Денсаумин азаматтарға SMS жібереді: не білу керек?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстандықтар Денсаулық сақтау министрлігінен SMS алуда Фото:depositphotos.com

Қазақстандықтарға екпе алғаны туралы SMS-хабарламалар келе бастады. Хабарлама келгеннен кейін не істеу керектігін Tengri Health түсіндіреді.


Қазақстандықтарға қандай SMS келеді?

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, Қазақстанда жасалған вакцинация туралы SMS-хабарлама жіберудің жаңа цифрлық сервисі іске қосылды. Ол 26 қазаннан бастап бүкіл ел бойынша жұмыс істей бастады.

"Енді "Вакцинация" модуліне екпе туралы мәліметтер тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцина түрі мен оның егілген күні көрсетілген SMS-хабарлама автоматты түрде жіберіледі", - деп хабарлады ведомство.

Жаңа сервистің арқасында екпені есепке алудың ашықтығы артып, халықпен кері байланыс орнату арқылы вакцинация туралы мәліметтердің шынайылығын бақылауға мүмкіндік туады.

SMS келген жағдайда не істеу керек?

Адамның өзі немесе баласы шынымен екпе алғанын растау үшін алынған SMS-ке екі тәсілдің бірімен жауап беру жеткілікті.

1414 қысқа нөміріне келесі кодтарды жіберу қажет:

  • 811 ("Иә") - егер вакцинация шынымен жасалса;
  • 812 ("Жоқ") - егер екпе жасалмаған болса.

"Бұл іс жүзінде жасалған вакцинация мен медициналық ақпараттық жүйеге енгізілген мәліметтер арасындағы ықтимал алшақтықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіндегілер.

Вакцинация туралы қосымша ақпаратты eGov Mobile мобильді қосымшасынан алуға болады.

Бұған дейін Қазақстанда скринингтік тексерулер жүргізу ережелері өзгеретінін хабарлаған болатынбыз. Енді емханалар жұмыс берушілерге тексеруден өтуі тиіс қызметкерлер туралы мәліметтерді бере бастайды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу