеге келгенін қашан және қалай білді және ол бүгінде немен айналысады - бұл туралы Tengri Health тілшісі баяндайды.

"90-жылдары жоғары технологиялар туралы ойлаудың өзі ессіздік еді": бәрі қалай басталды?

Юлианна Пермякова 1996 жылы 31 шілдеде дүниеге келді. Ол - Қазақстанда ЭКҰ технологиясының көмегімен өмірге келген алғашқы бала.

Анықтама: Экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКҰ) - бедеулікті емдеу әдісі, бұл кезде жұмыртқа жасушасын ұрықтандыру әйел организмінен тыс, зертханалық жағдайда жүзеге асырылады. Ол үшін әйелден жұмыртқа жасушасы, ал ер адамнан шәует алынады. Ұрықтанғаннан кейін эмбрион бірнеше күн бойы арнайы ортада дамып, содан кейін әйелдің жатырына ауыстырылады. Егер эмбрион жатыр қабырғасына сәтті бекісе, жүктілік басталады.

Оның дүниеге келуі репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова, дәрігер-репродуктолог Татьяна Копылова (Рубашина) және Айна есімді медбике бастаған шағын мамандар тобының еңбегінің нәтижесі.

Юлианна өзінің өмірге келуіне себепкер болған медициналық топпен арнайы кездесу үшін Алматыға Ұлыбританиядан ұшып келді.

"Бірінші реттен-ақ бәрі сәтті болатынына сенімді болдым": анасының естеліктері

Журналистермен кездесуге Юлианна ата-анасы - Лариса және Валерий Пермяковтармен бірге келді.

Ерлі-зайыпты қыздары туғанға дейін алты жарым жыл бойы бала сүйе алмағанын айтты, бірақ олардың сөзінше, екеуі де дені сау болған. Олар түрлі дәрігерлерге қаралып, емдеудің барлық амалын, тіпті халықтық медицинаны да байқап көрген. Бірақ ештеңе көмектеспеген.

Бірде ерлі-зайыпты Алматыда ЭКҰ әдісі эксперимент ретінде қолданыла бастағанын кездейсоқ біледі. Олар бұл мүмкіндікті пайдаланып көруді ұйғарады, өйткені ол кезде бұл жалғыз үміт сияқты көрінген еді.

Лариса Пермякова алғашында бұл әдістің мәнін толық түсінбегенін де жасырмайды.

"Дегенмен, жаңа нәрсені байқап көруге деген құлшынысым зор болды. Іштей бұл менің жолым және маған көмектеседі деп сендім. Тіпті, бәрі бірінші реттен-ақ сәтті болатынына иландым", - деп еске алады ол.

Солай болды да: Лариса ЭКҰ-ның алғашқы талпынысынан-ақ жүкті болды. Оның айтуынша, оған бес эмбрион салынған. Басында екеуі жерсінгенімен, жетінші-сегізінші аптада бір ұрықтың дамуы тоқтап, тек екіншісі ғана қалған.

"Әрине, толқыныс та, ерекше көңіл күй де болды. УДЗ-ға барғанда Татьяна Копылова жүктілікті растаған кезде, төбем көкке жеткендей болды. Бұл дәрігерлердің де, біздің отбасымыздың да жеңісі еді!" - дейді Лариса күлімсіреп.

Тоғыз айдан кейін Юлианна дүниеге келді.

Семья Пермяковых на пресс-конференции Пермяковтар отбасы: әкесі Валерий, қызы Юлианна және анасы Лариса. Фото: © Tengrinews.kz/Анжела Ким

Кейін Лариса тағы бірнеше рет ЭКҰ көмегімен жүкті болуға тырысқан, бірақ бұл талпыныстар нәтижесіз болды. Юлианна отбасындағы жалғыз бала болып қалды.

"Оның қасында тағы бір туған бауыры болғанын қаладым. Бірақ тағдыр солай болды. Мен сол кезде тағдыр маған осы мүмкіндікті берді, мен оны пайдаландым, бірінші реттен-ақ бәрі сәтті болды деп ойладым. Соған қарағанда, тағдыр осы да жетеді деп шешкен болар", - дейді Юлианнаның анасы.

Юлианна Қазақстанда ЭКҰ арқылы туған алғашқы бала болса да, ата-анасы бұл туралы айналасындағыларға айтуға асықпаған. Тіпті, қыздың өзі де ұзақ уақыт бойы қалай өмірге келгенін білмеген.

Ларисаның түсіндіруінше, олар күйеуімен бірге қыздарын артық назардан қорғағысы келген. Отбасы бұл оқиғаның дәрігерлер үшін қаншалықты маңызды екенін түсінді, бірақ қызының ерекше мәртебесі оның балалық шағына әсер еткенін қаламады.

"Мұндай оқиғаны қай жаста айтқан дұрыс екенін және бала оны қалай қабылдайтынын әрдайым біле бермейсің. Сондықтан біз ешқандай шу болмағанын қаладық", - деп түсіндіреді Лариса.

Әлі күнге дейін барлық туысы мен достары Юлианнаның Қазақстандағы алғашқы "ЭКҰ сәбиі" екенін біле бермейді. Кейбір жақындары бұл туралы алғаш рет жаңалықтардан естуі мүмкін.

Сонымен қатар Юлианнаның өзі құрдастарынан еш айырмашылығы болмаған. Анасының айтуынша, Юлианна қарапайым бала болып өскен және туылу тарихына байланысты ешқашан басқа балалардан ерекшеленбеген.

"Оның алғашқы болуы жай ғана жағымды бонус деуге болады. Егер ол екінші немесе үшінші болса да, бұл оның өмірінде ештеңені өзгертпес еді", - деп есептейді Лариса.

"Менің туылуым бір құпияға толы": Юлианна өзінің қалай өмірге келгені туралы қашан білді?

Юлианна өзінің ЭКҰ көмегімен дүниеге келгенін шамамен 20 жасында білген. Бұл ретте ата-анасы онымен арнайы отырып сөйлеспеген немесе бәрін ашып айтпаған. Шындықтың беті кездейсоқ ашылған.

Сол кезде қыз Алматыға келіп, гинекологқа жоспарлы тексеріске жазылмақ болады. Анасы оған өзі дүниеге келген клиниканы ұсынады.

Қабылдаудан кейін Юлианна мен анасын жеке кабинетке шақырады. Ол жерде ата-анасы өткенді еске ала бастайды.

"Әңгіме бір жарым-екі сағатқа созылды, бірақ ешкім ештеңені ашып айтқан жоқ. Мен тұспалдан екі қорытынды шығардым. Біріншісі: мен ЭКҰ көмегімен дүниеге келгенмін, екіншісі: Қазақстанда осындай әдіспен туған алғашқы бала сияқтымын. Кабинеттен шыққаннан кейін көлікте ата-анамнан бұл шындық па деп сұрадым, олар растады", - дейді ол.

Юлианнаның айтуынша, бұл жаңалық оны есеңгіретпеген және өзі туралы түсінігін өзгертпеген:

"Бала кезімнен менің дүниеге келуім қандай да бір құпиямен көмкерілгенін, бір нәрсенің жасырын екенін сезетінмін. Бірақ ата-анама бұл туралы ешқашан сұрақ қоймадым, уақыты келгенде өздері айтып беретінін білдім", - дейді Юлианна.

Ол шындықты білген кезде бәрі өз орнына келгендей болғанын мойындайды.

"Бұл жаңалық менің дүниетанымымды өзгерткен жоқ, қайта суретті толықтырып, жетпей тұрған соңғы бөлшегін (пазл) тапқандай болды. Не шок, не тосынсый болған жоқ. Тек қалай дүниеге келгенімді ақыры білгеніме қанағаттану сезімі пайда болды", - дейді ол.

"Мен ерекше емес, тек жолы болғыш жанмын": Юлианна бүгінде қалай өмір сүріп жатыр?

Өз тарихына қарамастан, Юлианна өзін ерекшемін деп санамайды. Ол өзін жай ғана сәті түскен, жолы болған адам ретінде қабылдайды.

"Мүмкін мен табанды және жеткілікті деңгейде мықты шығармын. Осы үш қасиет бірігіп, мен дамып, жетіліп, нәтижесінде дүниеге келген дәл сол эмбрион болдым", - дейді ол.

Ол бойында ішкі күш барын сезетінін және басынан бастап бір нәрсе үшін күресуге тура келгенін күлімсіреп айтады.

Сонымен қатар Юлианна бұл оқиғадағы өз рөлін өте қарапайым бағалайды. Себебі негізгі істі дәрігерлер мен ата-анасы атқарды.

"Мен жай ғана дүниеге келдім. Иә, Қазақстанда ЭКҰ көмегімен туған алғашқы бала болдым. Бірақ Салтанат Байқошқарова мен Татьяна Копылова сияқты ештеңе ойлап тапқан жоқпын, жаңалық ашпадым немесе еліміздің тарихына айтарлықтай үлес қосқан жоқпын", - деді Юлианна.

Врачи и гости на пресс-конференции Солдан оңға қарай: репродуктолог-дәрігер Татьяна Копылова (Рубашина), Валерий Пермяков, Юлианна Пермякова, Лариса Пермякова, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова

Бүгінде Юлианна Лондонда тұрады. Мектептен кейін ол британдық Oxford Brookes University-ге түсіп, бакалавр дәрежесін алды, кейін магистратураны бітірді. Екі білімі де баспа ісімен байланысты.

Қазір ол америкалық және британдық баспалармен жұмыс істейтін және бүкіл Еуропа, Таяу Шығыс, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азия бойынша кітап сататын агенттікте сауда өкілі болып жұмыс істейді.

Мамандық таңдауы отбасылық тарихына да байланысты болуы мүмкін. Лариса жүкті кезінде-ақ қызына дауыстап кітап оқып беруді ұйғарғанын еске алады:

"Мен Александр Пушкиннің ертегілері жинақталған үлкен кітапты алып, қолымды ішіме қойдым да, қызыма енді оның оқиғаларды тыңдайтынын айттым. Бұл Юлианнаның болашағына әсер етті ме, жоқ па, білмеймін, бірақ ол баспаханада жұмыс істейді және кітап оқығанды жақсы көреді. Біздің үлкен кітапханамыз бар", - дейді Лариса күлімсіреп.

Ал ана болу мәселесіне келсек, әзірге Юлианнаның балалары жоқ, бірақ ол болашақта ана болуды жоспарлап отыр.

"Мен жай ғана дүниеге келдім": отбасы бұл оқиғаны неге қазір айтуға бел буды?

Юлианнаның қалай туғаны туралы алғаш рет ашық айту шешімі отбасына оңай келген жоқ: Пермяковтар назарда болуға дағдыланбаған. Бірақ 30 жыл өткеннен кейін Лариса қызының туу тарихын бұдан былай жасырудың қажеті жоқ екенін түсінді.

"Меніңше, енді оны бұлайша қорғаштап, сақтаудың қажеті жоқ. Ол есейді және өзін-өзі қорғай алады", - дейді Юлианнаның анасы.

Юлианна өзінің дүниеге келу тарихын айту ол үшін ең алдымен өзінің өмірге келуіне себепші болған жандарға - дәрігерлер мен ата-анасына алғыс айту үшін маңызды екенін жеткізді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу