ПОДЕЛИТЬСЯ
18 қазанда Алматы - Астана рейсі кезінде үш жолаушының денсаулығы бір уақытта дерлік сыр берді. Борттағы жалғыз дәрігер, 73 жастағы Рая Рахимова, ұшу кезінде олардың жағдайын бақылап, көмек көрсетті. Tengri Health тілшісі дәрігермен сөйлесіп, ұшақта не болғанын, жағдайды қалай бақылауға алғанын және бұл оның өміріндегі алғашқы оқиға ма екенін білді.
Рая Рахимова 18 қазанда таңғы сағат 10:40-та ұшуы тиіс Алматы - Астана рейсінің жолаушысы болды. Алайда ұшақ бірнеше сағатқа кешіктіріліп, жолаушылар бортқа тек сағат 14:00-де ғана кірді. Күту уақытының созылуы кейінгі оқиғаларға себеп болған сияқты.
"Біз ұшақта бір сағаттай отырдық. Әуекомпания бортты ауыстырғандықтан, жолаушыларға басқа орындарға қайта отыруға тура келді. Салонда наразылық күшейе бастады. Жабық кеңістік, қобалжу - мұның бәрі шаршаумен ұласып, кейбір жолаушылардың денсаулығының нашарлауына әкеп соқты деп ойлаймын", - дейді сол күннің оқиғасын еске алған Рая Рахимова.
Оның айтуынша, бір сәтте бортсеріктер жолаушыларға хабарласып, араларында дәрігер бар-жоғын сұраған: жолаушылардың бірінің жағдайы нашарлап кеткен екен.
"Мен орнымнан тұрып, дәрігер екенімді айттым", - дейді ол.
Сол сәтте Рая Рахимова ұшу аяқталғанша бірден бірнеше жолаушының жағдайын бақылауға тура келетінін әлі білмеген еді.
Алдымен бортсеріктер Рахимованы өзін жайсыз сезінген әйелге алып барды.
"Оның қан қысымы көтеріліп кеткен екен, жолаушының гипертониялық ауруы бар болып шықты", - дейді дәрігер.
Ол әйелдің қан қысымы мен тамыр соғысын өлшеп, шағымдарын тыңдады, қандай ауруы барын және қандай дәрі-дәрмек қолданатынын нақтылады. Ол кезде әйел өз дәрілерін ішіп қойған екен, сондықтан дәрігер оның жағдайын бақылауда ұстауды ұйғарды.
Біраз уақыттан кейін әуекомпанияның қызметкерлері тағы бір жолаушыға көмек қажет екенін хабарлады. Рая Рахимованың айтуынша, бұл жолы 10 жасар қыз баланың жағдайы нашарлаған.
"Жақында оған әкесінің бүйрегін салған екен, ол Астанаға дәрігердің кеңесіне бара жатыр екен. Мен оны тексеріп, қан қысымы мен тамыр соғысын өлшедім. Баланың басы ауырып, аяқтары ісініп кеткен. Жағасын босатып, мазалаған тұстарын сұрап білдім. Мұндай сәттерде психологиялық көмек те өте маңызды, сондықтан мен баланың жанына отырып, ұзақ сөйлестім", - деп еске алады кейіпкеріміз.
Дәрігер қыздың медициналық құжаттарын көрсетуді сұрап, ауруханадан берілген үзіндіні мұқият зерттеді.
"Талдауларын, анамнезін қарап, ауру тарихын барынша тереңірек түсінуге тырыстым. Жақында жасалған отаны ескеріп, бала үшін қатты уайымдадым", - дейді ол.
Құжаттардан дәрігер таныс есімді байқап қалды. Қыздың емдеуші дәрігері оның бұрынғы шәкірті болып шықты. Кезінде олар Шығыс Қазақстан облыстық балалар ауруханасында бірге жұмыс істеген.
Қыз балаға ыңғайлы болуы үшін Рая Рахимова оны бизнес-класс салонына, терезе жағына ауыстыруды өтінді. Ұшудың соңына дейін баланың қасына жиі барып, қан қысымын өлшеп, жағдайын сұрап тұрды.
Кейінірек бортсеріктер тағы да дәрігердің көмегіне жүгінді. Ұшу кезінде жас әйелдің денсаулығы сыр берді.
"Ол қан қысымы түсіп, қол-аяғы тартылып жатқанына шағымданды. Біз мұны құрысуға дайындық күйі деп атаймыз. Мен қыздың мойын тұсына, қол-аяғына массаж жасап, жылы шай алдыруды сұрадым, бірте-бірте ол өзін жақсы сезіне бастады", - деп түсіндірді дәрігер.
Ұшқан сәттен бастап Астанаға қонғанға дейін Рая Рахимова үш жолаушыны да бақылауда ұстады:
"Осы уақыт бойы оларды Астанаға жақсы жағдайда қалай жеткізсем деп ойладым. Әрқайсысы үшін жауапкершілік сезіндім".
Дәрігердің айтуынша, ұшудың ортасына қарай үшеуінің де жағдайы жақсара бастаған.
Бірнеше науқасты бірдей бақылау қорқынышты болмады ма?
"Қорқынышты болды деп айта алмаймын. Бар болғаны бір жарым сағат ұштық, бірақ әрқайсысы үшін, әсіресе жақында бүйрек ауыстыру отасын жасаған қыз бала үшін қатты уайымдадым. Адамның жағдайы нашарлағанда, медицина қызметкерлері өздерін ойламастан бірінші болып көмекке ұмтылады", - деп жауап берді ол бұл сұраққа.
Рая Рахимова жұмыс істеген жылдарында әуе сапарлары кезінде жолаушыларға бірнеше рет көмектескен: олардың арасында балалар да, жүкті әйелдер де болған.
"Қасымда әрқашан сатурацияны, яғни қанның оттегімен қанығу деңгейін өлшейтін пульсоксиметр және қан қысымы күрт көтерілгенде қажет болатын дәрілер болады. Мен әрқашан көмекке келуге дайынмын", - дейді Рахимова.
Ұшақ Астанаға қонған кезде, дәрігердің айтуынша, үш жолаушының да жағдайы жақсы болған.
"Олардың әрқайсысы келіп: "Сізге үлкен рақмет", - деді. Шын мәнінде, қарапайым адамның алғысы өте көп нәрсені білдіреді. Медицинаға мен сияқты көп жылын арнаған дәрігерге бұдан артық ештеңе де қажет емес", - дейді маман.
Қазір Рая Рахимова 73 жаста. Ол әлі де тәжірибесін жалғастырып келеді. Өмірінің басым бөлігін Шығыс Қазақстан облысында өткізген. Балалар және ересектер хирургы болды, урологиямен айналысты және акушерлік қызметті басқарды. Өзі айтқандай, ол әрқашан көмекке келуге дайын.