ПОДЕЛИТЬСЯ
Неонатолог-реаниматолог Үміт Әлімұхамедов медбике жаңа туған нәрестеге ән айтып беріп жатқанын видеоға түсіріп алды. Жүздеген оң пікір жинаған бейнежазба туралы Tengri Health тарқатып айтады.
Оқиға Алматыдағы №1 балалар қалалық клиникалық ауруханасының неонаталдық реанимация бөлімшесінде болған. Кезекті ауысым кезінде неонатолог-реаниматолог дәрігер Үміт Әлімұхамедов кездейсоқ әсерлі сәттің куәсі болды.
"Біз кішкентай пациентті реанимациядан бейінді бөлімшеге ауыстыруға дайындап жатқанбыз. Үшеуміз: мен, медбике Гүлбаршын Сейдахметова және мейіргер Сейтқазы Асылмұрат кезекшілікте болдық. Гүлбаршынның нәрестеге ән айтып жатқанын байқап, сол сәтті білдіртпей видеоға түсіріп алдым. Ол видеоға түсіріп тұрғанымды сезген де жоқ", - деді дәрігер.
Қазақстандықтар видео астына жүздеген оң пікір қалдырды.
"Қандай керемет! Жалпы, балалармен жұмыс істейтіндердің бәрі мейірімді, жүрегі махаббатқа толы жандар ғой".
"Бәріңізге денсаулық тілеймін, жұмысқа жан-тәніңізбен берілгендеріңіз өте тамаша, бұл қазір сирек кездеседі. Мейірімділіктеріңіз бен қамқорлықтарыңыз өзіңізге еселеніп қайтсын".
Гүлбаршын Сейдахметованың балалар ауруханасында жұмыс істеп жүргеніне 20 жыл болыпты, қазір ол №8 бөлімшенің балалар реанимациясында медбике. Ол балаларға, әсіресе олар жылаған кезде жиі ән айтып береді және әрдайым оларды реанимациядан басқа бөлімшелерге әнмен шығарып салады.
"Видео мен пікірлерді көргенде, қуаныштан жылап жібердім, өте қуанышты болдым", - деді ол.
Үміт Әлімұхамедов бұл видеоны әріптестерінің балаларға ықыласын көрсету үшін түсіргенін айтты. Олар әрбір сәби үшін алаңдап, олардың жағдайы жақсарған сайын бірге қуанады.
Tengri Health неонатология бөлімшесінің тыныс-тіршілігі туралы көлемді материал жариялаған болатын - "Кезекшілік тыныш өтсін деп тілемеңіз".