ПОДЕЛИТЬСЯ
Ерлер мен әйелдерге бірдей мөлшерде бір препарат берілуі мүмкін, бірақ олардың ағзасы емді әртүрлі қабылдауы ықтимал. Биологиялық жыныс дәрі-дәрмектің тиімділігіне және жанама әсер туындау қаупіне ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, әйелдердегі кейбір аурулар жылдар бойы еленбейді, ал физикалық симптомдардың себебі күйзеліс немесе мазасыздықтан делінеді.
Неліктен бұлай? Шынында да, адамның жынысы емдеу әдісін таңдауға, диагноз қоюға әсер ете ме? Неге әйелдерге антибиотик жиі беріледі, бірақ кейбір аурулар оларда ерлерге қарағанда кеш анықталады? Мәселенің мән-жайын Tengri Health тілшісі анықтап көрді.
Дәрігер, MedSupport қоғамдық қорының жетекшісі Ботагөз Қаукенова медицинада науқастың жынысы өте маңызды екенін айтты. Мәселе X пен Y хромосомаларында емес. Ұзақ уақыт бойы медицинада әйел науқастардың ерекшелігі ескерілмей, олардың мәселелері назардан тыс қалған.
"Көп жыл бойы медицина "әдепкі науқас" деп аталатын жас әрі дені сау ер адамды зерттеп келді. Осы бейнеге сәйкес келмейтін нәрсенің бәрі вариация, яғни нормадан ауытқу деп есептелді. Нәтижесінде әйел ағзасы туралы білім салыстырмалы түрде баяу қалыптасты. Кейде бұл жағдай науқастардың өмірін қиды және әлі де бұл нәрсе жалғасып келеді", - дейді ол.
Сәйкессіздік препараттарды әзірлеуден басталады, себебі олардың көпшілігі ұзақ уақыт бойы ерлерге сыналған. Бұрын клиникалық зерттеулерге әйелдер ерлерге қарағанда әлдеқайда сирек қатыстырылған.
Қаукенова бұл жағдай етеккір циклінің "күрделілігіне", гормон ауытқуларына және әлеуметтік себептерге байланысты деп түсіндірілгенін айтады.
Бұған қоса, 1977 жылы талидомидке қатысты қайғылы жағдайдан кейін АҚШ-тың FDA реттеуші органы бала туатын жастағы әйелдерді дәрі-дәрмекті сынаудың бастапқы кезеңіне қатыстырмау туралы шешім қабылдады.
Бұл шектеу 1993 жылы жойылды, бірақ қалыптасқан зерттеу моделі біраз уақытқа дейін сақталып қалды.
"Соның салдарынан көптеген дәрі-дәрмек негізінен ер адамдарға зерттелді, ал әйелдердің үлесі кейде 30 пайызға да жетпеді. Алайда әйелдер мен ерлердің ағзасына дәрі әртүрлі әсер етіп, ағзадан әртүрлі жолмен шығуы мүмкін", - деп түсіндірді спикер.
Ботагөз Қаукенованың сөзін италиялық ғалымдар жақында жүргізген зерттеу растайды.
Бірдей мөлшердегі бір антибиотик ер адам мен әйел адамның ағзасына әртүрлі әсер етуі мүмкін.
2026 жылдың басында италиялық зерттеушілер әртүрлі жыныс өкілдеріне антибиотиктерді қолдану туралы ғылыми жұмыстарды талдаған. Жаңа шолу Expert Opinion on Drug Metabolism & Toxicology журналында жарияланды.
Ғалымдар биологиялық жыныс ағза кейбір антибиотиктерді қалай сіңіретініне, өңдейтініне, тарататынына және шығаратынына әсер етуі мүмкін деген қорытындыға келген. Осыған байланысты препараттың ағзадағы концентрациясы, оның тиімділігі және жанама әсер туындау қаупі әртүрлі болуы мүмкін.
Мақала авторларының айтуынша, гормондар, иммун жүйенің жұмысы және дене құрылымының ерекшеліктері маңызды.
Шолуға сәйкес әйелдердің асқазаны мен ішегінің босау үдерісі әдетте баяу жүреді. Бұл кейбір антибиотиктер сіңуіне әсер етуі ықтимал. Ал ерлерде әдетте асқазан сөлінің секрециясы жоғары болады.
Ғалымдар препаратты енгізудің басқа тәсілдерінде де айырмашылықтар болуы мүмкін екенін айтты. Мысалы, бұлшықетке салған кезде әйелдерде бұлшықет ерекшеліктеріне байланысты антибиотик баяу сіңуі мүмкін.
Препараттың таралуында да айырмашылық бар.
"Әйелдерде орташа есеппен судың, қанның, жасушадан тыс және жасуша ішіндегі сұйықтықтың жалпы көлемі аз болады. Сондай-ақ, ерлерде бұлшықет массасы көбірек болса, әйелдерде көбіне май тінінің үлесі жоғары. Мұның бәрі дәрі-дәрмек ағзаға қалай таралатынына және тіндерде қандай концентрацияға жететініне әсер етуі мүмкін", - деп жазылған материалда.
Бірақ авторлар зерттеу нәтижесі үнемі сәйкес келе бермейтінін, бәрі нақты антибиотикке байланысты екенін де айтқан. Сондықтан барлық препаратты қолданудың бірыңғай ережелері туралы айтуға әлі ерте.
Мұның бәрі әйелдерге антибиотиктің аз дозасын тағайындау керек дегенді білдіре ме?
Клиникалық фармаколог Алуа Ысқақованың пікірінше, мұндай қорытынды жасауға әлі ерте.
"Бір антибиотиктің бірдей дозасы ерлер мен әйелдердің ағзасында дәрі концентрациясы әртүрлі болуына әкеп соғуы мүмкін. Алайда бұл - орташа статистикалық айырмашылықтар. Олар барлық науқаста бірдей байқала бермейді және барлық антибиотикке қатысты емес", - деді сарапшы.
Оның айтуынша, дозаны таңдау кезінде адамның ерекшеліктерін ескеру әлдеқайда маңызды:
"Семіздікке шалдыққан әйел мен дене салмағы қалыпты ер адамды алсақ, салыстыруға келмейтін екі санат. Семіздіктің өзі препараттың фармакокинетикасына, яғни оның сіңуіне, таралуына, метаболизміне және организмнен шығарылуына әсер етеді", - деп түсіндірді дәрігер.
Сондықтан ол емделушілерді тек ерлер мен әйелдер деп бөлу жеткіліксіз деген пікірде. Жынысына қарай бөлуге қарағанда, адам ағзасын ескеріп, дәріні жеке таңдау әлдеқайда маңыздырақ.
Италиялық зерттеушілер анықтаған тағы бір айырмашылық препараттарды тағайындауға қатысты болған.
Шолуда келтірілген мәліметке сәйкес амбулаториялық жағдайда антибиотиктер ерлерге қарағанда әйелдерге шамамен 25-40 пайызға жиі тағайындалады. Өмір бойы бұл айырмашылық 27 пайыз болса, кейбір жас санаттарында 36-40 пайызға жетеді.
Сондай-ақ, әйелдерге препараттардың кейбір түрлері жиі тағайындалады.
"Бұл антибиотиктерді дұрыс қолданбағаннан деген сөз емес. Айырмашылыққа әйелдердің медициналық көмекке жиі жүгінуі немесе жұқпалы ауруларға шалдығуы да әсер етуі мүмкін", - деп түсіндірді авторлар.
Авторлар ерлер сепсис пен пневмонияға жиі шалдығатынын, ал кейбір инфекциялар оларда ауыр өтетінін айтты.
Бірақ кейбір аурулар кезінде қауіп керісінше әйелдерде жоғары болуы мүмкін. Зерттеуде айтылған мәліметке сүйенсек, алтын түсті стафилококк тудырған қан инфекциясы кезінде әйелдердің 90 күн ішінде қайтыс болу қаупі 18 пайызға жоғары болған.
Зерттеушілер әйелдерде дәрі-дәрмекке жағымсыз реакция шамамен екі есе жиі тіркелетінін көрсеткен.
Алуа Ысқақованың айтуынша, дәрінің жанама әсеріне шалдығу қаупі әйелдер мен ерлерде әртүрлі болуы мүмкін.
"Кейбір дәрілер әйелдерде жүрек ырғағы бұзылуы мен аритмия сияқты жанама әсер туындау қаупін арттыруы мүмкін. Бірақ бұл барлық әйелдің дәрі мөлшерін азайту керек деген сөз емес. Дәрігер ем тағайындағанда науқасқа зиян келтірмеуді басты назарда ұстап, оның жағдайы мен тексеріс нәтижелеріне сүйеніп шешім қабылдайды", - дейді Ысқақова.
Дәрігер антибиотикті тағайындар алдында мамандар бүйрек пен бауыр қызметін, дене салмағын, басқа ауруларды, адам басқа препараттарды қабылдап-қабылдамайтынын, жанама әсерлерді бағалайтынын жеткізді.
"Қазір әйелдерге антибиотик дозасын ерлермен салыстырғанда 25-33 пайызға төмендетуді міндеттейтін нақты клиникалық ұсыныстар жоқ. Кейбір антибиотиктерге терапиялық мониторинг бар, ол қандағы препараттың концентрациясын өлшеуге мүмкіндік береді және дозаны жеке таңдауға көмектеседі", - деді Алуа Ысқақова.
Ол жеке медицинаның кілті осыда екеніне сенімді. Емделушінің жынысына сүйеніп, дозаны төмендете салу жеткіліксіз.
Ғалымдар олқылықтардың көбі клиникалық зерттеулерге әйелдер аз қатысуына байланысты екенін айтады:
"Бұл емдеу стратегиялары тиімсіз болуына және дәрілік препараттарға жағымсыз реакция жиілеуіне әкеп соқты".
Әсіресе, бұл бала туатын жастағы әйелдерге қатысты. Зерттеу авторларының сөзінше, жүктілік болуы мүмкін деген қауіп пен дәрінің құрсақтағы балаға әсер ету ықтималдығына байланысты оларды клиникалық зерттеулерге жиі қатыстырмаған.
Шолу дерегіне сүйенсек, дәрілік препараттардың 98 пайыздан астамының жүктілік кезіндегі ағзаға әсері мен қауіпсіздігі туралы жеткілікті мәлімет жоқ.
"Бүгінде әйелдер әлі де клиникалық зерттеулерге толыққанды тартылмай отыр. Салдарынан емдеудің негізгі нәтижелерінің көптеген маңызды аспекті зерттелмейді және бағаланбайды", - деп жазылған шолуда.
Алуа Ысқақова мұндай олқылықтар туындауына дәрі-дәрмектерді әзірлеу мен сынау кезінде созылмалы аурулары жоқ, салмағы 70 келі шамасындағы орта жастағы ер адамның ағзасы негізге алынғаны себеп деген пікірде.
Оның айтуынша, зерттеу авторларының дәрілердің ағзаға сіңуі, таралуы мен сыртқа шығарылуын зерттеуге әйелдер аз қатысатыны туралы тұжырымы бұл мәселеге көбірек көңіл бөлу қажет екенін көрсетеді.
"Қазақстанда фармакология бойынша іргелі білім жас ерекшеліктеріне байланысты айырмашылықтарды қамтиды. Балалар мен егде жастағы емделушілер арасында айырмашылық бар екенін түсінеміз. Бірақ, өкінішке қарай, бізде жыныстық ерекшеліктерге тиісті деңгейде көңіл бөлінбейді".
Маманның айтуынша, шолудың басты түйіні зерттеу жүргізу және дәрілік препараттардың қауіпсіздігін бағалау кезінде биологиялық жынысты ескерудің маңызында. Антибиотикпен емдеу кезінде бұл назарға алынуға тиіс факторлардың бірі болуы мүмкін.
Ботагөз Қаукенованың айтуынша, жыныс диагноз қоюға да әсер етуі мүмкін.
Зерттеу қызық парадоксты көрсетеді. Әйелдерге мазасыздық пен депрессиялық бұзылыстар диагнозы жиі қойылады, бірақ оларда зейін тапшылығы және гиперактивтілік бұзылысы мен аутизмді қосқанда, кейбір нейропсихиатриялық жағдайлар сирек анықталады.
"Бұл ішінара классикалық диагностикалық сипаттамалар ұзақ уақыт бойы ұлдар мен ерлерді бақылауға негізделгеніне байланысты. Әйелдерде бұл жағдайлар басқаша көрініс табуы мүмкін, сондықтан олар ұзақ уақыт бойы байқалмай қалады. Мысалы, аутизмі бар қыздар өз ерекшеліктерін жасыруға бейім. Олар қоғамға қолайлы мінез-құлықты қайталауды үйренеді. Салдарынан аутизм белгілері мамандарға жылдар бойы байқалмай қалуы мүмкін", - деп түсіндірді дәрігер.
Немесе мазасыздық пен депрессиялық бұзылыстар диагнозы үшін көбіне ұлдарда байқалатын гиперактив қолданылады, ал қыздарда бұл зейін қоймау мен ішкі мазасыздық арқылы көрінуі мүмкін.
"Дене белгілерін тек психологиялық себептермен байланыстыру ағзадағы ауруды дер кезінде анықтамауға әкеп соғуы мүмкін", - деп ескертті Қаукенова.
2026 жылғы қазанда жарияланған зерттеу әйелдердің аутоиммун ауруларын психикалық немесе психосоматикалық дертпен шатастыру ерлерге қарағанда жиірек болатынын көрсетті. 6600 науқас қатысқан зерттеуді The Lancet медициналық журналы жариялады.
"Аутоиммун ауруы бар науқастарда бастапқыда себебін анықтау қиын белгілер байқалуы мүмкін. Мұндай жағдайда нақты диагноз қоюға бірнеше ай, тіпті жылдар кетеді", - деп жазылған мақалада.
Салдарынан әйелдер аутоиммун ауруларға қатысты дұрыс диагноз қоюда және ем алуда қиындыққа тап болады.
"Зерттеуге қатысқан әйелдердің 43 пайызы өздерінде байқалған белгілерді дәрігерлер психикалық дертпен шатастырғанын айтқан. Ерлер арасында бұл көрсеткіш 33 пайыз болған. Әйелдер өздерінің денсаулығына қатысты шағымды "психосоматикадан" деп қате бағалаған жағдайлар жиі болғанын да жеткізген", - дейді ғалымдар.
Бір қызығы, басқа да физикалық ауруларға қате диагноз қою әйелдерге қарағанда ерлер арасында жиі кездескен, яғни 48 пайыз.
"Бұл айырмашылықтар ауруды анықтауда бұрыннан қалыптасқан гендерлік көзқарастар әлі де кедергі келтіретінін көрсетеді. Бос байбалам салды деу қазір сирек айтылғанымен, әйелдер өз шағымдары жайдан-жай емес екеніне сендіруде әлі де қиналады. Салдарынан тиісті медициналық көмекке де дер кезінде қол жеткізе алмай жатады", - деді зерттеудің бірлескен авторы Шаиста Таябали.
Зерттеушілер әйелдер медициналық көмекке жиі жүгінетінін, бірақ диагноз қойылғанға дейін симптомдар пайда болғанын ұзақ күтетінін анықтаған. Ерлерге диагноз әдетте үш айдан аз уақыт ішінде қойылса, әйелдерге бір жылдан екі жылға дейін күтуге тура келген.
Кембридж университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау және алғашқы медициналық-санитарлық көмек департаменті мен Шығыс Англия университеті жанындағы Норидж медицина мектебінің докторы Мелани Слоан былай дейді:
"Зерттеу кейде дәрігерлер науқастың шағымын дене ауруынан емес, психологиялық мәселеден деп асығыс қорытынды жасайтынын көрсетті. Бұл ерлерге де, әйелдерге де қатысты. Алайда әйелдер мұндай қате диагнозға жиі ұшырауы мүмкін екені байқалған".
Медицинадағы айырмашылықтар дәрігерлер ерлер мен әйелдердің симптомдарын қалай түсіндіретінінен де көрінеді. Ботагөз Қаукенованың айтуынша, медицина тарихында әйелдердің ауырсынуына көбіне таптаурындар арқылы баға берілген.
"Истерия" атауы гректің hystera, яғни "жатыр" деген сөзінен шыққан. Ұзақ уақыт бойы әйелдердің эмоцияға берілуі мен "еркелігін" түрлі ауру белгілерінің себебі деп түсіндірген. Қазір бұл диагноз медицинада қолданылмайды. Дегенмен оның салдары қоғамда ғана емес, дәрігерлердің науқасқа деген көзқарасынан да байқалады", - дейді спикер.
Оның айтуынша, науқастың шағымына бірден нақты себеп табылмаса, әйелдердің жағдайын мазасыздықпен немесе күйзеліспен байланыстыра салу жиі кездеседі.
Эндометриоз - осындай жағдайдың айқын мысалдарының бірі. Бұл - жатырдың шырышты қабатына ұқсас тін одан тыс жерлерде өсіп, қатты ауырсыну мен бедеулікке әкеп соғуы мүмкін ауру.
ДДСҰ дерегі бойынша бұл дерт репродуктивті жастағы әйелдердің шамамен 10 пайызында кездесетініне қарамастан, көптеген науқаста алғашқы симптомнан диагноз қойылғанға дейінгі жол төрт жылдан 12 жылға дейін созылады.
"Осы уақыт ішінде олар етеккір кезіндегі қатты ауырсыну "қалыпты" екенін және "шыдаса, бәрі басылатынын" жиі естиді", - дейді Ботагөз Қаукенова.
Ол әйелдерде белгілері өзгеше байқалатын миокард инфарктін де мысалға келтіреді.
"Кеудедегі ауырсынудың орнына қатты шаршау, ентігу, жүрек айнуы немесе иек пен арқа ауруы пайда болуы мүмкін. Мұндай симптомдарды тіпті мамандардың өзі инфаркт белгісі ретінде қабылдай бермейді. Сондықтан әйелдерге диагноз кеш қойылып, алғашқы медициналық көмек көрсету кезінде жиі қате шешімдер қабылданады", - деп түсіндірді спикер.
Сонымен қатар, инфарктіні анықтауға арналған зертханалық көрсеткіштер ұзақ уақыт бойы негізінен ер адамдардан алынған дерек бойынша талданды.
"Әйелдерде инфарктіні анықтауға негіз болатын тропонин деңгейі төменірек. Бұл диагноз қоюға әсер етеді. Алайда талдау нәтижесі жүрек бұлшықеті зақымданғанын көрсетуі мүмкін тропониннің шекті деңгейін жынысына қарай ажырату тәжірибесі медицинада кейінгі 10-15 жылда кең қолданыла бастады", - деді Ботагөз Қаукенова.
2026 жылғы қыркүйекте жарияланған жаңа зерттеуге сүйенсек, бірдей диагноз қойылған ерлерге қарағанда әйелдер толыққанды емді сирек алады.
Оның авторлары Шотландиядағы Сент-Эндрюс университетінен. Олар 2018-2023 жылдар аралығындағы 41 ғылыми мақалаға талдау жасаған. Клиникалық жағдайларды талдауға негізделген 38 зерттеудің 33-інде ерлер мен әйелдерді емдеудегі айырмашылық сипатталған.
Әйелдерге кейбір хирургиялық оталар сирек жасалып, олар бауыр трансплантациясына да аз жіберілген. Жүрек-қан тамырлары ауруларын емдегенде оларға көбіне дәрі-дәрмек тағайындалып, инвазивті ем шаралар сирек қолданылған.
Паркинсон ауруына шалдыққан ер адамдарға ауру белгілерін миға электрлік импульс беру арқылы бақылауға көмектесетін арнайы құрылғыларды орнату отасына жиі жолдама берілген.
Зерттеу авторлары бұл айырмашылықтардың себебі әзірге белгісіз екенін айтты. Мұның бір себебі клиникалық зерттеулерге әйелдер аз қатысуы болуы мүмкін.
Ботагөз Қаукенованың айтуынша, мәселе дәрігерлердің ниетінде емес. Ғылым мен инженерияда ер адамның ағзасын ұзақ уақыт бойы негізгі үлгі етіп алған ұстанымның салдары әлі байқалады.
"Ешбір дәрігер науқасқа әдейі зиян келтірмейді немесе олардың шағымын елемеуді көздемейді", - деп түйіндеді ол.
Қазір жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Ғылыми зерттеулерде әйелдер мен ерлер ағзасының айырмашылықтары көбірек ескеріліп, диагноз қою талаптары мен емдеу хаттамалары қайта қаралып жатыр. Әйелдердің анатомиялық ерекшеліктерін ескеретін жаңа инженерлік стандарттар да әзірленіп жатыр. Дегенмен Қаукенова бұл өзгерістерге уақыт қажет екенін айтты.
Оның сөзінше, медицина жүйесі өзгергенше, әйелдердің өздері де осы мәселені білгені маңызды. Кейде диагнозды нақтылап, дұрыс ем алу үшін дәрігерге қайта жүгініп, өз шағымына назар аударуды талап ету - орынсыз алаңдаушылық емес, денсаулықты күтудің бір жолы.
Мәтін: Анжела Ким, Оксана Акулова
Дайындаған: Жансая Қадыржанова