“Аман қалғанының өзі таңғаларлық жағдай“: Алматыда жасөспірім сегізінші қабаттан құлап кетті

ПОДЕЛИТЬСЯ

Врачи проводят операцию Фото: пресс-служба управления здравоохранения Алматы

Алматыда 13 жастағы бала сегізінші қабаттан құлап, бірнеше жерінен сынған, сондай-ақ миы мен ішкі мүшелері зақымдалған. Балаға бірнеше рет ота жасау қажет болды. Оқиғаның мән-жайын қаланың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды Tengri Health.


Қолы мен аяғы сынған: не болды?

13 жастағы жасөспірім жедел жәрдем көлігімен Алматы қалалық № 1 балалар клиникалық ауруханасына жеткізілген.

"Ол аса ауыр жағдайда болды. Бала сегізінші қабаттан, шамамен 24 метр биіктен асфальтқа құлаған", - деді баспасөз қызметі.

Дәрігерлер балаға жабық бас-ми жарақаты, мидың соғылуы, қол-аяқ сүйектерінің көптеген сынығы, сондай-ақ кеуде қуысы мен құрсақ қуысы мүшелерінің зақымдануы деген диагноз қойды.

"Алған жарақаттарының салдарынан жасөспірім есеңгіреу (шок) күйіне түсті. Ол шұғыл түрде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне жеткізілді", - делінген хабарда.

Алғашқы екі күнде дәрігерлер жағдайды тұрақтандыру үшін күрескен

№ 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Медетали Мақұлбеков медицина қызметкерлерінің науқас түскен бойда шокқа қарсы терапияны бастағанын түсіндірді. Олардың мақсаты - қан айналымын тұрақтандыру және өмірлік маңызды мүшелердің жұмысын қолдау болған.

"Баланың беті бері қараған кезде оны хирургиялық ем-дом жасау үшін ота бөлімшесіне ауыстырды", - деді бөлім меңгерушісі.

"Аман қалуы - нағыз ғажайып"

№ 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Құрметбек Тоқтар жарақаттардың сипаты мен ауырлығын ескере отырып, дәрігерлердің төрт ота жасау туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Оталардың барлығы сәтті өтті. Емдеуге қатысқан медициналық топ құрамында ортопедтер, хирургтар, реаниматологтар және анестезиолог болған.

"Жағдайдың қаншалықты ауыр болғанын сөзбен жеткізу қиын. Сегізінші қабаттан құлау – өте ауыр жарақатқа әкелетін оқиға. Мұндай жағдайда баланың аман қалуының өзін нағыз ғажайып деуге болады.", - деді Құрметбек Тоқтар.

Оның айтуынша, науқастың жағдайы жақсарып келеді. Оны станционарға шығарған, бірақ әлі де ем-дом қабылдап, желтоқсанда оңалтудан өтуі керек.

Алматыда дәрігерлер тоғызыншы қабаттан құлаған әйелді аман алып қалды

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу