Астаналық ер адам eGov-қа кіріп, гинеколог қабылдауында болғанын білген

Кескін ЖИ арқылы жасалған

Астана тұрғыны медициналық тарихынан дәрігер қабылдауында болғаны және тексерулерден өткені туралы жазбаларды анықтаған, алайда оның айтуынша, ол соңғы уақытта емханаға бірде-бір рет бармаған. Tengri Health тілшісі мұндай жағдайда қазақстандықтардың қайда жүгінуі керектігін анықтап көрді.

Флюорография және гинеколог қабылдауы: астаналық азамат нені анықтады?

Астана тұрғыны әлеуметтік желілерде өзі тіркелген емхананың медициналық тарихына ол алмаған қызметтерді жазып қойғанына шағымданды. Жас жігіт мұны eGov Mobile мобильді қосымшасынан көрген.

Жарнама
Жарнама

Астаналық азамат өз сөзін растау үшін медициналық қызметтер тарихының скриншоттарын жариялады.

Оған сәйкес, 2026 жылдың қаңтарында ер адам бірнеше күннің ішінде флюорография мен аудиологиялық скринингтен, вакцинациядан өтіп, жалпы тәжірибелік дәрігер мен медбикенің қабылдауында бірнеше рет болған-мыс.

Бірақ ең көп сұрақ тудырған жазба - 2026 жылғы 16 қыркүйектегі дерек: скриншотқа сүйенсек, сол күні ер адам акушер-гинекологтың кеңесін алған.

Скриншот: Threads

Жарияланған материалдардан емхана бұл қызметтердің барлығын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде көрсеткенін байқауға болады.

Астаналықтың басынан өткен жағдай жалғыз емес: қазақстандықтар өздерінің медициналық тарихынан өздері алмаған қызметтерді жиі байқап жатады.

Біз Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметіне хабарласып, медициналық тарихынан күмәнді жазбаларды тапқан пациент не істеуі керектігін білдік.

Жалған жазбалар бойынша қалай шағымдануға болады??

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) егер адам іс жүзінде алмаған қызметі туралы жазбаны анықтаса, қорға ресми өтініш жіберуі керек екенін түсіндірді. Мұны бірнеше жолмен жасауға болады:

  • @SaqtandyryBot Telegram-боты арқылы;
  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасында;
  • msqory.kz Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтында;
  • e-Otinish порталы арқылы.

Қор өкілдері өтінішке eGov немесе медициналық қосымшадағы медициналық тарихтың скриншотын тіркеуді ұсынады.

Өтініш түскеннен кейін мамандар ақпаратты тексереді.

"Егер жалған жазба фактісі расталса, қор медициналық ұйымға экономикалық ықпал ету шараларын қолданады. Өндірілген қаражат қордың шотына қайтарылады. Содан кейін олар сақтандырылған азаматтардың іс жүзінде алған медициналық қызметтерін төлеуге бағытталады", - деп түсіндірді ӘМСҚ баспасөз қызметі.

Мамандар әлеуметтік желілердегі жарияланымдар мен пікірлер ресми тексеру жүргізу үшін жеткіліксіз екенін қоса кетті.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жағдайды қарастыруы үшін дәл ресми өтініш жолдау қажет.

Үш жыл ішінде қанша жалған жазба анықталды?

Бұған дейін қордағылар мониторинг кезінде мамандар медициналық көмек алу фактісі расталмаған жағдайларды анықтайтынын айтқан болатын. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының деректері бойынша, соңғы үш жылда мұндай жағдайлардың саны:

  • 2023 жылы - 593 миллион теңге сомасына 50,1 мың расталмаған жағдай;
  • 2024 жылы - 220 миллион теңге сомасына 17,3 мың жағдай;
  • 2025 жылы - 645 миллион теңге сомасына 56,2 мың жағдай болды.

Астанадағы клиникада МӘМС қаражаты қалай жымқырылған: сотта алаяқтық схемасы айтылды

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу