АҚШ-та қызылша бойынша рекорд деңгей тіркелді. Қазақстанда не болып жатыр?

Сурет: depositphotos.com

Өткен аптада әлемдік БАҚ АҚШ-та жыл басынан бері қызылшаның бес мыңнан аса жағдайы тіркелгенін хабарлады, бұл - кейінгі 35 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Қазақстандағы жағдай қандай және қызылша жұқтырғандар саны артты ма? Бұл сауалдарды Tengri Health тарқатады.

2026 жылы Қазақстанда қызылшаның қанша жағдайы анықталды?

Денсаулық сақтау министрлігі Санитария-эпидемиологиялық бақылау комитеті 2026 жылы 9 айда аурудың 7 333 жағдайы тіркелгенін мәлімдеді.

Жарнама
Жарнама

Қызылша көбіне 2025 жылғы желтоқсан мен 2026 жылғы наурыз аралығында анықталған. Сол кезде еліміздің түрлі өңірінде қызылша жұқтырғандар саны артқан.

Ақпанның ортасында Алматыда өткен брифингте дәрігерлер қалада жыл басынан бері бұл инфекцияны жұқтырғандар саны бес еседен асқанын, қызылша диагнозы 482 рет қойылғанын айтты. Инфекция таралуын тежеу үшін алты айдан асқан балаларды қызылшаға қарсы вакцинациялау қайта қолға алынған.

Санитария-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәліметінше, қазір жағдай тұрақты.


"Сәуірден бастап мамандар сырқаттану деңгейі төмендегенін байқап отыр. Мәселен, қыркүйекте еліміздің 8 өңірінде қызылшаның 85 жағдайы тіркелді", - деді комитеттегілер.

Ауырғандардың 74 пайызы қызылшаға қарсы екпе алмаған. Негізгі себептері:

  • ата-аналар екпеден бас тартуы - 54 пайыз,
  • медициналық қарсы көрсеткіштер - 16 пайыз,
  • екпе алатын жасқа жетпеуі - 28 пайыз.

Сонымен қатар, ауырғандардың шамамен 80 пайызы - 5 жасқа дейінгі балалар.

Батыс Қазақстан облысындағы жағдай

Өткен аптада БАҚ Батыс Қазақстан облысында қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай (шамамен 17 есе) өскенін хабарлады.

Облыстық санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарушы Мира Қауымбаеваның айтуынша, жыл басынан бері 303 адамнан қызылша анықталған.

"Былтырғы осындай кезеңде облыста аурудың 18 жағдайы тіркелген болатын", - деді маман.

Пікір алу үшін өңірлік санитария-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарластық.

"Қазір облыста қызылша бойынша тұрақты санитария-эпидемиологиялық жағдай сақталып отыр. Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері аурудың 304 жағдайы тіркелді", - деді департаменттегілер.

Ауырғандардың жалпы санының 90 пайызы (274 адам) қызылшаға қарсы екпе алмаған, 10 пайызы (30 адам) вакцина алған.

Қызылша таралмауы үшін не істеліп жатыр?

Санитария-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекция таралуына әсер ететін негізгі факторларды атады:

  • екпе алмаған адамдар,
  • ата-аналар вакцинадан бас тартуы,
  • жоспарлы екпелерді уақытында алмау.

"Соның салдарынан иммундық қорғанысы жоқ адамдар тобы қалыптасып, қызылша одан әрі тарауына ықпал етеді", – деп ескертті дәрігерлер.

Осылайша, биыл 9 айда қызылшаға қарсы жоспарлы иммундау аясында бір жастағы 222,7 мың бала және алты жастағы 272,4 мың бала екпе алған.

Жыл басынан бері толықтырушы иммундау аясында 18 жасқа дейінгі 71 мыңнан аса бала мен жасөспірім вакцина алған.

Дəрігерлер екпе алмағандар мен вакцинаның тек бір дозасын алғандарда ауру жұқтыру қаупі жоғары екенін ескертті. Әсіресе, қызылша жоспарлы екпе алатын жасқа әлі жетпеген бір жасқа дейінгі сәбилер мен бес жасқа толмаған балалар үшін қауіпті. Өйткені бұл жастағы балаларда аурудың ауыр асқыну қаупі жоғары.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу