Қазақстанда бірқатар бейінді маман қабылдауына тек жалпы практика дәрігерінің (ЖПД) жолдамасымен баруға болатын ереже жойылмайды. Бұл туралы Үкіметте өткен брифингте денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, деп хабарлайды Tengri Health.
Министр бейінді мамандарға кезек туралы не деді?
Журналистердің бейінді мамандарға кезек күту мәселесіне қатысты сауалына Ақмарал Әлназарова бұл түйткіл бірнеше жылдан бері бар екенін, алайда қазір кезекті цифрлық форматта қадағалау мүмкіндігі туғанын айтты.
"Биыл біз қадағалауды күшейттік: Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері екі аптада бір рет дәрігерге онлайн жазылу мүмкіндігін тексереді. Қазір кестелердің 80 пайызы ашық, қалғандары бойынша медициналық ұйымдар жұмысты жалғастырып жатыр", - деп түсіндірді ведомство басшысы.
Яғни, емханалардың 80 пайызында учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандарға екі ай алдын ала есте бойынша жазылуға болады.
"Мониторинг қорытындысы бойынша ұйымдарға нұсқамалар беріледі. Егер нұсқама орындалмаса, әкімшілік іс қозғалады", - деп толықтырды Әлназарова.
Бейінді мамандарға ЖПД жолдамасынсыз бару: өзгеріс болуы мүмкін бе?
Бірқатар бейінді маманға жолдаманы жалпы практика дәрігері арқылы алу ережесіне қатысты, әзірге бұл жерде ешқандай өзгеріс болмайды.
"Біз бұл тәжірибені жоюды жоспарлап отырған жоқпыз. Ол бүкіл әлемде қолданылады. Жалпы практика дәрігері немесе отбасылық дәрігер жекелеген пациенттің ғана емес, отбасының әрбір мүшесінің ауру тарихын біледі", - деді министр.
Әлназарованың айтуынша, 2025 жылы пациенттің жалпы практика дәрігеріне бармай-ақ, бейінді маманның кеңесін алуына болатын аурулар тізімі кеңейтілді.
Сондай-ақ созылмалы ауруы бар пациенттерге рецептіні қайта алу немесе кейбір тексерулерден өту үшін әр кез ЖПД-ға барудың қажеті жоқ. Оларды кеңес алуға кеңейтілген тәжірибедегі мейірбике дайындайды.
Біз бұл ережелер туралы мына материалда егжей-тегжейлі жазған болатынбыз: Бейінді мамандарға учаскелік дәрігерсіз: бұл ережелер Қазақстанда қалай жұмыс істейді?
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі 780-ге жуық жедел жәрдем бөлімшесін ашып, мыңға жуық мобильді бригада құрды. Министрдің сөзінше, олар пациенттердің қажетті көмекті тезірек алуына септігін тигізіп, маманға бару жолын қысқартады.